СЭС-те сес болса...

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».
Сән салондарына деген сұраныстың артуы – елдің әлеуметтік жағдайының біршама жақсарғанын білдірсе керек. Қазір бұрынғыдай емес, әр адым сайын шаш сәндеп, бет әрлеп беретін арнайы орындар бар. Әрине, бар болғаны жақсы, бірақ сол қызмет көрсету орталықтарындағы тазалық талап үдесінен шыға ма? Мәселе осында!
Түркістан облысы бойынша ресми тіркеуде тұрған 236 сұлулық салоны мен шаштараз бар. Ал, Шымкент қаласында мұндай орындар алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге артып, бүгінде оның саны екі жүзге жуықтаған. Біздіңше, олардың саны мұнан да көп. Өңір тұрғындарының тең жартысы нәзік жандылар десек, олардың әрбірі айына кемі бір рет шеберлердің қызметіне жүгінеді. Арамызда апта сайын салон жағалайтын сылқымдардың көп екенін ескерсек, бұл тұтынушылар санын еселей түседі. Бұл тізімге сәнденуге ерекше мән беретін ер азаматтарды да қосыңыз.
Міне, осынша адамның бәрі бірдей тазалық талаптарын сақтап жүруі мүмкін бе? Оның үстіне шаштың қиындысы мен беттің жуындысы араласып жататын жер, артық айтқандық емес, тазалық сақтауды екі есе артық керек етеді. Ал, біздегі кейбір сән салондарын көз алдыңызға елестетіп көріңізші, аядай бөлмеде адамдар бірінен соң бірі келіп, бас жуғызып, қас жұлдырып, тырнақ сүйірлеп, бет боятып жатады. Оған татуаж жасатып, құлақ тестіретіндерді қосыңыз. Негізі талап бойынша, мұның бәрі жарық жақсы түсетін кең де жылы бөлмеде, өте сақтықпен атқарылуы тиіс. Өйткені, көпшіліктің арасында әртүрлі адам болғандықтан, мұнда келгендер де ойламаған жерден ауру жұқтырып шығуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.
Иә, қоғамдық қызмет көрсету орталықтарының тазалығына байланысты бізге арыз-шағым айтып келетіндер аз емес. Бәрі де тазалық болса, тәртіп орнаса дейді. Бірақ, ауызша айтқанымен, тұтынушы ретінде өз құқығын талап етіп, тиісті орындарға арыздануға құлықсыз. Ал, жазбаша арыз болмаған соң жеке кәсіпкерлердің жұмысына араласып, cалақтығын көрсетіп, салғырттығын әшкерелеу – заңға томпақ келеді. Содан да көпшілігі ақша үнемдеу үшін бір реттік бұйымдарды бірнеше адамға қолданып жатады. Егер бұл қас, көз, ерінге не денеге татуаж жасайтын ине болса ше? Олардың бәрі тазалықты, тиісті санитарлық нұсқаулықты сақтап жүр дегенге сенесіз бе?
Өткен жылы Түркістан облысы бойынша екі сән салонының үстінен арыз түскен. Бірі – Түркістан қаласынан, екіншісі – Сарыағаш ауданынан. «Салоннан кейін өзімді жайсыз сезіне бастадым, – дейді аты-жөнін көрсетпеуімізді өтінген тұтынушы. – Көп ұзамай денеме қызыл бөртпе пайда болды. Алдымен арыз-шағым айтып, сән салонының иесіне бардым. Жеке кәсіпкер бет бақтырмаған соң Түркістан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапа және қауіпсіздігін бақылау департаментіне арыздандым».
Кейіннен белгілі болғандай, Сарыағаш қаласындағы сұлулық салонында санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталмағаны анықталып, кәсіпкер мемлекетке 37 875 теңге айыппұл төлепті.
Бұл тек арыз түскендері ғана, бұдан басқа жауапсыздықтың зардабын тартса да «ел мені бәлеқор деп ойлап қала ма?» деп іштен тынып жүргендері қаншама?!
