ҚАЗІР АРҚАНЫ КЕҢГЕ САЛАТЫН УАҚЫТ ЕМЕС
Кейбір өңірлердегі ахуалдың асқынып тұрғанын ескерсек, босаңсуға әлі ертерек сияқты.
Бүгін Мемлекет басшысы төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында індеттің тарау қаупінің біршама сейілгенін ескеріп, төтенше жағдай режимінің тоқтылғанын хабарлады. Дегенмен, бұл карантиндік шектеулер түбегейлі алынып тасталды деген сөз емес. Кейбір өңірлердегі ахуалдың асқынып тұрғанын ескерсек, босаңсуға әлі ертерек сияқты. Әсіресе, үлкен мегаполистердегі жағдай әлі де алаңдатарлық күйде. Оңтүстік аймақтарда да ауруды жұқтыру көрсеткіші жоғары. Сондықтан арқаны кеңге салмай, әлі де болса, сақтық шараларын қатаң ұстанғанымыз абзал.
Әрине, екі айға созылған карантиндік шектеулер біраз адамның тұрмыстық ахуалын қиындатқаны рас. Әсіресе, шағын кәсіпкерлік, сауда-саттық салаларында жұмыс істейтіндер күнделікті кірісінен қағылды. Алайда, мемлекет осындай қиын шақта қаржыдан қысылып, тұрмысы кері кеткен отандастарымыздан сырт айналған жоқ. Қиналған жұртқа қол ұшын созып, қаржылау демеу көрсетті. Бұл көмек әлі де жалғаса түспек. Дегенмен, ешнәрсеге алаңдамай, шектеусіз өмір сүруді қаласақ, талапқа бағынып, сақтық шараларына барынша мән бергеніміз жөн.
СЕЙІТМҰРАТ СҮЛЕЙМЕНОВ,
ҚР ҰҚК-нің ардагері,
Түркістан облысы.