Ақсақал болу – абырой

Бүгінгі жастар салт-дәстүрді дәріптеп, жөн-жоралғыны жоғалтпай жүрсе, ол, әрине, ақсақалдардың жол көрсетуімен, қариялардың ақылымен келген игілік деп түсінуіміз керек. Дала демократиясын дәріптей білген кешегі абыз ақсақалдардың көзіндей болған қариялардан үйренеріміз аз емес. Ауылдағы үлкенді-кішілі мәселені дау-дамайсыз-ақ мәмілеге келтіріп, сол әрекетімен ауыл-елдің ауызбіршілігін, ынтымағын айрандай ұйытып отырған осы қарияларымыз емес пе?!
Иә, жасымыз ұлғайған сайын жауапкершілік сезімі де күшейіп келеді. Ауыл арасында қандай да бір келеңсіздіктер кездессе, соған құдды жөн-жосығын айтып, жол көрсете алмаған өзіміз кінәлі сияқты сезінеміз. Сияқтымыз деп сыпайылық танытудың қажеті жоқ, дұрысы – кінәліміз! Әсіресе, атан түйе сияқты ылғи көпірде таяқ жейтін алдыңғы толқын ағалар...
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегенді жақсы білеміз. Алайда, осы қазынамыздың қадіріне қаншалықты жетіп жүрміз? Әлде ел ішінде қадір тұтатындай қария қалмады ма? Рас, жасы егде тартқанның бәрін бірдей қазыналы қария деуге болмас, дегенмен, әркімнің өзіне лайық сыйы болады емес пе? Бәлкім, бала-шағаның алдындағы сыйымызды өзіміз кетіріп жүрген шығармыз?
Әр сөзі мірдің оғындай нысанаға дөп тиетін батыр Бауыржан Момышұлы жасы егде тартқандарды төртке бөлген екен, шал, қария, ақсақал және абыз деп. Одан әрі өз ойын былай тарқатады. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй- үйді аралап, өсек айтуға әуес адамдарды шал дейді. Ал, өз әулетін шашау шығармай уысында ұстайтындарды қарияға жатқызады. Бір ауылдың жыртығын бүтіндейтін, жоқты бар ететін, жөн-жоралғыны білетін, ауыл-аймақты айрандай ұйытып отыратындарды ақсақал деп атағанымыз абзал дейді Баукең. Ал, төртінші топ өкілдері, әрине, өздерінің келелі ойымен, кесімді пікірімен көпшіліктен дараланып тұратындар болса керек.
Ал, енді, Баукеңнің берген осы бағасына қарап өзіңіздің кім екеніңізді біле беруіңізге болады. Әрине, ел ішінде ақылы асқан абыздар да, әділдіктен таймайтын ақсақалдар да, құрметі ерек қариялар да бар. Ақыр-аяғы Құдай сүймес қылығымен көрінгенге күлкі болып жүрген шалдар да аз емес. Біздің мақсат – шал-шауқанға саусақ шошайтып, шамына тию емес, керісінше жасы келгенде жастарға жол көрсетіп, өздерінің ағалық ақылымен көш бастап жүрген алдыңғы толқын ағалар жайлы айту еді. Мысалы, біздің Жетісай жақта да небір абызға лайық ақсақалдар өтті. Оның бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Ақсақал болып елдің алдына шығу бар да, сол абыройға нұқсан келтірмей алып жүру тағы бар. Біз көбіне осы жағына келгенде сүрініп жатамыз. Бір қателігі үшін бүкіл еңбегі күйдімге кетіп жатқандар да аз емес. Есесіне, қандай сынақ болса да сүрінбей, бәріне байыппен қарап, басалқы айтып жүргендер бар. Өзім жақсы танитын жетісайлық Тойым Жүнісов ағамызды мысалға алайықшы, қаншама жауапты қызметтер атқарды, басшы болды, басшылықта жүріп артынан бір ауыз жаман сөз ерткен емес. Әлі де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүреді. Туралықты, шындықты айтқаны үшін ел құрмет тұтады. Сондай-ақ, іскерлігімен, көпшілдігімен көзге түсіп жүрген Әбдіғаппар Исаев ағамыздың да өзіндік орны бар. Сол сияқты ел құрмет тұтатын, керек кезінде ақыл-кеңестеріне жүгінетін ақсақал, қарияларымыз да арамызда аз емес. Біз соларға қарап бой түзеп, солар сияқты бола алсақ жаман болмаспыз.
