Жастар тәрбиесі – баршаға ортақ іс

Елбасы Жолдауларында жас ұрпақты білімді, мәдениетті, денсаулығы мықты, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеудің жолдары көрсетіледі. Нәтижесінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша мыңдаған жас шетелдерден білім алып, Қазақстанның дамуына өз үлесін қосуда. Қазір де жүздеген жас шетелдерде білім алуда. Оған қоса биыл Жастар жылы болып жарияланды. Бұл жыл аясында жастардың еңбек нарығына сай мамандық таңдап, сапалы білім алуына, жұмысқа орналасуына, баспаналы болуына барынша жағдай жасалмақ. Осы қадамдардың барлығы да олардың өмір сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Жастар жылын өткізу жөніндегі Жол картасы бойынша 80-нен астам іс-шараға 130 миллиард теңге жұмсау болжанып отыр. Жұмыссыздықты азайту мақсатында «Жас маман», «Жас кəсіпкер» бағдарламаларын жүзеге асыру қарастырылып, қажетті 100 мамандық бойынша мамандарды даярлау жоспарлануда. Жастар жылында оларды тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз ету, білімді, волонтерлікті, ғылыми гранттарды дамыту, жастардың əлеуметтік белсенділігін арттыру жəне жас отбасыларды қолдауға басымдық беріледі. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде жас кəсіпкерлерге қосымша грант бөлу, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылға барған мамандарға біржолғы жəрдемақы мөлшерін 100 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту жəне мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілетін мамандықтардың тізімін кеңейту жəне басқа да тың жобалар іске асырылады. Нұр-Сұлтан, Алматы жəне Шымкент қалаларында жұмыс істеп жатқан жастар үшін жыл сайын кемінде мың пəтерлік жалға берілетін үй салынады. Жастардың проблемаларына назар аудару бір жылмен ғана шектеліп қалмайды.

Жастар жылында заңнамаға өзгерістер енгізу, бюджеттен қаражат бөлу, инфрақұрылымды дамыту мәселелері шешілуі керек. Жастар жылынан бастау алған жастарды жұмыспен, баспанамен қамту, білім беру, өмірге бейімдеу, жастар кəсіпкерлігін дамыту, жас ғалымдарды қолдау шаралары кейінгі жылдары да жалғаса беруі тиіс.

Елімізде жастар саны 4,3 млн. адамды құрайды. Яғни халқымыздың 23,8 пайызы жастар деген сөз. Еліміздегі тарихи өзгерістер осы жастарға өз тағдырын өздері шешуіне, жас мемлекеттің іргетасын қалап, оны өркендетуге үлес қосып, өздерін көрсетуге мүмкіндік берді. Бүгін әр жас қазақстандықтың алдында «Мына жаңа қоғамнан өз орнымды таптым ба?», Ұлы Абай айтқандай, «бір кірпіш болып қаландым ба?» деген заңды сұрақ тұр.

 

Тәрбие – талбесіктен

Қазір қоғамның бар күш-жігері жас ұрпақты отансүйгіштікке, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеуге бағытталуы керек. Тәрбиелі де білімді, саналы да мәдениетті ұрпақ – мемлекеттің берік тірегі. Сондықтан да халқымыз ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», «Қызды қырық үйден тый» деп бекер айтпаған. Мемлекет тарапынан білімді, дарынды, өнерлі жастарды тәрбиелеу үшін жыл сайын қыруар қаражат та бөлініп келеді. Алайда, жастар саясаты, жастармен жұмыс істеу айтарлықтай дәрежеде емес. Еліміздегі жастардың белсенділігі негізінен саяси науқандар кезінде ғана көрініс табады. Ал, жастар арасында проблемалар жеткілікті. Атап айтсақ, жастар арасындағы суицид бойынша Қазақстан әлемдегі көш бастаған 10 елдің қатарында. Жастардың ажырасу фактісі бойынша да біз осы «үздік» ондықтамыз. Мектеп жасында жүкті боп қалатын қыздар жылдан-жылға көбейіп келеді. Жастар арасындағы қылмыс статистикасы да өршіп тұр. Әрине, жастар ұйымдары бұл проблемаларды өздері ғана шеше алмайтыны анық. Бұл мәселелермен бүкіл қоғам болып бірігіп күресуіміз керек. Ал, жастар ұйымдары болса жастар мен билік арасындағы «алтын көпірдің» рөлін атқаруы тиіс. Енді осы ұйымдар өз міндеттерін толық атқарып отыр ма? Жастар ұйымдарының жұмыстарының сапасы қандай?

Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта жастар ұйымы ұраншыл, науқаншыл болып барады. Өздері көтерген бастаманы тиянақты орындаудың орнына, оны ұрандатып, науқаншылдыққа айналдырып жіберу жиі кездеседі. Соңында сол ұрандатып бастаған жұмыстарының қалай нәтижесіз аяқталғанын өздері де сезбей қалады. Өйткені, екінші бір идея көтеріліп, бәрі соның артынан тағы да ұрандатып кетеді. Жастарға келіп-кетер пайдасы шамалы осындай іс-шаралар жылда қайталанып жатады. Мұндай нәтижесіз, пайдасы аз жұмысты көріп отырған жастардың белсенділігі төмендейді, немқұрайдылыққа салынады. Жастар ұйымының жұмысын жандандыру үшін бұл ұйымдарды өздерінің арасынан шыққан нағыз интеллектуал лидерлер басқаруы керек. Егер жастар ұйымының басшылары ашық бәсекелестік сайлау жағдайында келмей, ағаларының, таныс-білісінің қолдауымен тағайындалса, ол қалай лидер болады? Сондықтан меритократия, әділеттілік сайлау принциптері әуелі осы жастар саясаты саласына енгізілуі тиіс.

Әрине, «жастар ұйымдары түк бітірмей отыр» деп айту қателік. Жастар арасындағы өзекті проблемаларды шешуді толығымен осы ұйымдардың мойнына артып қою да дұрыс емес. Баланың тәрбиесіне, ең алдымен, ата-ана жауап береді. Содан кейін мектеп. Әрі қарай идеологиямен айналысатын мемлекеттік органдар бар. Міне, осы тараптар бірлесе жұмыс істегенде ғана қоғамдағы келеңсіздіктердің алдын алуға болады.

Бүгінде бізге жастар саясатымен айналысатын кәсіби мамандар қажет. Біздің жоғары оқу орындары ондай арнайы мамандарды даярламайды. Ал, Еуропа университеттерінде жастар саясатының мамандарын даярлайтын арнайы факультеттер бар. Халқымыздың төрттен

бірі – жастар, сондықтан олармен жұмыс істейтін мамандар даярлайтын уақыт жетті. Жастардың алға қойған мақсат-мүдделерін білу үшін науқаншылдық емес, нақты зерттеулер қажет. Жүйелі əрі кешенді əлеуметтік зерттеу жүргізу арқылы мұң-мұқтаждарын, мақсат-мүдделерін анықтап, жастар саясатын сол қажеттіліктерге жауап беретін деңгейде ұйымдастырып отырған жөн.

Отансүйгіштіктің асыл рухы нәресте дүниеге келген кезден бастап бойына сіңіп, ол мектеп қабырғасында да, жоғары оқу орнында да, жұмыс істеп жүрген кезде де өмір бойы жалғаса беруі тиіс. Алайда, тек қана «Отаныңды сүй, еліңнің патриоты бол» деген жалаң сөздер тәрбие емес, ол бар болғаны – үгіт-насихат. Адамдар ондай үгіт-насихаттан тез жалығады. Жас ұрпаққа жалықтырмайтын, қайта олардың ойын терең дамытып, қиялын өсіретін кітаптар, газет-журналдар, мультфильмдер, теле-кинофильмдер қажет. Бұл бағытта соңғы жылдары бірқатар игі істер атқарылуда. Алайда, кемшіліктер де жеткілікті. Қазіргі кезде мектеп оқулықтарының өзінде тәрбие мәселесіне жеткілікті мән берілмейді. Тарих, әдебиет пәндері оқулықтарында қателіктер көп, суреттері көріксіз, бояуы солғын. Мәтіні қазақша болғанымен суреттері өзге ұлттың менталитетін насихаттайды.

