Тышқан – тыныштықтың жылы

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Шығыс күнтізбесі мен қазақша жыл қайыруда жыл басында Тышқан тұрғанын бәріміз білеміз. Аңыз бойынша жануарлар жиналып, жыл атына ие болуға таласқан. Сонда Тышқан тұрып: «Дауласатын дәнеңе жоқ. Таңертең бәріміз шығып келе жатқан күнді аңдимыз. Сонда күннің көтеріліп келе жатқанын кім бірінші көрсе, сол бірінші жылдың, одан кейін көргеніміз екінші жылдың атын аламыз. Осылай өз кезегімізбен барлық жылды бөліп аламыз» депті. Таңертең титтей тіршілік иесі Тышқан Түйенің құлағына шығып алып, атып келе жатқан таңды бірінші көреді. Осылай Тышқан жыл басы болып есептеледі.

Жыл санау туралы деректер VІІ ғасырдағы «Күлтегін» ескерткіштері мен ХІ ғасырда өмір сүрген Махмұт Қашқаридің еңбектерінде де кездеседі. Ал, осыдан V ғасыр бұрын жазылған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты кітабында мүшел жыл белгілерінің ерекшеліктеріне қарай адам мінездері сипатталған. Өтейбойдақ жазбасына сүйенсек, Тышқан жылы туғандар мынадай сипатқа ие. «Сумақы (Тышқан). Мүшелдік жыл сумақыда жымысқы қулық, күндіз үйкүшік, әшкере харакеті аз, түнде жасырмалы харакеті көп, суыққолдығы мен қарақшылық жегіштігі мол» дей келе біраз дәулет жинағыштығы да сөз болады.

Жалпы, қазақтар Тышқан жылын береке, ырыс, татулық пен тыныштық жылы деп санаған. Халықтың бұл сенімі көп жағдайда дәл келіп отырған. Шынында да, Тышқан жылында қиыншылық, жаугершілік көп болмаған. Тышқан жылының мыңдаған жылдық тарихына назар аударсақ, оның көп жылы аштықсыз, жаугершіліксіз, қиындықсыз молшылықта өткен.

Тышқан жылының басты ерекшелігі сол, алғашқы Қазақ Ордасы 1456 – Тышқан жылы құрылған. Қанжығалы Бөгенбай батыр 1684 – Тышқан жылы туған. Үнді елі Тышқанды киелі санайды. Сондықтан Кашмир штатында Карни Мати деген храм тұрғызған. Француздар Полинезияда ядролық қаруды сынақтан өткізгенде барлық тіршілік иесі қырылып қалғанда көртышқандар ғана аман қалыпты. Бұл тышқанның тіршіліктің қандай жағдайына болса да бейімділігін көрсетеді. Ғалымдар  егеуқұйрықтардың қоғамшылдығына қатты таңырқаған көрінеді. Олар бір-біріне жанашыр болатыны сондай, жаралысын жолға тастамайды екен. Жауынан бірге қорғанған. Тамақ табуда да тобы ыдырамаған.

Астролог мамандар Тышқан жылы туғандарға қандай  мінездеме береді? Енді соған тоқталайық. Олардың мінезі тік, алғыр, бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін мол жауапкершілікке ие. Ал, жаман мінездері – қызғаншақ, шыдамсыз, үрейге берілген.

Астролог мамандар Тышқан жылы туғандарды былайша да мінездейді: «Әділ, кең пейілді, жомарт жүректі және өз-өзін басқара біледі. Әркіммен тіл табыса білетін қасиетінің арқасында таныстары жетерлік. Бірақ, нағыз досқа мұқтаж. Ақыл-ой жағынан алып бара жатқан ерекшелігі болмағанымен, алға қойған мақсатына жетпей тынбайтынына көпшілік тәнті. Үсті-басын таза ұстап, сергек жүреді. Думан-тойлардан, ырду-дырдудан бойын аулақ салуға тырысады. Мінезі – тәкаппар, сәл нәрсеге өкпелегіш. Олардан жақсы саудагер, жазушы, сыншы және публицист шығуы мүмкін».

Ал, қазақстандық нумерологтар 2020 жылдың табысты болатынын болжап отыр. Мәселен, белгілі нумеролог Құралай Бақытқызының айтуынша, келер жылдың басты саны 4 екен. «Төрт – төзімділікке, шыдамдылыққа, еңбекқорлыққа жауап беретін сан. Адамдар өз денсаулықтарына мән беріп, оны жақсартуға ұмтылады. Сауықтыру орталықтары, медициналық мекемелер көптеп салынуы мүмкін. Бұдан бөлек, тұрмысы төмен азаматтардың баспана мәселесі шешіледі. Әлеуметтік жағдайы төмен халыққа тұрғын үй бағдарламалары ұсынылып, шетелдік инвесторлар көп үй тұрғызады. Қазақстандықтардың еңбекке деген құлшынысы оянады. Бірнеше жұмысты қатар істеуі мүмкін. Халықтың табысы қатты өспегенмен, әр адам өзі тырмысып, еңбектенеді» дейді Құралай.

Иә, Тышқан жылы тыныштығымен келгей! Тышқан тапқан-таянғанын ініне таси беретін еңбекқор тіршілік иесі ғой. Біздің де қамбамыз астыққа, байлыққа толы болғай!

 

1 пікір

  • Абдугали Ақнұр
    Абдугали Ақнұр

    Бұған сенер сенбесімді білмеймін

Пікір қалдырыңыз