Иә, бұл қарама-қайшылыққа толы қым-қиғаш жалған өмір ғой. Бес күндік жалғанда жайлы өмір сүріп, әдемі қартая білгенге не жетсін! Кейде мешіттердің алдында, көше қиылыстарында қайыр сұрап отыратын замандастарды көз шалады. Тағдыры дейміз-ау, сол тағдырды өзіміз емес пе шәт-шәлекейін шығаратын. Әу баста дұрыс тәрбие алып, түзу жолда жүрсек кім сені адал жолыңнан адастырады? Қалай болғанда да оның бәрін өзімізден, қоршаған ортамыздан көруіміз керек.
Әлқисса... Ертеректе бір елдің ханы «қартайған әке-шешелеріңді айдалаға апарып тастаңдар. Ит пен құсқа жем болсын. Кәрі кісілерден ештеңе күтуге болмайды. Олардың қоғамға пайдасы жоқ. Олар бізді ылғи ескілікке жетелейді» дейді. Алайда, бір жігіт әкесін қимайды. Ол әкесін сандыққа салып бағады. Бір күні хан жалындаған жас сарбаздарымен жорыққа шығады. Әлгі жігіттің әкесі баласына: «Сендер жассыңдар ғой. Албыртсыңдар, бір қателік жіберулерің бек мүмкін. Мені де ханға білдірмей алып жүрші» деп өтінеді. Аттанған әскер аяқ асты адасып, жол таппай қалады. Сусыз сайын далаға тіреледі. Барлығының басы қатады. Не істерлерін білмей әбден сасады. Сонан соң жігіт әкесіне барып мән-жайды айтады. Сонда әкесі баласына: «Шөлдеген өгізді жіберіңдер. Өгіз тоқтаған жерді иіскелейді. Кейін қарап тұяғымен тарпиды. Сол жерді қазсаңдар су шығады» дейді. Қарияның айтқанын түгел орындаған хан жасағы пәледен аман-сау құтылады. Бір уақытта жаңағы әскер келе жатып дарияға кездеседі. Қараса дарияның түбінде гауһар жатыр екен. Қасында алып ағаш өсіп тұр. Сарбаздар бірінен соң бірі суға секіреді. Алайда, гауһарды таппай әбден әбігерленеді. Сонда әлгі жігіт әкесіне қайта барып, мән-жайды түсіндіреді. Әкесі: «дарияның жанында не бар?» деп сұрайды. Баласы «үлкен бәйтерек бар» деп жауап қатады. Әкесі баласына «бәйтерек басында ұя жоқ па?» деп сұрайды. Баласы «бар» дейді. Сонда әкесі: «Ендеше, гауһар сол ұяның ішінде жатыр. Соның сәулесі суға түсіп тұр» дейді. Жігіт әкесінен естігенін ханға жеткізеді. Хан бұйрық береді. Жауынгерлер ұяны ашса шынымен де ұяда гауһар тас жатыр екен. Сонда хан жігітке қарап: «бізді екі бірдей тығырықтан шығардың. Бұларды қалай білдің?» дейді. Жігіт бұл ақыл-кеңесті өзінің әкесінің айтқанын баяндайды. Сол кезден бастап қатыгез хан қарияларды сыйлауға пәрмен берген екен.
Иә, жалқының емес, жалпының қамын ойлап жүретін қарияларымыз көп болса екен. Абыздығымен аңызға айналған ақсақалдарымыздың терең тәлімі мен тектілік тәрбиесі ешқашан да үзілмесе екен дейміз.
Жеңіс СЕРІКБАЙҰЛЫ, Мақтаарал ауданының құрметті азаматы.