 

Ел боламын десең, экраныңды түзе

Нұр-Сұлтан қаласының өзінде ірі супермаркеттерде орналасқан баспасөз дүңгіршектерінде қазақша басылым, кітаптар жоқтың қасы. Жарнамалардың басым көпшілігі ағылшын тілінде, тіпті, өзіңізді шетелде жүргендей сезінесіз. Дүңгіршектер мұқабасы жалаңаш әйел суреттерімен әспеттелген Ресейдің журналдарына толы. Жастарды тәрбиелеудегі ең көрнекті құралымыз телеарналарда жастарды адамгершілік пен инабаттылыққа, патриоттық рухта тәрбиелейтін қызықты хабарлар, мультфильмдер, телефильмдер жеткіліксіз. Балаларға, әсіресе, қазақ балаларына арналған телехабарлар аз көрсетіледі. Республика телеарналарында шетел кинофильмдері көптеп көрсетіледі. Соңғы кездері бесіктегі сәбиін де, қазандағы асын да ұмытып телесериалдардан бас алмай отырған қыз-келіншектер, апа-жеңгелер, ауылдағы жұмыссыз ағайынның саны өсуде. Ең қиыны сол, атыс-шабысқа, зорлық-зомбылыққа тола телесериалдарды бала-шағамен, жастармен бірге отырып көруге мәжбүрміз. Ол сериалдардың басым көпшілігі біздің ұлттық мүддемізге жат пиғылдарды насихаттайды. Телеарнадағы хабарлар көбіне орыс тілінде немесе орыс телеарналарынан көшіріп беріледі. Ал, қазақ тіліндегі нақты ұлттық рухты, қазақи менталитетті қалыптастыратын хабарлар кейбір телеарналарда түн ортасы ауа, жұрт ұйықтап жатқанда көрсетіледі. Бұл мемлекеттік тілге деген немқұрайдылық, менсінбеушілік көптен бері айтылып та, жазылып та келеді. Бұдан тиісті министрліктердің қорытынды шығаратын уақыты жетті.

Теледидардағы «жұлдыздарға», әртістерге, кинофильмдердегі батыр кейіпкерлерге еліктегіш жастар саны күн санап өсуде. Шетел арналарынан көріп, сұлулықты жалаңаштанудан іздеген аруларымыз қаншама?! Қысқа юбка, жартылай жалаңаш төс, бөксеге ілінген джинсиді көргенде «ертеңгі ана қандай, одан туған бала қандай?» деген сұрақ мазалайды. Жігіттердің де жағдайы мәз емес. Міне, еліміздің телекеңістіктегі жастарға беріліп жатқан тәрбиенің сиқы осы.

