Дертке дауа дермене

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Нұр-Сұлтан қаласынан әріптесіміз хабарласты. Баласының денесіне әлдеқандай жара шығыпты. Дәрігерлерге қаралған. Дәру таппаған. Содан Түркістан облысында дермене деген шөп өсетінін, оның жазбайтын дерті жоқ екенін естіген.

–Дерменені қайнатып, суына шомылдырыңдар, жара сыпырылып түседі дейді. Бір бумасы болса да салып жібермес пе екенсіз, – дейді өтініп.

–Дермене қазір қат болып тұр ғой. Іздестіріп көрейін, – дедім әріптесімнің көңілін қимай.

Мұндай өтінішті жерге тастауға бола ма? Дереу Арыс қаласындағы әріптеске қоңырау шалдым.

Менің есіме көршіміз түсті. Шаян (қазіргі Бәйдібек) ауданының «Шалдар» кеңшарында тұратынбыз. Әлгі көршіні қатарластары «көксау шал» деп атаушы еді. Сол қария жөтелгенде екі-үш үй әрі тұратын біз ұйықтай алмай шығатынбыз. Бір күні оған емші дермене әкеліп берді. Шөпті келіге салып ұнтақтап, ұнтаққа тағы басқа да дәрілер қосып ішіп отыратынын көрдік. Сол кісіге дермене кәдімгідей ем болды. Біздің де ұйқымыз тынышталып қалды.

«Шалдар» кеңшарында туып-өстік, бала болсақ та білеміз, сол кезде үлкендер жаппай қырдан дермене шабады. Әрине, ол кезде Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» тарихи романын,

ХІХ ғасырдың ортасында өмір сүрген ақын Аполлон Майковтың өлеңдерін, жазушы Морис Симоновтың «Емшан» хикаясын білгеніміз жоқ. Ал, Дулат Исабековтің «Дермене» атты туындысы жетпісінші жылдардың аяғында жарық көрді. Танымал қаламгерлер басқа өсімдіктер емес, неге дерменеге ерекше тоқталды?

Сөйтсек, дермененің шипалық қасиеттері туралы деректер Рим ойшылы Үлкен Плинийдің еңбектерінде кездеседі екен ғой. Ал, орта ғасырда көрнекті араб дәрігері ибн-Байтар еңбектері арқылы медицина ғылымына дермене жусанының дәрілік қасиеті кеңінен танылды. Ертеде арабтар дерменені «киелі шөп» деп те атаған.

Ал, оның дәрілік қасиеті ғылыми тұрғыда 1930 жылы анықталған. Калер және Алемс атты ғалымдар дерменені арнайы зерттеген. Біздің заманымызға дейінгі дәуірлерде дермене жусаны Жерорта, Каспий және Қара теңіз жағалауларында, Орта Азия мен Қазақстан аумағында өскендігі туралы тарихи деректер сақталған. Дермене жусанының ежелгі отаны – Палестина мен Мысыр аймағы деген де жорамал бар.

Калер мен Алемс дермененің дәрулік қасиетін ашып үлгергені сол екен, 1934 жылы Шымкентте неміс капиталистері сантонин зауытын ашуға келеді. Оның негізгі шикізаты – дермене еді. Ал, бұл кезде дермене тек қана Сырдария бойында, Қаратау бөктерінде, Арыс, Сырдария, Бөген, Арыстанды өзендерінің аңғарларында өсетін. Рас, Тәжікстанның аздаған алқабында кездесетін. Құнтты немістер дерменені Германияға алып кетіп, арнайы өсіру үшін көп әуреленген. Алайда, еңбектері еш кетіп, бөгде аймақты жерсінбейтін дермене Еуропа топырағына тамыр жаймай-ақ қояды.

1883 жылы орынборлық көпес Савинковтың қолға алуымен Шымкент қаласында сантонин өндіретін зауыт салынады. Ол жылына көпеске миллион сомнан аса пайда әкеліп тұрған. Сол жылдары сантонин дәрісін Германия, Түркия, Франция, Ресей мемлекеттері сатып алып тұрған. Мәселен, 1913-1919 жылдары Шымкенттен Германияның Гамбург қаласына кетіп жатқан өнімнің әр пұты (1 пұт – 16 келі) 200 сом алтын ақшаға бағаланған екен.

