Ораза айты – мейiрiмдiлiк мерекесi

Жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі – Ораза айт мейрамы басталады.

Айт – арабшадан аударғанда «мейрам» деген мағынаны білдіреді.

Тарихи мәліметтерге сүйенсек, Әнәс (р.а.) былай риуаят етеді: «Расулуллаһ Мәдинаға келген кезінде, мәдиналықтардың тойлайтын екі күндері бар болатын. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл екі күнді не үшін атап өтетіндіктерін сұрағанда «жәһилдік дәуірде біз бұл екі күнді көңіл көтеріп, атап өтетін едік» деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.) оларды «Алла ол екі күннің орнына сендер үшін әлдеқайда қайырлысын берді. Біріншісі – Құрбан айт, екіншісі – Рамазан айты» деп ескертеді.

Айт мерекесінің басқа мерекелерден ерекшелігі – қуанышпен бірге Аллаға деген құлшылықтың қатар жүруінде. Туыстық қатынастардың қайта жандануы, жүректердің жібіп, Алланың рақымынан үміттену, өмірді қайта саралауға мүмкіншілік алу, Аллаға деген құлшылығымызды күшейтуге мүмкіндіктің молаюы. Абдулла ибн Масұдтан (р.а.) жеткен хадисте: «Мүмін пенделер Рамазан айының оразасын толық ұстап, айт күні намазға бет алғанда, Алла тағала періштелерге: «Ей, періштелерім, адамзат бейнет атқарса, ақысын талап етеді. Пенделерім Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға мешітке бет алды. Олар Мен үшін ораза ұстады, Менің пәрменіммен ауыз ашты, енді қуанышқа кенелсін. Сендер куә болыңдар, оларды жарылқадым» делінген.

«Отыз күн оразаның бір айты бар, әр қылған жақсылықтың бір қайты бар» дейді халық даналығы. Айтта мұсылмандардың бір-бірімен татулықтарын арттыруы – мерекенің негізгі сәні.

Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Бір-біріңе сыйлық беріп, татуласыңдар... Бір-біріңе берген сыйлықтарың – араларыңдағы өшпенділікті жояды» деп өсиет еткен. Ораза айт мерекесі шәууәл айының бірінші күні басталып, үш күнге созылады.

Ол күні ертерек тұрып, ғұсыл алып, мешітке – айт намазына хош иісті болып бару – пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүйікті амалдарының қатарынан. Сонымен қатар Рамазан айт намазын аздап кешіктіру, айт намазынан бұрын құрма секілді бір нәрсе жеу, ғұсыл алу, тісін тазалау, ең әдемі киімдерді кию, хош иісті иіссулар себіну, туыстарының, көршілерінің үйіне айттау, садақа беру, айт намазына барарда бір жолмен, қайтарда басқа жолмен қайту – мұстахаб.

Сонымен қатар, пітір садақасын беру, тәкбір айту, айт намазын оқу, мұсылмандардың бір-бірін құттықтауы секілді ізгіліктер де әрбір мұсылманның істеуге тиісті амалына жатады.

Айт барша мұсылмандардың мерекесі болғандықтан, оны еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін сезінуі тиіс. Сыйлықтар таратылып, мерекелік мәдени шаралар ұйымдастырылуы абзал. Жүзден аса ұлт өкілі тұрып жатқан еліміздегі әрбір азамат осы мерекенің лебін сезінуі қажет.

Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап, жараса білсе құба-құп болмақ. Хадисте келгендей, айт күні пайғамбарымыз (с.а.с.) адамдарға: «Ей, адамдар, бұл күні сәлем жайыңдар, тамақтандырыңдар, туыстық қатынасты күшейтіңдер және адамдар ұйқыда болған кезде намаз оқыңдар, еш алаңсыз жәннатқа кіресіңдер» дейді. Сол секілді өзі жақсы көрген бауырын айт күні зиярат етуі мұсылман адамды үлкен сауапқа кенелтеді. Әсіресе, осы мереке күні ата-анаға деген мейірімділік, оларға сый-сияпаттар жасау игі амалдардың қатарынан.

Қорыта айтқанда, отыз күнгі ораза мұсылмандарды тақуалыққа баулыса, айт мерекесі тіршіліктегі өкпе-назды ұмыттырып, мұсылмандардың бауырмалдығын күшейте түседі. Сондықтан бұл күнді ерекше мейіріммен қарсы алып, отыз күн оразада жасаған құлшылық ғибадатымыздан Алланың сансыз нығметтеріне ой жүгіртуге амал қылайық.

Ораза айты құтты болсын!

Мұсабек АҚТАМБЕРДІ, ҚМДБ Түркістан облысы бойынша өкіл имамы.

Пікір қалдырыңыз