Ғалымдардың айтуына қарағанда, жастайынан көгілдір экраннан қорқынышты фильмдер, хабарлар көріп өскен жастардың санасының дамуы тежеліп, мінез-құлқында қатыгездік, еріншектік пен немқұрайдылық пайда болады екен. Соңғы кездері қоғамда бұрын естіп-білмеген қылмыстардың көбейіп кетуі де осыған байланысты. Бірқатар мектептерде оқушылар арасында әлімжеттік, қорқыту мен қорлық көрсету əрекеттері, зорлық-зомбылық жағдайлары орын алуда. Бұл мәселенің шығу себептерін анықтап, мектептерді жайлаған қорқыныш пен үрейден түбегейлі құтылу үшін нақты шаралар қолдану қажет. Бұл – мұғалімдердің, ата-аналар мен жастар ұйымдарының, барлық деңгейдегі əкімдердің жəне тұтас қоғамның алдындағы маңызды міндет. Бұл – қоғамды іштей мүжіп, үлкен дертке шалдықтыратын қатерлі кеселдердің бірі.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлы Мұхтар Әуезов. Бұл даналық сөз бүгін де өзінің өзектілігін жойған жоқ. Сонымен бірге қазіргі заманда «Ел боламын десең экраныңды түзе» деген ұран керек сияқты. Себебі бүгінгі экран – осы заманның бесік жыры. Неге десеңіз, күн сайын әрқайсысымыздың тілі шыға бастаған сәбилерімізден бастап жүз мыңдаған адам теледидар алдында отыр. Олар атыс-шабысқа, зорлық-зомбылыққа толы қантөгіс фильмдерді көріп тәрбиеленуде. Ұрпақ тәрбиелеудегі көгілдір экранның қуатын, күшін, бұқаралылығын жастарымыздың санасын тәуелсіз елдің азаттық рухында, рухани адамгершілікке, имандылыққа, патриоттық сезімге тәрбиелеуге толығымен пайдалана білуіміз керек.

Көгілдір экраннан күндіз-түні көрсетілгені аздай, зорлық-зомбылық пен атыс-шабысқа толы, қанішер қаһармандардан тұратын ойын автоматтары мен компьютер ойындары, түрінен кісі шошынатын, жаппай қаруланған түрлі ойыншықтар жас ұрпақ санасын улап, басын айналдыруда. Қоғамдық көліктерде, клубтар мен дискотекаларда, фитнес, ресторан, кафелерде, радио-теледидарлардан берілетін түрлі жанрдағы әуендер өскелең ұрпақ түгілі, ересек адамдардың да психикасына әсер етуде. Тиісті министрліктер мен ведомство басшылары, әкімдіктер осыларды реттеуге бағытталған іс-шараларды қолға алуы керек.

 

Өзін құрметтемеген халықты ешкім құрметтемейді

Қазақта «өз-өзіңді жаттай сыйла – жат жанынан түңілсін» деген мақал бар. Ел, Жер, Отан біздікі. Олай болса, өз-өзімізді сыйлап, еліміздің келешегін ойлап, жастар тәрбиесін мықтап қолға алайық. Ол үшін Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі теледидар және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында зорлық-зомбылық, атыс-шабыс, кісі өлтіру секілді адамгершілікке жат, теріс тәрбие беретін хабарларды болдырмау жолдарын қарастыруы керек. Жастардың көкейтесті мәселелерін зерттеп, талдап, оларды адамгершілікке, отансүйгіштікке, имандылыққа, қазақстандық патриотизмге тәрбиелейтін республикалық, мемлекеттік телеарна, газет-журналдар керек. Жастар тәрбиесіне біз қаржыны аямауымыз керек. Жастарды толғандырып жүрген мәселелер көп. Олар жұмыссыздық, баспана, білім алу, салауатты өмір сүру және тағы басқалар. Әрине, нарықтық экономика кезінде әрбір адам өзінің келешегін, өзінің жағдайын өзі жасауға әрекеттенуі қажет. Дегенмен, мемлекеттің қатысуынсыз жастар проблемасын шешу қиын.

Бүгінде жастар саясатының негізгі мәселесі – жұмыспен қамту.

Жыл сайын елімізде орта мектепті 120-130 мың жас бітіреді. Қазір елде шамамен 300 мыңға тарта адам немесе жастардың 9 пайызы білім беру және еңбек қызметіне тартылмаған. Ал, 2018 жылы елімізде шетелден 59,8 мың азамат келіп жұмыс істеген. Соның 57 пайызы өз елімізден-ақ табылатын жұмыскерлер. Жастар, әсіресе, ауыл жастары жұмыс таба алмай, базарда арба сүйреп, сауда-саттықпен айналысады, біз сырттан жұмысшы әкелеміз.