1917 жылғы Қазан төңкерісінен соң да Ресейде түрлі дүрбелеңдер бірінен соңы бірі орын алып тұрғаны белгілі. Сол кезде Томск университетінің студенті Питирим Массагетов дермене туралы ойлана бастайды ғой. Жас студентті тоқсан жылдан бері пайдаланып келе жатқан дермененің ахуалы алаңдатқан еді. Сонымен, Массагетов 1921 жылы үш мың шақырым жол жүріп келгенде не көрді десеңізші. Ол дермене алқабының 400 мың десятина ғана жерді алып жатқанын есептеп шығарады. Дермене Қаратаудың жоталарынан солтүстікке қарай 40 шақырым жерде орналасыпты. Сырдарияның батысына қарай алқап енсізденеді. Батыстағы шекарасы Қызылқұмның құмы. Міне, бар болғаны осы алқапты ғана дермене өсімдігі алып жатыр. Ал, жергілікті тұрғындар киелі шөпті отын ретінде шауып алуда. Осы кезде жас ботаник тұрғындарға В.И.Лениннің дерменені жинау керек деген декреті барын айтады. Осылай дерменені сақтап қалуға тырысқан жас ботаник дерменені өртесе, оның орнына итсигек деген улы шөп шығатынын анықтаған. П.С.Массагетов «Өсімдік әлеміне саяхат» атты кітабында (Алматы. Қайнар. 1988) «Қазақтар өсімдік атаулыны қатты бағалайды, оған өте мән бере қарайды» деп жазды. Ол киелі өсімдікті зерттей келе «Дермене әсемдік пен сұлулықтың үлгісі. Көп жусанның ішінде дермене жусаны әртүрлі боз жылқының арасындағы асыл тұқымы сияқты» деп бағалады.

1917 жылғы төңкерістен кейін Кеңес өкіметі көптеген өндіріс орындарын, соның ішінде Қазақстандағы Риддер, Қарағанды сияқты қалалардағы ірі кәсіпорындарды шетел капиталистерінің қолынан алып қалды. Солардың қатарына Шымкент сантонин зауытын да қосуымызға болады. 1920 жылдың 1 қыркүйегінде Халық Комиссарлары Кеңесі арнайы қаулы шығарды. Осы жылдың 22 қарашасында В.Ленин «Шымкент сантонин зауытын басқаруды ұйымдастыру жөнінде» дейтін Қаулыға қол қойды. Осыдан былай Ф.Дзержинский атындағы фармацевтика зауытында 500-ден астам медициналық препарат шыға бастады.

Ал, зауытқа шикізат өте көп керек еді. Сондықтан, Шымкент облысының Бөген ауданынан «Дермене» арнайы шаруашылығы ұйымдастырылды. Шаруашылық 1950-1991 жылға дейін осы бағытта жұмыс істеді. «Дермене» шаруашылығы КСРО Медицина өнеркәсібі министрлігінің Бүкілодақтық «Союзлекарстрой» бірлестігіне қарады. Шаруашылық жылына 1000 тоннадан астам өнім дайындады. Өнім Ташкент, Баку, Қазан, Житомир қалаларына жөнелтіліп тұрды. Шаруашылық бір бағытта ғана жұмыс істемеу үшін мия, меңдуана, сана секілді дәрілік өсімдіктерді де жерсіндірді. Сонымен бірге Түркіменстанда өсетін Рихтер сораңы, Тәжікстандағы унгерн, Өзбекстандағы інжір топырағы сол маңнан жиналып, бір жерге жинақталып, Шымкент фармацевтика зауытына тапсырылып тұрды. Дәрілік өсімдік өсіретін, жинайтын шаруашылық республика бойынша жалғыз, дара еді. Мұнда 12 түрлі өсімдік дайындалды. Шикізаттарын, өнімдерін зерттеуден өткізетін аналитикалық лабораториясы кеңшардың фармацевтика саласына жақсы маманданғанының бір көрінісі еді.

1991 жылы Қазақстанда өсетін өсімдіктердің сирек кездесетін бағалы түрлерін қорғау, бұрынғы қорын қалпына келтіру, экологиялық ахуалды сауықтыру мақсатында шағын ботаникалық қорықтар ұйымдастырылды. Елімізде жалпы аумағы 217 мың гектар болатын ботаникалық қорық бар. Оның 16-сы Түркістан облысында. Қазір «Ақдала» қорығында – 3000 гектар , «Задария» (Арыс) қорығында – 8000 гектар, Бөржарда (Ордабасы) 1400 гектар, Темірде (Отырар) – 4000 гектар, Шалдарда – 2600, Жамбылда (Бәйдібек) 8600 гектар дермене өсетін алқап бар. Әйткенмен, осы бір дәрілік шөп бүгінде мал тұяғының астында қалып, құрып бітуге таяу. Арыс–Түркістан каналының айналасында бүгінде жоңышқа, жүгері, қауын-қарбыз өседі. Қызыл мияны болса да Қытай асырдық. Кезінде «Химфарм» зауыты қазіргі медицинада дермене препаратына балама дәрі табылғандықтан, оны шығаруды тоқтатқан. Дегенмен, осы аймақта дәрілік шөптерді қорғау жөнінде қозғалыс өмірге келіп, бүгінде ол түрлі қоғамдық пікірлердің тақырыбына айналған.

