Дәрігер Досанбаев

Ажар БЕРМҰХАНОВА, «Оңтүстік Қазақстан». «Дәрігерде қыранның көзі, қыздың саусағы, жыланның даналығы, арыстанның жүрегі болуы керек». Әбу Әли ибн Сина.
Кәрібай Досанбаев Қарабау ауыл округіне қарасты Жұмысшы елді мекенінде дүниеге келген. Табиғатынан қарапайым, сабырлы, атпал азаматты аудан халқы жақсы таниды. Кәрібай аға адам жанының арашашысы – дәрігер болуды бала кезінен армандаған екен.
1967 жылы орта мектепті бітіріп, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келді. 1971 жылы Шымкент медициналық училищесіне оқуға түсіп, оны үздік дипломмен бітірді. Ол кезде оқу орнын тәмамдаған әрбір жас маманды республиканың түкпір-түкпіріне қызметке жолдамамен жіберетін. Осылайша ол алғашқы еңбек жолын Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, «Абай» кеңшарында фельдшер болып бастады. Көп ұзамай жұрт арасында қолы жеңіл фельдшер атанып, есімі ауызға ілікті. Кейін білімін ары қарай жетілдіру мақсатында Алматыдағы медицина институтына оқуға түсті. Жоғары оқу орнын емдеу ісі бойынша ойдағыдай бітірген маман Қазығұрт ауданының «Шанақ» кеңшарында дәрігер болып қызмет атқарып, ауылда 25 төсектік аурухананы ашуға үлес қосты. Кейін Алтынтөбе ауылдық округіне қарасты «Алтынтөбе» кеңшарына ауысты. 1993-2006 жылдары Қазығұрт аудандық емхана меңгерушісі, медицина статистикасы бөлімінің меңгерушісі, бас дәрігердің төтенше жағдайлар жөніндегі орынбасары болып еңбек етті.
2006-2008 жылдары Қызылқия ауылдық дәрігерлік-амбулаториясында аға дәрігер, одан зейнеткерлікке шыққанға дейін Қазығұрт аудандық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері болды. Қай жерде еңбек етсе де өз ісін жетік білетіндігімен көзге түсті. Науқастарға үнемі мейіріммен қарайтын дәрігер өз ұжымында беделді, ұтқыр ұйымдастырушы болды. Қиындығы мен қуанышы қатар жүретін денсаулық сақтау жолында көп ізденіп, талмай еңбектенді. Сөйтіп, көпшілік құрметіне бөленді. Ол кісінің ақыл-парасаты, болмыс-бітімі ешкімге ұқсамайды. Бір қараған адамға науқасты дәрімен емес, шуақты әңгімесімен емдеп жатқандай көрінеді. Сырқатынан сауығып кеткендер алғысын айтып жатқанда дәрігер кәдімгідей марқайып қалады.
Бүгінде оның омырауында «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 және 25 жыл» мерекелік медальдары жарқырайды. Елбасыдан, облыс, аудан әкімдері, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылары тарапынан алған Алғыс хаттары және бар. Сондай-ақ, «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «ҚР Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін, «Алтын дәрігер» төсбелгілерімен, «Қазығұрт ауданына 90 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. 2013 жылы Қазығұрт ауданының құрметті азаматы атанды.
Бүкіл ғұмырын медицина саласына арнаған ол құрметті демалысқа шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылып жүр. Бұл күндері осы салада сарапшы дәрігер болып істейді. Тәуелсіз сарапшы, Қазығұрт ауданындағы медицина қызметкерлері ардагерлер кеңесінің төрағасы, Түркістан облысы медицина қызметкерлері қоғамдық кеңесінің Қазығұрт ауданы бойынша төрағасы.
Кәрібай ағай отбасында – үлгілі әке, қоғамда – білікті дәрігер. Әйелі Шәрипа Әбдуәліқызымен отандасқанына 40 жылдан асты. Бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, Нышанбай, Зүбайра, Сәбира, Майра, Олжас, Әбдіғаппар есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп өсірді. Әрқайсысы өз салаларының майталман мамандары. Үлкен ұлы әке жолын жалғастырып, дәрігер болды. Ол Астанадағы ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығында қызмет етеді. Сәбирасы да дәрігер. Отанасы Шәрипа Әбдуәліқызы аудандағы ұстаздардың көшбасшысы болды. Ол кісі де зейнеткерлікте. Ерлі-зайыптылар ұл-қыздарынан 13 немере сүйіп отыр.
Қазығұрт ауданы.