Елбасы Жолдауларында айтылғандай, бізде жұмыссыздық проблемасына қарағанда адамдардың еңбек нарығының талаптарына сай кәсіп игермеуі өзектірек мәселе. Өзіңіз қараңызшы, республикада 2 кәсіби жұмысшы даярланса, 10-12 жоғары білімді маман даярланады екен. Ал, ұлттық экономикамызға қосымша 100 мың кәсіби жұмысшы қажет.

Елімізде «Жас кәсіпкер» бағдарламасы арқылы жыл сайын 100 мың жұмыссыз жастарға кәсіби-техникалық білім беріп, жұмысқа орналастырып, шағын бизнеспен айналысамын деушілеріне арзан, ұзақ мерзімді шағын несие беру мәселесін шешу керек. Бұл бағытта «Даму қоры» мен «Ауыл шаруашылығы қолдау қоры» акционерлік қоғамынан жастарға арналған арзан, қолжетімді несиелер квотасын қарастырған жөн. Жұмыс берушілер жастарды жұмысқа қабылдауда еңбек өтіліне қарайды. Бұл мәселені ұжымда тәлімгерлік мектебі тәжірибесін ендіру арқылы шешуге болады. Ол үшін жастарды жұмысқа бейімдеп, тәрбиелейтін тәлімгер мамандарға мемлекет есебінен қосымша ақы төлеу қажет.

Ең қиын да қажетті мәселелердің бірі – баспана. Жастар үйленген соң баспана болмаса қайда барады? Отбасы берік болса, мемлекет те берік, мықты болады. Ал, отбасының беріктігі, тату-тәтті өмір сүруі баспанаға байланысты. Жастардың баспана проблемасының шешілуі еліміздегі демография мәселесіне де тікелей ықпал етеді. Жастар жылына байланысты еңбек етіп жүрген жастарды баспанамен қамтамасыз ету үшін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жыл сайын 1000-нан кем емес пәтер берілетін болды. Бұл өте дұрыс шешім. Сонымен бірге «7-20-25» бағдарламасын жастарға бейімдеп, оның бастапқы жарнасын 10-15 пайызға дейін түсіру жастар үшін қолайлы болар еді. Ал, қала мен ауыл жастарына жеке тұрғын үй салу үшін 0,10 га жер телімі мен арзандатылған несие беру мәселесін шешу қажет. Бұл жастарды баспанамен қамтудың ең басты бағыты болар еді.

Үкімет жастардың баспана мәселесін шешу жолдарының тиімді механизмін нарық жағдайымен үйлестіре отырып ұсынуы керек. Республика көлемінде жастар саясатымен тікелей айналысатын орган – Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің жастар саясаты комитеті. Бұл комитеттің өз құзырына сәйкес жастар саясатымен айналысатын көптеген республикалық, өңірлік, атқарушы органдармен байланысып, жастар саясатына байланысты мәселелерді үйлестіріп, қорытып, бақылап отыруға уәкілеттіктері жете бермейді. Ал, жергілікті жердегі жағдай тіпті сын көтермейді.

Жастар проблемасын, жастар тәрбиесін бір басқарманың, бір ведомствоның, бір министрліктің мәселесі ретінде қарауға болмайды. Жастар саясатына қатысы бар бірнеше ведомстволар мен министрліктер бар. Олар жұмыс жоспарын орталық атқарушы органдардан бастап, облыс, қала, аудан, ауылға дейін келісіп, бірлесіп үйлестіріп дайындауы керек. Ішкі саясат, отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі, білім басқармалары, тағы басқа осы салаға қатысы бар мекемелер өзара бірігіп шешетін мәселелерді нақты анықтап алуы қажет. Өкінішке қарай, қазір бізде нәтижесі нақты өлшенбейтін, ешкім жауап бермейтін шаралар көп. Мәселен, Түркістан облысының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарманың 2018 жылғы шығыстары 613 млн. теңге екен. Одан бөлек ішкі саясат басқармасының бюджетінде де түрлі тәрбие беру, насихаттау шаралары жоспарланған. Соның бәріне миллиондаған қаржы жұмсалып жатыр. Нәтиже қандай? Оны ешкім айта алмайды. Өйткені, бізде жаратылатын ақшаның нәтижесін өлшеу тәжірибесі жоқ.

