Сүйек ұстағанның бәрі, сынықшы емес

  Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан». Асылханның есіне сол күнгі оқиға түссе болды, бойын үрей билеп, ала таңды кірпік қақпай қарсы алады. Іштей тағдырына лағынет айтып, нағыз қамал алар шағына келгенде қоларбаға таңылып, қауқарсыз күйге түскені жанын жегідей жеп тынады. Әлі есінде, Төрткүл ауылындағы тойханадан кештетіп шыққан ол үйге дейін сергіп алуды ойлап, күре жолда жаяулатып келе жатқан. Кенет аялдамадан сәл ұзағаны сол еді, құйғытып келе жатқан көлік мұны жанамалай соғып, әудем жерге тас лақтырғандай ұшырып жіберді. Одан арғысы есінде жоқ. Кейін белгілі болғанындай, біреулер ес-түссіз жатқан оны түнде ауруханаға әкеліп, дәрігерге тапсырған. Соққының ауыр тигені соншалық, белінен төмен жансызданып, екі аяғын мүлде басудан қалған. Екі ай ауруханада жатып, тиісті ем-дом қабылдағанымен, онысы дертіне дауа болмады. Ақырында «бұдан артық ештеңе болмайды» деп мұны ауруханадан шығарып тастайды. Кеше ғана тау қопарып, тас уатқан арыстай азаматтың дәрменсіз күйін көрген ағайын-туыстың ойына осы кезде сынықшы Қуандық орала кетеді. «Оқығандарды да көрдік қой, Алла шипасын берсе, сынған сүйектің сырына қанық жаннан да ем табылар» деп бір топ ағайын Асылханды алып, сынықшының ауылына жол тартты.

Сынықшы Қуандық Асылханды екі жыл емдеп, өзі жүріп-тұратын халге келтірді. Қазір де ара-тұра Шолаққорғанға барып, сынықшының қолынан он күндей ем алып қайтады. Кезінде шолақ ойлап, бұдан жалт бұрылған аяулы жары бұл аяққа тұрған соң шаңырағына қайта оралып, көп ұзамай қызды болды. Не керек, сынықшы Асылханның неше жылғы  бейнетін бір-ақ сәтте ұмыттырғандай болды.

Атадан балаға қонатын ерекше сынықшылық қасиет, Қуандық ағаның айтуынша, нағашыларында болыпты. Анасы Береке жастау кезінде ел-елді аралап, бала көтермеген немесе жын соққан әйелдерді емдейтін болған. Кейінірек сынықшылыққа ойысып, осы кәсіпке түбегейлі бет бұрған көрінеді. «Сынық-шылықты кез келген адам үйрене алмайды»    дейді    Қуандық   аға.  – Себебі, қан жүйесінің қозғалу бағытын, тамыр соғысын, тек ішкі түйсік арқылы біліп, байқап барып ем жасамаса, қанына бітпеген жанға оны үйрену мүмкін емес. Буынды жіліктер сынғанда оның қан айналымы бойынша бағытын айқындап, біліп отыру керек. «Қалай, қайтіп, неге сүйеніп?». Бұл жағын түсіндіріп бере алатын сынықшы болмайды. Себебі, әр сынықшының ішкі түйсігі, қолының ептілігі әрқалай. Мәселен, менің қолымда 32-36 дәрежелі энергиялық қуаттылық, яғни биоток бар. Мұны бірде сынап та көргем. Сондықтан сүйек ұстағанның бәрін сынықшы деуге келісе бермеймін. 

Қуандық аға өзі ешқашан да сынықшы боламын деп ойламаса керек. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын ата дәстүрдің бойына қонғанын алғашқыда   өзі  де  байқамаған.  1976 жылдың шамасы болуы керек, бірде үйіне Құмкент ауылынан егіз қыз келеді. Бірінің жамбасы тайып, екіншісінің қол сүйегі шытынап, анасынан көмек сұрай келіпті. Хал үстінде жатқан анасы қолының қуаты қайтқанын айтып, мұның жайын ұлы Қуандыққа тапсырады. Анасының айтуымен шыққан жерді сипалап, сүйекті орнына түсіреді. Осы кезде қолына ерекше күш бітіп, ішкі түйсігінде адам сенгісіз құбылыс пайда болады. Бір қызығы, сүйектердің орны өзіне ғана білініп тұратын болған. Осылайша, анасының «бұл қасиет ұрпағымнан ешкімге қонбағаны ма?» деген қынжылысының орнын толтырған. Бүгінде сексеннің сеңгіріне аяқ басқан Қуандық Мақымұлы сынықшылығым бар деп жарияға жар салып, жарнама беруден аулақ. Десе де, жарақат алып, шипасын сұрай келгендерді кері қайтармайды. Төрге шығарып, жағдайын ыңғайлап, сынған, шыққан жерінің емін жасайды. Айта кететіні, ешкімнен ақы сұрамайды. Алланың берген қасиетін қастерлеп ұстауға ниеттенген біртоға азамат зардап шеккен жандардың азабын жеңілдетуге ғана құштар.

