Арзан ойыншық қымбатқа түспесiн десек...

Аман Жайымбетов, «Ońtústik Qazaqstan».
Қазір балаға базарлық іздеп әуре болмайсыз. Сауда орындарының сөрелерінде самсап тұрған ойыншықтар көздің жауын алады. Үлкені де, кішісі де, сүйкімдісі де, сұрықсызы да, қаттысы да, жұмсағы да бар. Анадайдан көз тартатын әйдік дүние ойыншыққа құмар бала түгілі, ересек адамдардың өзін еріксіз баурап алады. Ондайда ата-ана аянып қала ма, бірі-бірінен өтетін қызылды-жасылды дүниені қалтасы көтергенше алып, арқаланып шыға келеді. Әрине, ата-ана үшін бүлдіршінінің қуанғанын көруден асқан бақыт жоқ. Десек те, кейде арзан ойыншықтардың ата-аналар үшін тым қымбатқа түсіп жататыны тағы бар.
Базарда сатылып жатқан ойыншықтардың басым бөлігі талап үдесінен шықпайтыны жасырын емес. Арзанқол дүниеден ауру жұқтырып жатқан балалардың жағдайын айтып, дабыл қағып жатқандар да бар. «Сергек» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Баймұрзаевтың айтуынша, арызданушылардың 70 пайызы сатып алған тауарларының сапасыздығын айтып, шағымданады екен. Көбісі ас-ауқат пен азық-түліктен уланса, балалар ойыншығынан зардап шегетіндердің де үлес салмағы аз емес. Ең өкініштісі, сапасыз ойыншықтардың кесірінен ауруға шалдыққандар оны дәлелдей алмай әлек болады. «Ойыншық арқылы жұғатын ауруды анықтау қиын. Өйткені, оның зияны балаға бірден әсер етпейді. Тек сапасыз ойыншықтардың ұсақ бөлшектері баланың тамағына, таңдайына немесе мұрнына кептеліп қалғанда ғана дәлел бола алады. Ал, құрамындағы зиянды бояулары ескеріле бермейді. Іші өтіп, лоқси бастаса жеген тамағынан шығар деп топшылаймыз. Ал, біз ойыншықтардың бояуы арқылы инфекция тарайтынын дәлелдедік» дейді төраға.
Оның айтуынша, сатылымдағы ойыншықтардың отыз пайызы тұтынуға мүлдем жарамсыз. Өйткені, тексеру барысында құрамында мырыш, фенол, формальдегид сияқты улы заттары бар екендігі анықталған. Дәрігерлердің айтуынша, нәрестелерге арналған сыңғырлақтардың да келешекте баланы саңырау қылатыны анықталып отыр. Зерттеулер барысында белгілі болғандай, жұмсақ резеңке ойыншықтарын сырлайтын бояу құрамында кадмий мен қорғасынның мөлшері қалыпты деңгейден әлдеқайда асып түскен. Мұндай ойыншықтар баланы аллергиялық ауруларға ұшыратып қана қоймай, асқазан-ішек дерттеріне де шалдықтырады.
Әрине, адам ағзасына зиянды тауарларды өндіріп, тұтынушыға ұсыну – заңға қайшы. Ол үшін өндіруші мекемені жауапқа тартуға болады. Бірақ, ең өкініштісі, кейде біз өзіміздің сатып алып жатқан дүниеміздің қайда, қалай жасалатынына мән бермейміз. Еліміздің «Ойыншықтар қауіпсіздігі туралы» Заңының 7-бабында ойыншықтардың сыртында өнімді дайындаушы, тауар белгісі, ойыншық атауы, дайындалған күні мен өндірген мемлекеттің аты, тауар белгісі, қолданылу шарттары, пайдалану жөніндегі нұсқаулықтары көрсетілуі тиіс екені айтылған. Ал, базардағы ойыншықтар осы талап үдесінен толық шыға ма?
Шымкент қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті арнайы мониторинг жүргізіп, қандай тауардын сапасы сын көтермейтінін анықтады. Департаменттің техникалық регламенттерді бақылау бөлімінің жетекші маманы Меруерт Сейдалиеваның айтуынша, талапқа сай келмейтін тауарлар бізде де аз емес. «Біз ай сайын өнімдердің қауіпсіздігіне мониторинг жүргіземіз. Соңғы жеті айда барлығы 1018 өнімнің сынамалары сауда орындарынан алынып, зертханалық зерттеуге жолданды. Оның ішінде 103 сынаманың техникалық регламент талаптарына сәйкес еместігі анықталды. Ал, тағам өнімдерінің 820 сынамасы зерттеуге алынып, оның жүзге жуығы техникалық регламент талаптарына сай болмай шықты».
Анықталған кемшіліктер бойынша айыппұлдар салынып, ұйғарымдар берілгенін айтқан жетекші маман бұл келеңсіздіктің жолын кесу үшін көпшілік болып күресу қажет дейді. «Әлденені сатып алардан бұрын оның қайда жасалғанын анықтаңыз, – дейді ол. – Базардағы ойыншықтар көбіне көрші елдерден әкелінеді. Егер сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаты болмаса оны сатып алудың қажеті жоқ. Ойыншықтарды кездейсоқ жерлерден емес, арнайы сауда орындарынан сатып алу керек. Ойыншық таңдау кезінде оның иісіне, түріне, боялуына мән берген жөн. Оны оңай тексеруге болады, ылғалды сүлгімен немесе саусағыңызбен сүртіп көріңіз, егер сүлгі немесе саусағыңызға бояу жағылса, онда мұндай ойыншықтан бас тартыңыз».
Рас, таным-түйсігі қалыптаса қоймаған бала үшін ойыншықтың алар орны ерекше. Түрлі қуыршақтар арқылы бала қоршаған ортаны таниды. Ойынға алданып, жалғыздықтан арылады. Тіпті, өзінің сүйкімді қуыршағына бауыр басқан сәби түнде де оны құшақтап жатады. Күні-түні бала қолынан түспейтін қуыршақтардың кейде адам ағзасына кері әсерін тигізіп жататыны да жасырын емес. Сол үшін балаға ойыншық таңдағанда мұқият болыңыз. Әйтпесе, арзан қуыршаққа алданып, емі қымбатқа түсетін дертті сатып алуыңыз мүмкін...