Менің ойымша, жастар саясатына, жастар проблемасын шешуге деген көзқарастарды түбегейлі қайта қарап, өзгерту қажет. Әрбір жаратылған теңгенің нәтижесі нақты өлшенетін индикаторларға негізделген болуы шарт. Жыл бойы әр іс-шараның нәтижесіне бақылау жүргізіліп, тиісті адамдардың жауапкершілігі сұралып отыруы керек. Жақсы нәтижеге жеткендерді марапаттап, қаржыны тиімсіз жұмсағандарға тиісті шаралар қарастырылуы керек.

«Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңның орындалу барысына терең талдау жасап, бүгінгі күннің талабын ескеріп, заңды жетілдіре түсуіміз қажет. Бізге замана талабына сай, сілтемелері аз, тікелей жұмыс істейтін заң керек. Заңнан туындайтын нормативтік-құқықтық құжаттар керек. Олардың орындалуын бақылайтын күшті механизм керек. Жастар проблемаларын жан-жақты саралап, тиісті орындардың алдына дер кезінде қоя білетін, жастар саясаты заңының орындалуын ұйымдастырып, бақылап отыратын орталықтан облыс, аудан, ауылға дейін бірыңғай жүйесі бар уәкілетті орган керек деп есептеймін. Уәкілетті органның жанынан жастар проблемасын зерттейтін орталық ашу керек. Сонымен бірге жастар саясатымен айналысатын министрліктер мен ведомстволар және барлық деңгейдегі әкімшіліктер мен мәслихаттар өз құзіреті шеңберінде жастар проблемаларымен тиянақты түрде айналысуы керек. Қала, аудан, ауылдарда балалар мен жасөспірімдерге арналған әлеуметтік құрылымдар, аула клубтары, спорт алаңдары мен стадиондар, клубтар мен мәдениет үйлерінің жұмысын жандандыруымыз керек.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев республикалық басылымдарға берген сұхбатында «жас ұрпақты қолдап, қорғау – болашақты қорғау. Əсіресе, жастардың лайықты білім алуына, алаңсыз жұмыс істеуіне теңдей мүмкіндік берілуі қажет. Ауыл мен қаладағы жас азамат үшін де, лауазымды, ауқатты немесе қарапайым шаруа отбасының баласы үшін де əлеуметтік лифттің есігі кедергісіз ашық болуы керек. Айналып келгенде, əлеуметтік теңдік дегеніміз – осы. Біз осыған қол жеткізуге тиіспіз. Жастар саясатында, жастар тəрбиесінде науқаншылдыққа, тиімділігі төмен шараларды ұйымдастыруға жол бермеу керек. Сондықтан кез келген шараны ғылыми негізге сүйеніп, жүйелі түрде жүзеге асырғанымыз жөн» деді.

Сайып келгенде, біз өз елін сүйетін, қорғайтын, салт-дәстүрін құрметтеп, түп-тамырын, тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, тілін терең білетін, онымен мақтанатын, өзге елдің азаматтарымен бәсекеге барынша қабілетті, терең білімді, мәдениетті, денсаулығы мықты, өзін-өзі сыйлата білетін жастарды тәрбиелеуіміз керек.

Қуаныш АЙТАХАНОВ, қоғам қайраткері.

Пікір қалдырыңыз