Үшінші қала цифрланып жатыр

Мегаполисте әлеуметтік қызмет көрсету орталығы құрылып, жұмысын бастағалы да көп бола қойған жоқ. Айта кетейік, Астана қаласының 20 жылдығына орай ашылған бұл орталықта жұмыспен қамту және әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді. Мұнда тұрғындарға кәсіпкерлік, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бойынша қызмет көрсетіледі. Бұл Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы аясында айтылған талаптарды іске асыру негізінде құрылған. Күн сайын 1600 адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар орталыққа келушілер қазірдің өзінде көп. Қағазбастылықтан арылып, Елбасы өз Жолдауында атап көрсеткендей, нағыз цифрланған жүйе орнауына негіз қалауға ұмтылған орталық мамандары жұмысты жандандыра түскен.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өңірге жасаған іссапары барысында осы орталықтың жұмысымен арнайы танысты. «Shymkent» ӘКК төрағасы Рашид Аюповтың айтуынша, үшінші мегаполисті цифрландырудың нақты жобалары түзілген.
Әсіресе, арыз-шағым көп айтылатын білім беру жүйесінде білім беру сапасын жақсартуға және ашықтық қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған 4 жоба іске асырылуда. Мамандар (Іndіgo Blockchaіn бағдарламасын пайдалана отырып) бүлдіршіндерді балабақшаларға автоматты түрде қабылдауды бір жүйеге түсіргенін айтады. Ал, оқушыны мектепке қабылдау бойынша Sakura жобасы жүзеге асырылуда. Оқушылар арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау, оның алдын алу, жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын қылмыстарды азайту бойынша да сала мамандары арнайы жүйені іске қосып отыр. І-mektep, t-hunter (мұғалімдерді қабылдау бойынша) жобалары соның айғағы.
Цифрлы Қазақстанда қызметке қабылдау, бос жұмыс орындары туралы ақпарат дер кезінде ашық жарияланып, үміткерлердің бәріне бірдей жағдай туғызылуымен ерекшеленуі тиіс. Міне, осыны мақсат етіп алған ІT-мамандары Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша қазір медқызметкерлерді де жұмысқа қабылдаудың осындай бағдарламасын жасауда. Бағдарлама жалпыға ортақ қолданысқа енгізілген кезде дәрігерлер де қызметке тамыр-таныстықпен емес, өз білімі мен біліктілігін таныту арқылы тұра алатын болады.
– Бұл аз десеңіз, «Damumed» мобильді қосымшасы арқылы дәрігерді үйге шақыруға, дәрігердің қабылдауына үйден шықпай-ақ алдын ала жазылуға және емдеу мекемесінде есепке тұруға мүмкіндік беретін бағдарламаны жүзеге асырғалы жатырмыз, – дейді Рашид Аюпов.
Тағы бір айта кететін ақпарат, орталықтың «Қоғамдық көлік» жобасы аясында 2019 жылы 30 автобус электронды билет жүйесімен жабдықталады. Сонымен қатар, 2019 жылдың бірінші тоқсанында 300 жаңа автобус, 2019 жылдың соңына дейін тағы жаңа 700 автобус сатып алу жоспарлануда.
Тұрғындар тарапынан арыз-шағым көп айтылатын саланың бірі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы. Мұнда да жұмысты жандандыру мәселелері қолға алынып, арнайы жоба жасалуда. Сондай-ақ, қаланы басқару жүйесіне жасанды интеллектті енгізу жөніндегі жоба түзілген. Орталық мамандары қазір үш бағытта, яғни ақылды экономика, әлеуметтік сенім және АӨК бағалау бойынша модуль құруды қолға алып отыр.
Ж.ЕРЖАНОВА.