Ертеңіміз үшін дауыс беру – азаматтық борышымыз

Ертеңіміз үшін дауыс беру – азаматтық борышымыз

Биыл 9 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтеді. Бүгінде елімізде қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар өз кандидаттарын ұсынды, олар үміткер ретінде тіркеуден өтті.

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында «Заңгерлер – әділ сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігі баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл бастаманы Қазақстан Заңгерлер одағының төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты Серік Ақылбай көтерді. Шараға елімізге танымал заңгерлер, заң ғылымдарының докторлары Сәуле Амандықова, Марат Башимов, Марат Қоғамов, Марат Сарсенбаев, Сергей Ударцев қатысты. Бірлестіктің негізгі мақсаты – сайлауға мониторинг жасау. Сол себепті бірлестік заңгерлері сайлауды ашық, әділ, еліміздің заңдары мен халықаралық құқықтық нормалар шеңберінде өткізуді қалайды.

Конституцияда көзделгендей, кезекті президенттік сайлау желтоқсан айының бірінші жексенбісінде өтуі тиіс-ті. Кезектен тыс сайлауды өткізу мерзімі Конституцияда да, «Сайлау туралы» Конституциялық Заңда да көрсетілмеген. Оның өткізілуі туралы шешімді Президент қабылдайды. Бұл саяси науқанның түрлі кезеңдерінің мерзімін ҚР «Сайлау туралы» Конституциялық заңының 66 (1) бабына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.

ҚР Конституциясының 3-бабында көрсетілгендей, «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық, халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді.

Халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге республика Президентінің, сондай-ақ өзінің Конституциялық өкілеттігі шегінде Парламенттің құқығы бар».

ҚР Конституциясының 33 (2) бабына сай республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар.

Бүгінде кез келген азамат сайлау кезінде байқаушы бола ала ма деген сұрақтар туындап жатыр. Сайлауға байқаушы ретінде республикадағы коммерциялық емес қоғамдық бірлестіктердің, саяси партиялардың өкілдері, шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыса алады.

Сайлау кезінде болған әртүрлі мәжбүрлеу, қысым жасау, зорлық әрекеттер Қазақстан Республикасының қылмыстық заңымен, әкімшілік құқық бұзушылық заңымен, басқа да заңдармен жазаланады. Осындай әрекеттерге куә болған азаматтар қадағалаушы орган – прокуратураға, сайлау учаскелерінің жетекшілеріне, Орталық сайлау комиссиясына хабарласуына болады.

Халқымыздың өсіп-өркендеуіне, келешегінің кемел болуына, әл-ауқатының артуына үлкен ықпал жасайтын мемлекет басшысы сайлауын әділ, шынайы өткізу үшін барлығымыз сайлауға түгел қатысайық!

Оралбай ҚҰДАЙБЕРГЕН, «Шымкент қаласының заң консультанттары палатасының» төрағасы.

Пікір қалдырыңыз