«Бала табу – әйелдің, бағу – ердің ісі»

Альвира ПАЙЫСХАН, «Ońtústik Qazaqstan».
Тұла бойы ұлағат пен тағлымға тұнған дана қарттарымыздың бірі де бірегейі Қызылкүл Қабылбекқызы Төлеби ауданындағы Шахтабұзған ауылында тұрады. Босағасының беріктігін, шаңырағының шаттығын әрдайым тілегіне қосып жүретін асыл әже ауыл-аймақтың берекесі. Қазаққа тән қонақжайлылығы мен кеңпейілділігі де әулеттегі келіндерге көп үлгі боларлықтай. Жүзінен мейірім сәулесі төгілген, айтқан ақылдарынан ой маржандары өрілген ақ әже бір қауым елдің анасы. Құдай қосқан ері Балтабай Қойшығараұлымен бірге 10 перзент сүйіп, олардың өсіп-өнуіне бар жағдайды жасады. Бүгінде алтын құрсақты ана кіндігінен тараған ұл-қыздан 38 немере, 34 шөбере сүйіп отыр. Жапырағы жайқалған алып бәйтеректей болған әулеттің ұрпақтарының дені әскери қызметте. Отбасындағы 6 бірдей жан темірдей қатал тәртіп, айнымас ант қабылдап, елдің қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін күресуді өздеріне борыш санайды. Бұл отағасының балаларына берген тәлім-тәрбиесінің жемісі дейді әзіз әже. «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деген халықтың сөзі осындай қарттарымызға қарата айтылса керек. Сөзі қуатты жанның ұрпағы да ғибратты болмақ.
Қазақтың әр сөзінде философиялық мән-мағына бар. Соны ұрпағына сіңіруге, үйретуде күнделікті тіршілігінде қолданған. Ана баласына әлемнің жарығын сыйлап қана қоймайды, оның бойына ұлттық тәлім-тәрбиені де сіңіреді. Бала табу – әйелдің, оны бағу – ердің ісі. Кейінгі кездері жастардың арасында бала бағуды сылтау етіп ажырасып жатқаны қынжылтады. Әрбір ана отбасында қызын имандылыққа, мейірімділікке тәрбиелесе, келешекте оның ошағының оты сөнбейді, шаңырағы шайқалмайды. Ерді ез ететін де, батыр қылатын да – әйел, отанасы. Жас келіндерге айтатыным, табалдырықтан аттасаң, ар жағы ажырасуға апаратын жолды емес, ер азаматыңның жүрегіне апаратын жолды таңда, қарғам! – дейді алтын құрсақты ана.
Бүгінде жетпіс тоғыз жастағы қария қара шаңырақтағы үлкен ұлы Асқардың қолында тұрады. Дастарқан басында ақ әже үнемі өнегелі өмірдің сыны мен сыры жайлы шежіре шертіп отырады. Қызылкүл әже бала кезден мейірбике болуды армандап, медициналық училищеге оқуға түскенімен, тағдырдың жазуымен Балтабай көкемізге тұрмысқа шығыпты. Сөйтіп бар өмірін балаларының тәрбиесіне арнады. Бірақ оған еш өкінбейді, өйткені, немерелері мен шөберелерінің арасында дәрігерлік мамандықты таңдағандары аз емес. Бәрі де асыл әженің қолқанаты, жәрдемшісі.
Балтабай әулетінің берекесі болған әзіз әже еліміздегі көп балалы аналардың еңбегін бағалап, мәртебесін көтеріп, әлеуметтік көмек көрсетіліп отырғанына ризашылығын білдірді. Қазақтың әр әйелі ұлттың ұстыны болар ұрпақтарды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырса, мемлекеттің дамуына қосқан үлесі сол екендігін де айтты. Сүйегі асыл аналарымыздың жалғасындай болған қарияның риясыз көңілі мен даладай дархан ілтипатына еріксіз бас идік.