Бүгін үңілесің, ертең түңілесің!

Қазіргі таңда ұялы телефонның тұрмыс-тіршілігімізге дендеп енгені сонша, онсыз өмірімізді көз алдымызға елестете алмаймыз. Оның қызмет аясы шексіз. Әлемді уысына алған ғаламтор бізге жаңа жүйе қалыптастырып берді.
Бірақ, осы ғаламтор желісінің балалардың психологиясына қаншалықты зиянын тигізіп жатқанын көп ата-ана біле бермейді. Білсе де, одан балаларын қорғауға қауқарсыз. Жасыратыны жоқ, бүгінде мектеп жасындағы балалар сабаққа дайындалудың орнына көп уақытын ұялы телефонға үңілумен өткізеді. Ол адам ағзасына қауіп төндірумен қатар, сананы улайды. Ғаламтор желісіне жүгініп қалған бала қоғамнан алшақтайды. Мінезі тұйықталып, оңаша қалуға құмартып тұрады. Бар қызықты ғаламтордан іздеп, адамдармен араласудан қалады. Одан бөлек, компьютерден бөлінетін ультра-күлгін сәулесі көзге кері әсер етіп, денсаулығын зақымдайды. Ұялы телефонмен сөйлескен кезде ми жасушаларының бір бөлігі өле бастайды. Мұны АҚШ дәрігері Девра Давис дәлелдеген.
Рас, ол теңдессіз ақпарат көзі, мол мағлұматтар мекені болуы мүмкін. Бірақ, адам баласы үшін одан да қымбат, одан да маңызды мәселелер бар емес пе? Ол – сенің денсаулығың! Бұл жаңалықты ойлап тапқан өркениетті елдер оны пайдалану тәртібін бұлжытпай орындайды. Мысалы, Оңтүстік Корея, Қытай, және Тайвань елдері ғаламторға тәуелділікті ұлттық деңгейдегі қауіпті мәселе ретінде қарастырады.
Осыдан біраз бұрын телехикаяларды апталап, айлап көретін әйелдерімен ері сөзге келіп қалып жататын. Сол кезде мынадай анекдот болды. Атасының алдында еркелеп отырған немересі «ата, бұрын шеңгел мен жыңғылдың арасында жын-шайтандар болады деуші едіңіз. Қазір неге көрінбейді?» дегенде атасы «ей, айналайын-ай! Олардың барлығы жиналып теледидарға кіріп кетті ғой» деп күрсініп, сақалын сипапты. Сол секілді, теледидардағы жын-шайтандардан құтыла алмай жүргенде, ол пәлекеттер қазір ұялы телефондар мен айфондарға кіріп кетті.
Иә, қауқарсыз қарияның бұл сөзі әзіл болса да астарында батпандай зіл бар. Қазір қай жерге барсаңыз да алақандай экранға үңіліп, әлденені шұқылап отырған жастарды көресіз. Құдды бүкіл дүниенің қызығын сол жерге салып қойғандай бас көтермейді. Тіпті, жас келіншектер емізулі баласын да ұялы төлефонмен жұбатады. Үлкен-кішіні бірдей баурап алып, ертелі-кеш өзіне үңілдіріп қойған неме ертеңгі күні өмірден түңілдіріп жүрмесе деңіз.
Ескендір ЕРТАЙ, журналист.