Ақпараттық жүйеге толық қосылды

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан». «Цифрлы Қазақстан» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесінде ақпараттық технологиялар еліміздегі денсаулық сақтау саласының ажырамас бөлігіне айналып келеді. Бұл – құптарлық қадам. Расында да, дәрігерлер мен медициналық мекемелер күн сайын дерлік науқастарға қатысты көптеген мәліметтер жинайды. Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейін пациенттерді есепке алу және олар туралы деректерді тек қағаз жүзінде сақтап келді. Қазіргі таңда цифрландыруға байланысты медициналық ұйымдарда ақпараттық жүйелер (МИС) белсенді енгізілуде.
Ақпараттық жүйе дегеніміз – алдын-ала жинақталған құжаттар жиыны мен ақпараттық технологиялар желісі. Ол есептеу техникасы мен байланыс құралдарын қолдану арқылы ақпараттық үдерістерді жүзеге асырады. Ақпараттық жүйенің негізгі міндеті – халыққа кез келген жағдайда ақпараттық медициналық көмек көрсету, емдеу мекемелерін басқару мен денсаулық сақтау саласын ақпараттық тұрғыда қамтамасыз ету. Ақпараттық мағлұматтар медициналық өңдеу технологиялары арқылы іске асады.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде «қағазсыз ауруханалар» бағдарламасы аясында медициналық құжаттарды санды форматқа жүргізуді кезең-кезеңмен енгізу басталды. Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша бұл процеске ІT компаниялар тартылуда. Өңірімізде медициналық ақпараттық жүйені жеткізетін үш ұйым бар. Олар – «ЦИТ Даму» ЖШС (МИС «КМИС»), «Жарқын болашақ KZ» ЖШС (МИС «КазМедИнформ»), «Жетісу» ЖШС (МИС «көмек»). «Даму «ақпараттық технологиялар орталығы» ЖШС өзінің «КМИС» медициналық ақпараттық жүйесін 25 медициналық ұйымға енгізді. Олардың үлесіне атқарылған жұмыстардың 66 пайызы тиесілі. Ал, «Жарқын болашақ KZ» ЖШС 12 медициналық ұйымға «КазМедИнформ» медициналық ақпараттық жүйесін (бұл 32%) қосса, «Жетісу» ЖШС «Көмек» медициналық ақпараттық жүйесін бір медициналық (2%) ұйымға енгізді.
Түркістан облысында медициналық мекемелер (38) ақпараттық жүйеге 100% іске қосылды. Атап айтқанда, 121 медициналық форманың 74-і (61,1%) электронды нұсқаға көшірілді. Сөйтіп, өңіріміз бойынша 1 768 871 электронды төлқұжат жасалды.