ЖҮРГІЗУШІЛЕРДІҢ 288 МИЛЛИОН ТЕҢГЕСІ БЮДЖЕТКЕ ҚҰЙЫЛДЫ

Жыл басынан бері қалалық полиция басқармасының ЖПҚ қызметкерлері 67 959 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған.

Түркістан облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция басқармасы мен Түркістан қаласы полиция басқармасы бірігіп, жол қауіпсіздігінің  алдын алу, жүргізушілердің жол жүру ережелерін сақтауы, сондай-ақ қала көшелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар өткізді.

            Полиция қызметкерлері облыс орталығының барлық көшелерінде патрульдеу жұмыстарын жүргізіп, автокөлік иелері мен басқа да жол қозғалысына қатысушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мәселен, Түркістан қаласы көшелерінің бірінде полицейлер "аялдамаға тыйым салынған" деген белгі соғылған бірнеше автокөлік жүргізушілерін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Жол ережесін бұзғаны үшін тәртіп сақшылары тәртіп бұзушыларға қатысты электрондық форматта әкімшілік хаттама толтырды.

              Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері қалалық полиция басқармасының ЖПҚ қызметкерлері 67 959 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған. Оның 5435-і қоғамдық орындарда жасалса, 62 524-і жол ережелерін бұзғандар. Мәселен, тәртіп сақшылары көлікті мас күйінде басқарған 321 жүргізуші мен қарсы бағытқа жүрген 154 жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Сонымен қатар, сот шешімімен 484 жүргізуші автокөлікті басқару құқығынан айырылса, полицейлер заңды бұзған 4979 жүргізушінің автокөлігін айып тұрағына қойған. Құқық бұзушыларға қатысты полиция қызметкерлері шамамен 380 миллион теңгеге әкімшілік айыппұл салса, оның 288 миллион теңгеден астамы бюджетке өндірілген.

             Түркістан облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ұлықбек Мылтықовтың айтуынша, аталған іс-шаралар автокөлік жүргізушілерінің назарын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды анықтауға бағытталған.

                 «Оңтүстік»-ақпарат.

Пікір қалдырыңыз