Қыздарға әсемдік жарасады

Дамира МОЛДАНАЗАРОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

«Сұлулық әлемді құтқарады» демекші, шынында кез келген қыз бала бой түзеуді боянудан бастайды. Заманның ағымына сай қазір әсемденудің де өзіндік әдістері енгізіле бастады. Бұрынғыдай қасты сүрмемен сызып, шашты екіге өру «модадан» қалғалы қашан...

Қазір қыз-келіншектер бетті әртүрлі етіп әрлеу түгілі, арнайы мамандардың көмегімен түр-сипатын өзіне ұнамды етіп өзгертуге де қол жеткізді. Шаш қию, оны түзету, жылтырату, әртүрлі түске бояу, қастың формасын келтіру, кірпік ұзарту және қалыңдату, көз үстінен қабақ сызу, ерінге ботокс… осылай жалғаса береді. Одан кейін саусағыңызды сүйріктей әдемі етіп көрсету үшін тырнақ өсіру маңызды. Ол маникюрші мамандар үшін түк емес. Оны айтасыз, әсіресе, әйелдерде көбірек кездесетін өкше жарылуды да дәрігерлерден гөрі, педикюршілер тезірек емдейтін сияқты. Мұндай қызметтерге тек нәзік жандылар ғана емес, жігіттер де жүгінеді.

Адамның сыртқы келбеті оның жан дүниесінен хабар береді дейтін психологтардың ескертуіне құлақ түрсек, шынында кісінің жай-күйін оның сөзіне емес, түріне қарап бағамдайтынымыз жасырын емес. Тәннің сұлулығы – жанның рахаты. Сыртқы келбетіңнің келістілігі сенімділік ұялатып, кез келген ортада өзіңді еркін сезінуге мүмкіндік береді. Қыз-келіншектер үшін сымбаты мен сұлулығына қатысты сын есту ең ауыр соққы. Сондықтан арулар әсемдік салонына жиі-жиі бас сұғып тұруға мәжбүр.

Мұндай қызмет түрлері қашан да сұранысқа ие. Содан болар, қала көшелерінде қадам бассаң әсемдік салондарын кездестіреміз. Мәселен, Шымкент қаласында сұлулық орындарының қанша екенін санау мүмкін емес. Тіпті, бір көшенің бойынан бірнешеуін кездестіресіз. Біз «Нұрсәт» шағынауданындағы Астана даңғылы бойында орналасқан әсемдік салондарының жұмысымен танысып шықтық.

Мұнда бірден көзімізге түскені – мамандардың барлығы 20-25 жас аралығындағы қыз-келіншектер. Айтуларынша, әр салонға күніне орташа есеппен кем дегенде 4-5 нәзік жанды келеді десек, әсемдік салондары бір айда ең кемі 100-150 клиент қабылдайды деген сөз. Әрине, келуші көп жерде бәсекелестік те басым.

– Сұлулық салондарына келушілер арасында шаштараз қызметіне жүгінушілер көп. Оны қиып, әсемдегеннен бөлек, әр түске бояу, шашты қалыңдатып түзету, құрғақтыққа немесе ылғалдылыққа қарсы маскалар жасау, қысқасы, шаш сапасын жақсартқысы келеді. Алайда, осыны кәсіп еткен маман тапшы. Байқағанымыз, сұлулық салонына жұмысқа келгісі келетіндердің көпшілігі кірпік жалғау мен макияж жасауға бейім. Егер шаштаразымыз жұмыстан кетсе немесе бірер күнге сұранса, оның орнын алмастыратын жас маман жоқтың қасы, – дейді шағындау әсемдік салондарының бірінің әкімшісі Несібелі Мұраталиева.

Демек, «Қазақ балалары неге шаштараз болмайды?» деп мәселе көтеруіміз де орынды сияқты. Қазір жаз мезгілінде жастардың дені демалыста. Осындай бос уақытты тиімді пайдаланып, шаштараз курстарына барса, алдағы уақытта алған білімі мен жинаған тәжірибесі қалтасын қалыңдатуға септігін тигізер еді...

Пікір қалдырыңыз