Мұғалім ұлтты тәрбиелейді

  Жас ұрпақтың жаңаша ойлауына, дүниетанымының қалыптасуына ықпал ететін орын – мектеп. Әр мұғалім өз алдына «бір баланы ғана емес, тұтас ұлтты тәрбиелеп отырмын» деп мақсат қойып, дәріс берсе, олар нағыз толыққанды тұлғаға айналады.

 

Қазіргі жаһандану заманында бала қабілетін ашу оңай емес. Өйткені, мектепте, үйде, көшеде, кез келген жерде интернет қолжетімді. Іздеген затын, сұрақтың жауабын қалта телефонынан-ақ таба алады. Оған кітапханаға барып кітап ақтарудың, дүкендер аралап, шаршаудың керегі жоқ. Президентіміз айтқандай, өмірдегі өзгерістердің бәрі де осы жастардың игілігі үшін жасалып жатыр. Бұл тұрғыда №89 мектеп-лицейі оқушыларға жан-жақты білім берумен қатар, еңбекке де баулиды. Мәселен, жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес биология пәні бойынша әрбір білім мекемесінің ауласында оқу тәжірибе алаңы болуы тиіс. Мұндай тәжірибе алаңы бізде бар. 2012 жылдан бері оқу тәжірибе алаңы салынып, оқушылардың сыныптағы теориясын іспен дәлелдеуге мүмкіндік жасалған. Демеушілер көмегімен 300 шаршы метрге жылыжай өсірілген. Тәжірибе алаңында «Терек ағашын вегативті көбейту жолдарын зерттеу», «Раушан (роза) гүлін вегативті жолмен көбейту», «Шырайгүл (петуния) өсіріп баптау», «Биогумус дайындау», «Телу және ұластыру», «Емдік қасиеті бар өсімдіктерді зерттеу», «Тұқымнан жеміс ағаштарын көбейту» жұмыстары жолға қойылды. Онда үйірмеге қатысатын балалар бақылау, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Нәтижеде олардың бойында экологиялық сауаттылық қалыптасты. Жылда оқу тәжірибе алаңынан 20-25 дана гүл, 2 мыңдай терек көшетін шығарып, қала мектептері мен балабақшаларға, қарттар мен сәбилер үйлеріне, ҰОС, Ауған соғысы ардагерлері мен «Асар» шағынауданы тұрғындарына тарту етіледі. Қазіргі таңда мектеп-лицей ауласында 30 мыңнан астам полиэтилен стаканға отырғызылған гүл көшеттері (петуния, тагис) дайын. Болашақта Шымкент көшелерін гүлзарларға айналдырсақ деген ой да жоқ емес.

Сонымен қатар, №89 мектеп-лицейі директоры Қасымбай Атабаевтың бастамасымен істеліп жатқан жұмыстар да жетерлік. 450 оқушы ғылыми жұмыстармен айналысады. Интерактивті тақтада сабақ өту барысында мұғалімдер онлайн әдіс-тәсілдерді қолдана отырып жұмыс істейді.

Жаңа адамды тек жаңашыл ұстаз ғана тәрбиелей алады. Расында, бала болашағының шоқтығы биік болмағы ұстазына байланысты.  

Фарида БАЙЫРБЕКОВА, №89 мектеп-лицей мұғалімі. Шымкент қаласы.

Пікір қалдырыңыз