 

МАМАНДАР НЕ ДЕЙДІ?

Әсел ҚОЖАҒАППАРОВА, «Зерде – Фито» ЖШС табиғи фитошай дайындау бөлімінің меңгерушісі:

– Дермене жусаны – (ArtemislasiIna – цитварная полынь) қошқаргүлдер тұқымдасының жусандар туысына жататын көпжылдық жартылай бұталы өсімдік. Дүние жүзінде жусанның 500-дей түрі бар. Оның 81-і – Қазақстан жерінде. Дермене елімізде шағын алқапта өсетіндіктен әрі сирек кездесетіндіктен Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген. Демікпе, бронхит, қабыну ауруларын емдеу үшін дермене тұқымын ұнтақтап, жарты литр қайнаған суға салып демдейді. Күніне үш реттен отыз грамнан ішеді. Сонда ауру адам тез сауығады. Дермене тұқымын мейізбен қосып, жаншып араластырып пайдаланса, өкпе ауруына бірден-бір ем.

 

Тәттібек ЖАРҚЫНБЕКОВ, халық емшісі:

– Дермененің қасиетін жергілікті тұрғындар өткен ғасырларда-ақ жақсы білген. Қарап тұрсаңыз, мал оты көп өрістен гөрі дерменесі бар тақыр жерге қарай жиі шұбырады. Өйткені, оған жайылған малдың ақсаған аяғы жазылған, тұзқабық, қотыр шығу сияқты кеселдерден сап тиылған. Денесіне шыр бітпейтін мал дерменелі өріске жайылса, тез қоңданады. Дермене іш құрылысы ауруларына, әсіресе ішек құртын түсіруге таптырмас ем. Біз оны халықтық емде жиі қолданамыз. Римнің белгілі дәрігері Помицерус жусанды ас қорытуды жақсартуға, денені қыздыруға пайдаланған. Ибн Сина жусанды тік ішек ауруларын емдеуге, қайнатылған күріш пен жусанды балға араластырып, іштегі құрттарды түсіруге және тамақтан улануға қарсы ем ретінде қолданыпты. Халық емшілері құяңмен сырқаттанған жанның белін күнжіт майы немесе керосинге қосылған дермене тұнбасымен емдеген.

 

Иә, белгілі маман мен халық емшісі осылай дейді. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі С.Әдекенов бастаған ғалымдар Орталық Қазақстанда өсетін тықыр жусаннан қатерлі ісік ауруына қарсы дәрі жасап шығардық деп мәлімдеді. Шымкенттегі Н.Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінің оныншы сынып оқушысы да осы салада ізденістер жасап жүргенін кезінде жазғанбыз.

Ендеше, дертке дауа дерменені қолдан құртып, қарап отыра береміз бе? Күні ертең жусанның осы бір түрінен тағы бір емдік шипа табылып жатса (мәселен, әлемді тітіркендіріп тұрған коронавирусқа қарсы) оны таба алмай, жер шұқып қалмаймыз ба? Біздіңше, дермене, қызыл мия, ермен, тағы басқа шөптерді өсіретін арнайы шаруашылықтар әлі-ақ ашылатын сияқты. «Ермен жеген ел өлмес» деген мәтелге сүйенсек, осы дәрілік өсімдік ішінде жүргендер сырқатқа бой берер ме?! Екіншіден, жергілікті тұрғындар жұмыс тауып, нәпақасын туған жердің жусанынан тауып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! Иә, жоқтан бар жасау қиын, ал, барды ұқсата білу – бұл өнер!

Айтпақшы, Нұр-Сұлтан қаласындағы әріптес алғыс айтып, хат жолдапты. Баласы көптен күмәнді еткен кеселден құлан-таза айығыпты!

 

 

5 пікір

  • Бақытгүл
    Бақытгүл

    Салематсыздарма,4айлық балама куклюш жөтеліне қалай пайдаланған дұрыс? Көмектесіңіздерші өтініш. 87025750112

  • Даулет
    Даулет

    Сол Дермене ауылында тұрамын. Дермене шөбі керек болса тауып беремін. 87713266677

  • Маусымжан
    Маусымжан

    Дермене өкпе ауыруына( туберкулез) Бірден бір ем, таңда аш қарынға шай қасықтың ұшымен аз мөлшерде балға араластырып жеу керек 2 сағатқа дейін ештеңе ішіп жемеген дұрыс Бір шай қасығын аш қарынға 200 грамм суға шай қылып демдеп ішседе болады.

  • Батырбаева Нурбану
    Батырбаева Нурбану

    Ия, мен бұл шөптік дәріні пайдаланып жүрмін. Ішек құртқа,бірақ тамақтан алдын не тамақтан соң екенін білмей жатырмын.

  • Динара
    Динара

    Ішу мөлшерін қалай білеміз?

Пікір қалдырыңыз