Әлеуметтік қызметтер порталы

«Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз».
(ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан).
Әлеуметтік қызметтер порталы дегеніміз не?
Мақаламызды осы сұраққа жауап беруден бастағанды жөн көріп отырмыз. Әлеуметтік қызметтер порталы — бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қызметтер мен техникалық оңалту құралдарын дербес сатып алуға мүмкіндік беретін автоматтандырылған жүйе.
Ал, енді портал не үшін енгізілді? Портал мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлылық тудыру үшін және ұсынылатын қызметтердің, сондай-ақ техникалық оңалту құралдарының сапасын жақсарту үшін енгізіліп отыр. Мамандардың пікіріне сүйенсек, бұл болашақта өзін-өзі ақтайды. Жасыратыны жоқ, қазір техникалық оңалту құралдарына (ТОҚ) қол жеткізу өте қиын. Оның үстіне әлеуметтік қызметтер уақтылы ұсынылмайды. Осылайша, мемлекеттік сатып алу ресімдерінің тым ұзаққа созылып кетуі мүмкіндігі шектеулі жандардың өзін сандалтып жібереді. Атап айтқанда, оңалту құралдары мен қызметтерді ұсыну мерзімі мүгедектік алған кезден бастап 8 айға, тіпті жылға дейін созылып кететін жағдайлар ұшырасты. Ал, мемлекеттік тапсырыссыз мұндай заттардың бірі де босатылмайды. Онсыз зат алу заңға томпақ. Бұл өз кезегінде техникалық оңалту құралдары мен әлеуметтік қызметтерге деген қажеттілікті есепке алудың кезектілігі мен жүйенің толық жетілдірілмегенін айқын көрсетіп берді. Себебі, мұндай есепке алу жекелеген өңірлерде ақпараттық жүйелерден тыс жүргізілді. Осындай олқылықтардың барлығы есеп-қисаптың айқындылығына кері әсерін тигізді. Оның үстіне оңалту құралдары мен қызметтер жаппай біркелкі техникалық тапсырыспен мемлекеттік сатып алу үдерісі арқылы алынатындықтан, тауарлардың бірқатары мүмкіндігі шектеулі жандардың жеке қажеттілігіне сай келмей қалып жатты. Өйткені, мемлекеттік сатып алулар «жаппай» пайдаланушыларға арналған. Оған мысалға қоларбаларды алсақ та жеткілікті. Сондай-ақ, нарықтағы өнім берушілер арасындағы бәсекелестіктің аздығынан монополистікке еріксіз жол берілді. Демек, олардың сататын техникалық оңалту құралдары мен қызметтерінің сапасы күрт төмендеді. Жоғарыда аталған жәйттерді ескеріп, проблемалық мәселелерді реттеу мақсатында
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келесі 2020 жылдан бастап әлеуметтік қызметтер порталын енгізуде. Жалпы, портал техникалық оңалту құралдары мен қызметтерді мемлекеттік сатып алу мерзімдерін мейлінше қысқартуға және олардың сапасын арттыруға бағытталған. Естеріңізде болса, еліміздің Ұлттық жоспарында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында «Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу туралы нақты тапсырма берілген болатын.
Портал мүгедектігі бар адамдардың жеткізушілермен тікелей өзара іс-қимылы мен әлеуметтік қызметтердің бірыңғай цифрлық алаңына айналады. Порталдың концепциясы бойынша мүмкіндігі шектеулі жандар тауар және қызмет жеткізушілермен делдалдарсыз тікелей араласады. Ең бастысы, нарықтағы жеткізушілер арасында монополистікті жойып, тең мүмкіндіктер пайда болады. Бәсекелестік анағұрлым артады. Мүмкіндігі шектеулі тұлғалар жеткізушілердің ұсынғанын емес, оңалту құралдары мен қызметтерін енді өздері таңдай алады. Былайша айтқанда, порталды енгізу нәтижесінде тауарларға үлкен таңдау жасауға, оңалту құралдары мен қызметтер нарығына теңдей қолжетімділікті қамтамасыз етуге даңғыл жол ашылады. Мемлекеттік қызметтер оңтайландырылып, жүйе автоматтандырылады. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жойып, қызмет көрсету сапасының мониторингін жасау күшейеді.
Өңірде қанша мүмкіндігі шектеулі жан бар?
