Жақсылық жасау жас таңдамайды

ҚР Президенті Қ.Тоқаев қазақтың асар дәстүрі волонтерлікпен үндесетінін, сол себепті бабалардан қалған жолды заманға сай жаңғырту қажет екенін мәлімдеген болатын.
Осы мақсатта Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығы «Жанға жылу» қайырымдылық акциясын тұрақты түрде ұйымдастыруды қолға алды. Көмекке мұқтаж алғашқы 50 отбасыға 27 қаңтардан бастап азық-түлік себеттері таратылды. Атап айтқанда, тұрмыста көп тұтынатын ұн, қант, май, макарон, қарақұмық, шай, күлше, түрлі тәттілер, сондай-ақ әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына демеушілердің көмегімен киім-кешек үлестірілді.
Қайырымдылық акциясына алғаш атсалысқандар қатарында кәсіпкерлер, ерікті жастар, қалалық жастар мәслихатының мүшелері мен танымал өнер жұлдыздары болды. Атап айтқанда, акцияға Шымкент қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Ж.Қалтаев, Жастар ресурстық орталығының басшысы Б.Молдабеков, «Bal Tekstil» кілем фабрикасының құрылтайшысы Бағдат Талғатұлы, «Х-фактор» ән байқауының жеңімпазы Астана Қарғабай, әнші, актер Бағлан Жолдасов, вайнер, жастар мәслиxатының депупаты Зарина Нұржанова, жастар мәслиxатының депутаты Ақтолқын Бұxарбай, «The voice Kz» ән байқауының финалисі Жұлдыз Намаз және «Sulu models» модельдік агенттігі өкілдері мен ерікті жастар қатысты.
Акцияға қатысушылар кәсіпкерлерді, өнер азаматтарын және қоғам белсенділерін, барша игі ниетті азаматтарды жастар бастамасын барынша қолдауға шақырды.
«Оңтүстік»-ақпарат.