Мамандардың айтуынша, мұндай орындар аса қауіпті саналатын аурулардың ошағы болып табылады. Өйткені, көбіне маникюр жасайтын құрал-саймандар дезинфекцияланбайды. Көзіңше спиртпен сүрткенситіндер немесе суға шая салатындар бар. Спиртпен бір сүрткеннен АИТВ жұқпасының немесе өзге де жұқпалы аурулардың қоздырғышы жойылуы мүмкін емес. «Бұған тек салон қызметкерлері ғана емес, тиісті құжаттарды талап етпейтін тұтынушылардың өздері де кінәлі. Сондықтан салон қызметіне жүгінбес бұрын олардан тиісті құжаттарды талап етіңіз» дейді Шымкент қалалық түтынушылар мен көрсетілетін қызметтің сапа және қауіпсіздік департаментінің бас маманы Айдана Керімқұлова.
Санитарлық ережелерге сәйкес, сұлулық салондарының мамандары міндетті түрде жылына бір рет вирустық В және С гепатитіне тексеруден өтуі тиіс. Бірақ, оған да мән беріп жатқан ешкім жоқ. Мәселен, сіз баратын салонда шеберлердің медициналық кітапшасы бар ма, сіз оны сұрадыңыз ба? Жұмыс беруші, Сіз ше, жұмыс сұрап келген шеберден медициналық кітапша талап еттіңіз бе? ҚР ҰЭМ 2015 жылғы 3 наурыздағы «Коммуналдық мақсаттағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы №183 бұйрығы негізінде жасалған ресми құжатта парфюмерлік-косметикалық өнімдердің және шашты, тырнақты, теріні күту құралдарын қолдану, сақтау және келушілерге өткізу қолданылатын өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттары болған жағдайда ғана жүргізілетіні тайға таңба басқандай көрсетілген. Бірақ, оны керек етіп, сұрап жатқан ешкім жоқ. Жауапты мекемелер арыз-шағымсыз жеке кәсіпкердің жұмысына араласа алмайтынын алға тартса, тұтынушы сақтық шараларын басына іс түскеннен кейін ғана ойлап, байбалам салып жатады. Сондықтан денсаулық керек пе, зардап тартқыңыз келмей ме, салондардан тиісті құжат талап етіңіз, құрметті тұтынушы!
Құжат демекші, бізде тіпті өздерінің жұмыс бастағанын жасырып, тиісті органдарға тіркелуді керек етпейтін де кәсіпкерлер кездеседі. Түркістан қаласы, Тәуке хан даңғылы бойындағы шаштараздың ашылғанына да жарты жылға жуықтайды. Бірақ, ақша табуды тәп-тәуір меңгергенімен, тіркелуге келгенде бәрін ұмытып кететін мекеме басшылығы жұмысын алаңсыз атқара берер ме еді, егер үстінен арыз түспегенде. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабы 1-тармағына сай тiркеусiз, рұқсатсыз жұмыс бастағаны үшін ол мекеменің ісі сотқа өтіп, 44 000 теңге айыппұл салынды.
Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, тұтынушы тарапынан түскен екі арыз да өз дәлелін тауып, кәсіпкерлер тиісті жауапқа тартылған. Демек, арыз түскенін күтпей-ақ арнайы рейд ұйымдастырылса, әсемдік салондарындағы санитарлық ахуал ұдайы тексеріліп отырса, небір келеңсіздіктердің алдын алар едік қой.
Рас, бұрындары қоғамдық маңызы бар мәселелер тиісті органдардың назарынан тыс қалмайтын. Әсіресе, тазалық пен талапқа жауапты санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасындағылардың құзіреті күшті-тұғын. «СЭС тексеріпті, жаптырып тастапты» деген сұсты әңгімелерді жиі еститін едік. Бүгінде олардың да қызметі біршама шектелген. Оған бір кездері бей-берекет тексеру көбейіп, мәселе «бармақ басты, көз қыстымен» шешіліп кете берген соң, кәсіпкерлердің араша сұрап, арыз жазғаны да себеп болған шығар. Бірақ, түрлі аурулардың асқынып, қаншама адамның зардап шегіп жүргенін ойлағанда, бұрынғыдай «СЭС-те тазалықты талап ете алатындай, тыңдамағандарды тәубесіне түсіріп қоятындай сес болу керек екен-ау» деген ой келеді.
Ал, сіз қалай ойлайсыз?..