Iшек құрт аурулары...

Мәселеге бей-жай қарауға болмайды

 

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Әр он-он бес адамның бір-екеуін бүгінде ішек құрт ауруы мазалайтынын біреу білсе, біреу біле бермейді. Және ол тез жұғатындықтан дені сау баланың өзін жиі тексертіп тұрудың артықтығы жоқ. Ал, тексертіп, бас көтере бастаған дерттің алдын алу үшін арнайы емдеу мекемесінің болғаны абзал.

Міне, осыны айтқан арызданушы өз сөзін былайша сабақтады: «Менің өзімді бұл ауру бес-алты жылдан бері мазалап жүр. Әр ай сайын барып тексеріліп тұрамын. Бір өкініштісі, бізде бұл аурумен емдейтін мемлекеттік емхана жоқ. Тек жекеменшік емханаларда ғана емдейді. Бірі «Эскулап» медициналық орталығында болса,

екіншісі – «Қамқор» клиникасында. Шымкент қаласында миллионнан астам тұрғын болса, соның әр оныншысы осы аурумен ауырса, айналдырған екі емхана қайсыбіріне жетеді? Ондағы ұзын-сонар кезекті көрсең... Әсіресе, жанын қоярға жер таппай шырылдаған жас балалардың жағдайы алаңдатады» дейді өзін Нұрқанат Шаяхметов деп таныстырған қала тұрғыны.

Н.Шаяхметов бұл мәселе бойынша арызданып Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына да барған екен. Ондағылар «қазіргі таңда ішек құрт ауруларының алдын алу, диагностикалау, диспансерлік есепке алу және емдеу жұмыстарымен қаладағы емханалардың құрамындағы жұқпалы аурулар кабинеттері айналысады және тәулік бойы стационарлық емді қажет етпейтіндіктен ішек құрт ауруларымен ауырған науқастарға ауруханада бөлімше ашуға негіз жоқ» деп жауап берген. Сондай-ақ, аталған басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Т.Варзиловтың берген жауап хатында бұрын мұндай бөлімше болғаны да айтылады. Яғни, 2001 жылы 16 наурызда «Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны 10 төсектік бөлімше ашады. Бірақ, арада алты жыл өткенде басқа емдеу мекемелерінен жекелеген кабинеттер ашылуына, науқастардың стационарлық емді қажет етпеуіне, төсек-орын жетіспеуіне байланысты жабылып қалады.

Ресми органның «төсек-орын жетіспеушілігіне байланысты» дегенімен келісуге болатын шығар, бірақ, «стационарлық емді қажет етпейді» деп кесіп айтқаны қисынға келе қоймайтын сияқты. Өйткені, арызда көрсетілген мән-жайларды зерделеу барысында бұл ауруды соншалықты жеңіл-желпі аурулардың қатарына жатқызуға болмайтынына көзіміз жете түскендей болды. Аталған ауруды емдеу мүмкіндігі берілген екі емхананың біріне барғанымызда арызданушы айтқан ұзын-сонар кезекті біз де көрдік. Шынында да, аядай бөлменің алдындағы есікке телміріп, кезек күтіп тұрғандардың дені – жас балалар.

Дәрігердің қабылдауын күтіп отырған бес-алты жасар баланың анасын сөзге тарттық.

– Баламның тамаққа тәбеті болмай қалды. Учаскелік дәрігерге тексертіп едім, «эхинококкоз» деген диагноз қойды. Іштегі құртты ертерек алдырмасам, ауруы асқынып кетуі мүмкін екенін айтты. Содан сұрастырып жүріп, осы жерде емдейтінін білдік, – дейді ол.

Дәрігерге кіріп, мән-жайды түсіндіргеніміз сол, сөз тізгінін өзі алып, ақ желеңді абзал жанға тән кәсіби дағдымен аурудан сақтану жолдарын айта бастады.

– Құрттар ағзаға тамақ арқылы түседі, – деді «Эскулап» медициналық орталығының гельминтологы Лариса Өтегенова. – Мәселен, ет пен балықта майда құрттар көп болады. Балалар жақсы көретін «кириешки», «чипсыларда» да майда құрттар жетерлік. Шала қуырылған, аз қайнатылған аста олар тірі қалады да, ағзада да тіршілігін жоймайды, керісінше көбейіп, дами түседі. Жас балалардың ағзасы әлсіздеу болғандықтан мұндайда асқазан, кіндік тұсының ауыратынын айтуы мүмкін. Құрт ауруларының салдарынан адам көп терлейді, шаштары селдіреп, бетке ақтаңдақтар түседі» деген одан күніне қанша адам қабылдайтынын сұрадық. Ол күніне 15-20 науқасқа дейін келетінін жасырмады. «Мен дәрігер ретінде айтайын, бұл ауруға ұсақ-түйек мәселе деп қарауға болмайды. Әрине, ішіне құрт түскен адамның ажал құшқаны тіркелмеген шығар, бірақ, бір ауру екінші бір аурудың қозуына себеп болады емес пе?! Бізге көбіне ауруын әбден асқындырып алғандар келеді. Оларды бір күнде құлан-таза айықтырып жіберу мүмкін емес. Тазаланған ішекті бес-алты сағаттан кейін қайта шаю керек. Онымен де бітпейді, араға үш ай салып қайта тазалатқан жөн. Клизмадан кейін өздерін жеңіл сезініп, қайта келуді «ұмытып» кететіндер көп. Сол үшін оны қадағалайтын бөлімше болғаны жақсы.

Оның айтуынша, өзі жұмыс істейтін емхана ересек адамдарды 16 000 теңгеге, ал, жас жеткіншектерді 12 000 теңгеге емдейді екен. Бұл, әрине, анау айтқандай көп ақша емес. Бірақ, оның өзі қалтасына ауыр соғатын әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар бар. Демек, арыз иесі айтқандай, «бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды».

1 пікір

  • Карабекова Карлыгаш
    Карабекова Карлыгаш

    Саламатсыз ба бала эконокох бауырдан болган еді. Енді каннан титр бөбейген. Оны емдей аласыздарма

Пікір қалдырыңыз