Біздің келтіріп отырғанымыз сынықшы Қуандықтың шапағаты тиіп, жарақаттан жазылып кеткендерінің мыңнан бір мысалдары ғана. Ауыл арасындағы сүйектері сынған, қолы, тобығы шығып кеткендерді емдеп жазғанын айтпағанда, арысы Астана, берісі Жамбыл облысынан ат арылтып келетіндер қаншама?!  Сондықтан болар, оның сынықты салу қасиетіне мен деген дәрігерлердің өзі таңқалады екен. Сынықшы-ның атақ-даңқ қумағанына тағы бір дәлел, өзін жарнамалауға құмар кейбір емшілер сияқты алдына келіп жазылып кеткендердің тізімін алып, тілегін жаздырып, қаттап отыруға құлықсыз. Бұл да қасиет қонған жанның қарапайымдылығы, адалдығы, адамгершілігі екені сөзсіз.

«Сынықшы біткен ақшаны күреп табады деп ойласа керек, бірде дәрігерлер үстімнен арыз жазыпты, – дейді ағамыз ақыға байланысты бір қызық жайды еске түсіріп. – Арыздың төркіні Қуандық деген біреу шықты, адамдар дәрігерге көрінуді қойды, емханаға науқастар аз келетін болды дегенге саяды. Ойлап қарасам, біреуден бие немесе түйе бұлдап көрмеппін. Оның үстіне салған сынығымның шор боп бітіп, қор боп қалғаны жоқ. Милиция сұрақты үсті-үстіне төпелеп, заңсыз ақы алатынымды делелдемек болып жанталасып-ақ жатыр. Өкіметке қанша салық төлейтінімді де білгісі келеді. Бір кезде қулыққа басып, ақы бергендердің аты-жөнін жасырмай айтайын дедім. Баласын аяққа тұрғызғаным үшін ауданның бірінші хатшысы түйе берді. Мұны бір деп қой. Дәл сондай еміме деп екінші хатшы жылқы мінгізді. Қызының сынған шынтақ сүйегін салып беріп ем, кеңшар директоры сиыр жетектетіп жіберді. Күмәнің болса, осы кісілердің өзінен сұрарсың дедім. Осыдан кейін тексерушілер мазалауын қойды».

Сынықшымен әңгімелесу барысында халықтық медицинаның беймәлім көптеген сырларына қанық боласыз. Расында, біз бүгінде қазақтың өзіне тән сынықшылық өнерінен алыстап кеткеніміз жасырын емес. Мұнымен бүгінгі заманның медициналық жетістіктерін жоққа шығарғымыз жоқ. Дегенмен, қазақтың сынықшылық өнерін, сол жолда жүрген қолы шипалы сынықшылардың бар екенін естен шығармауымыз керек. Өйткені, халқымыздың ежелден келе жатқан сынық салу дәстүрінің пайдасы болмаса, зияны жоқ. Оны кезінде ата-бабаларымыз да білген. Сол емді пайдаланған олардың денсаулығы бізден әлдеқайда жақсы болмаса, кем болған жоқ. Олай болса, сынықшылардан мүлде бас тартып, қызметтерін тәрк етпей, олардың да жасайтын емін өз ретімен қолданып тұрғанымыздың еш артықшылығы жоқ. Заманауи медицинаның қажеттілігі қандай керек болса, сынықшылықтың да қарапайым халық үшін қажет  екенін ұмытпағанымыз абзал.

1 пікір

  • Жұлдыз
    Жұлдыз

    Бұл кісіні қай жпрден іздеп табуға болады

Пікір қалдырыңыз