Еліміз бойынша 690,6 мың мүмкіндігі шектеулі азамат тіркеуде тұрса, соның 93,2 мыңы Түркістан облысының (бұл аймақ халқының 4,7 пайызын, ал, республикадағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың 13,4 пайызын құрайды) үлесіне тиеді екен. Күнгей өңірімізде 93 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан өмір сүруде. Оның 6 843-і – бірінші, 35 323-і – екінші, 35 873-і үшінші топтағы мүгедек болса солардың 14 447-сі – он сегіз жасқа дейінгі балалар. Нозологиялық жағынан басым бөлігі, яғни 25 пайызы (23,4 мың адам) тірек-қимыл аппараты, 13 пайызы (11,7 мың адам) ментальды функциялары бұзылған, 7 пайызының (6,9 мың) көру, 4 пайызының (3,3 мың адам) есту қабілеті жағынан кемістіктері бар. Ал, 49 пайызы (47,9 мың адам) басқа да ауруларға шалдығып, мүгедектік топқа шыққан. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың 23,4 мыңдайы (25 пайыз) қалада, 69,6 мыңдайы (75 пайызы) ауылды жерлерде тұрады.
Облыс бойынша Сайрам ауданы мүмкіндігі шектеулі жандар ең көп тұратын (10 мыңға жуық) аймақ саналады. Одан кейінгі орындарда Кентау (8 954) және Түркістан (8 766) қалалары мен Жетісай және Сарыағаш аудандары (8739 және 8269) тұр. Ал, Төлеби, Келес, Қазығұрт, Түлкібас, Ордабасы, Мақтаарал аудандары (6 153 – 5 133) орта тұста болса, Бәйдібек, Отырар, Шардара аудандарында (3 342 – 3 216) жағдай бірқалыпты. Арыс қаласы мен шалғайдағы Созақ ауданында (2 907 – 2 601) мүмкіндігі шектеулі жандар аз. Оларды санатқа қарай жіктесек, 56 мың адамның, яғни 60 пайызының еңбекке қабілетті жастағылар екені ойландырмай қоймайды. Мүгедектердің 22,8 мыңдайы (24,5 пайызы) зейнет жасында болса, 14,4 мың адам (15,5 пайызы) 18 жасқа дейінгі балаларды құрайды.
Оңалту құралдарын интернет арқылы да жеткізуге болады
2019 жылы облыста мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 7,4 млрд. теңге бөлінген. Осы қаражат есебінен оларға техникалық оңалту құралдары мен әлеуметтік, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілуде. Жыл соңына дейін өтініш берген азаматтардың 70 пайызы тиісті оңалту құралдарымен қамтылмақ. Атап айтқанда, олар 5 382 дана (97 пайыз) протез ортопедиялық, 1 933 дана (76 пайыз) сурдотехникалық, 3 264 дана (76 пайыз) тифлотехникалық құралдармен, 3 адам (100 пайыз) кохлеарлық импланттармен қамтамасыз етілді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға 1 828 дана (84 пайыз) арнаулы қоларба беріліп, 7 718 адамға (78 пайыз) міндетті гигиеналық құралдар, 6 097 адамға санаторлық-шипажайлық емдеу жолдамалары үлестірілді.
2 578 адамға жеке көмекші (95 пайыз), 530 адамға (99 пайыз) ымдау тілі маманы әлеуметтік қызметтерін көрсетті. Сонымен қатар, 8 964 адамға (91 пайыз) жаңадан енгізілген 23 түрлі техникалық көмекші құралдар таратылып, 7 718 адамға (100 пайыз) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді.
Айта кететін жайт, интернет арқылы оңалту құралдарын жеткізуге болады. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің бизнес үдерісі де мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мол мүмкіндіктер ашқалы тұр.
Call-орталық жұмыс істейді
Түркістан облысы бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтер (стационар, жартылай стационар, үйде қызмет көрсету) көрсетуге барлығы 7 718 адам қамтылады. Ал, 29 092 адам техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етіледі.
530 адам ымдау тілі маманының қызметін, 2578 адам жеке көмекші қызметін пайдаланады. 6097 адам санаторлық-шипажайлық емделу орындарына жолданады. Бұдан басқа 24 түрлі жеке іріктеуді талап етпейтін техникалық оңалту құралдарының тізбесі және бар. Мәселен, Брайл қарпін өз бетімен үйренуге болатын сөйлейтін құрал, осы үлгідегі алмалы-салмалы әліппе, көру қабілеті бұзылған мүгедектерге арналған ине сабақтағыштар, тігін инелері, сөз шығаратын термометр және тағысын тағылар. Порталды әзірлеу барысында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тауарларды ұсынумен айналысатын Amazon, Alibaba және «Мир-рехаб» сияқты сайттар прототиптер ретінде қолданылды. 2019 жылдың 1 қарашасынан бастап порталды пайдаланушылар үшін 1411 нөмірі бойынша Call-орталық жұмыс істейді.
Әсия ТЕМІРБАЕВА, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.