Тұрғындарға зор қуаныш сыйлады

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы «Nur Otan» партиясының ХVIII съезінде ел Үкіметіне ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында «Ауыл — ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырғаны белгілі. Елбасы өз сөзінде: «Ең алдымен Үкімет әкімдермен және мәслихаттармен бірлесіп келешегі зор ауылдарды таңдап, әлеуметтік саланы дамытсын. Біз ауылдың әл-ауқатын өсіріп және дамыған ортаға айналдыруымыз керек. Халықтың ауылда еңбек етіп және өмір сүруге әлеуеті жетеді» деп нақтылады.
Тәуелсіздік жылдары ауыл шаруашылығы өнімі бойынша табысын тасқындата түскен Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылының тұрғындары достық пен ынтымақтастықтың мызғымас үлгісін көрсетіп келеді. Сонымен қатар ел ақсақалдары, білікті қариялар Елбасының Үкіметке ұсынған «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының мән-мақсатын ауыл тұрғындарына түсіндіруге атсалысты. Ауылдың әл-ауқатын өсіруге бағытталған жобаның аясында ауыл тұрғындарымен бірлесе отырып, осындағы жол қатынасының нашарлығын, мектеп оқушылары түгілі, ересек кісілердің жүруіне ыңғайсыз, қолайсыз жайларды көрсете отырып, жауапты мекеме – Сайрам аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне өтініш хат түсірді.
Бұл өтінішке түсіністікпен қараған бөлім басшысы Баймырза Бейсенбаев ауылға арнайы ат басын бұрып, хатта айтылған жағдайлармен танысты. «Болар істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, өтініш хатты депутаттық сауалнама ретінде қабылдаған аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Батырбек Зиятаев бұған іспен жауап беруге атсалысатынын айтты.
Сонымен жүргізілетін жұмыстың жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Тәртіп бойынша өткізілген мемлекеттік сатып алу конкурсында бюджеттен қаржы қарастырылды. Тендерде Сайрам аудандық мәслихатының депутаты Батырбек Зиятаев басшылық ететін «Теміртас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз болып танылды.
Осылайша ауыл тұрғындарының өтінішін орындау мақсатында Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылындағы Абай–1 және Абай-2 көшелерін жөндеу жұмысы басталып кетті. Бұдан бұрын мүлде асфальт төселмеген, автокөлік қатынасы тұрғай, жаяу жүрудің өзі қиындық тудырған ауыл көшесі жандана түсті. Бүгінде Қарабұлақ ауылындағы аталған көшелер толығымен жөндеуден өтті.
Өзіміз сүйіп оқитын, биыл 95 жылдық мерейтойын атап өткен «Оңтүстік Қазақстан» газеті арқылы ауыл тұрғындарының осы қуанышын көппен бөліскіміз келді. Сонымен қатар, біздің аманатымызды орындауда азаматтық танытқан Сайрам аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Баймырза Бейсенбаевқа, аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Батырбек Зиятаевқа, жол құрылысы саласы инженерлеріне, ауқымды жұмысты бірге атқарған серіктестіктің ұжымына шексіз алғысымызды білдіреміз.
Оларды алдағы қос мереке 16 желтоқсан –Тәуелсіздік күні және Жаңа жылмен шын жүректен құттықтап, ел игілігі мен болашағы жолында жасаған еңбектері жетістіктерге жетелей берсін деген тілек айтамыз.
Баршаңыздың үйіңізде тек жақсылық болсын!
Көше тұрғындары атынан Худайберген Рустамбеков, Нуриддин Қасымбеков, Убайдулла Убаев, кәсіпкер Учқун Халжалилов.