Өзімді оған тең көрмеймін

Рас айтамын, ғашық емеспін. Оған деген сезімімді махаббат деп айта алмаймын. Жай ғана қазақтың қылықты бір қызына деген сүйіспеншілік қана сияқты. Ол бойжеткеннің бойындағы маған ұнайтын қасиеттің бірі – ешкімге ұқсағысы келмейтін болмысы. Оның өз өмірі, өз ой-пікірі бар. Ал, бұл – қазіргі көп қыздың бойынан табыла бермейтін қасиет.
Бұрын тек әлеуметтік желіде сөйлесетін едік. Сол кездің өзінде оның бөлекше болмысы, ерекше ойлары маған басқаша әсер қалдырған. Оның айтқан сөздері де ешкімге ұқсамайтын. Ата-анасы оны өрелі етіп тәрбиелегені, кітапты көп оқитыны сөздерінен-ақ көрініп тұрады. Бірақ, өлең, әңгіме жазғанын көрген емеспін. Бір жағынан дұрыс та шығар?! Жеке өз басым қыз баласының өлеңмен «ауырғанын» қаламаймын. Бар білгенін ұл-қыздарының тәрбиесіне арнап, тәлімді ұрпақ тәрбиелесе, әйел затының үлкен жеңісі сол деп білемін.
Бірде қоғамдық көлікке мінсем, жүзі таныс бір бойжеткен маған қарап күлімсіреп тұр. Басында аса мән бермеген едім. Бірақ, анықтай қарағанымда сол қыз екенін білдім. Аз-кем тілдестік. Одан кейінгі күндері арамыз тіпті жақындай түсті. Телефон арқылы күнде сөйлесетін болдық. Бірақ, оған деген сезімімді махаббатқа ұластырғым келмеді. Себебі, өзімді оған тең көрмедім. Ақ ұлпа ақ қардай көңіліне, жібектей мінезіне «құлағаныммен», оның қасында өзімді қораш сезіндім. Ол қызды бақытты ете алмаймын-ау деп қауіптенемін. Оның маған деген сезімі бар ма, жоқ па, сұрамадым, білгім де келмеді. Тек әр сөйлескен сайын «бақытқа бөлейтін жақсы жігіт жолықса екен» деп іштей тілектес болып тұрамын. Мүмкін мен өз басыма қонайын деп тұрған бағымды ұшырып алғалы тұрған шығармын?! Әйтеуір сан күдік арадай талап маза бермейді...
Санат ПАЗЫЛ, ОҚМПИ студенті.