ОҚМПУ – ұстаздар ұстаханасы

Ерболат АЙНАБЕКОВ, Оңтүстік Қазақстан». Еліміздің білім беру саласы 713 жас педагогпен толықты. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті биыл осынша түлекке диплом беріп, үлкен өмірге жолдады.
Түлектерге диплом тапсыру рәсімі университеттегі Студенттер алаңында өтті. Салтанатты шараның ашылуында университет ректоры, профессор Оңалбай Аяшев сөз сөйледі. Ректор түлектерге сәт-сапар тілеп, үздік бітіргендерге «қызыл диплом» табыстады.
Жоғары білім беру саласы қызметкерлері халықаралық ассоциациясының ұйымдастыруымен 30-31 мамыр күндері АҚШ-тың Филадельфия қаласында орналасқан Пенсильвания университетінде өткен қазақ- американ жоғары оқу орындары ректорларының ІІ форумына қатысып қайтқан Оңалбай Аяшұлы өз әсерімен бөлісті: «Ертегідегідей жұмақ мекен Қазақстанда екеніне тағы да көз жеткізіп қайттым. Біз – бақытты ұрпақпыз! Елін сүйген, елі сүйген Елбасының кемеңгер саясатының арқасында арман болған талай мақсатқа қол жеткіздік. Енді сіздер сол жолды жалғастырушысыздар. Сіздерге артылған жауапкершілік пен сенімді, үмітті ақтап, Қазақстанның қарыштап дамуына бір кісідей үлес қосу – азаматтық парыздарыңыз. Сол жолда сіздерге талмас қанат, жасымас жігер, қайтпас қайрат, күш-қуат тілеймін!» деді ол.
Бұдан кейін үздік диплом тапсыру құрметі университеттің интернационализация жөніндегі проректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, Гарвард университетінің профессоры Джордж Неофостистосқа берілді. Ол бұған дейін Еуропаның бірнеше елінің жоғары оқу орындарында қызмет етіп, талай іс-шараның куәсі болса да, бүгінгі жиынның олардан өзгеше екенін, керемет әсерде отырғанын атап өтті. Түлектерге ағылшын тілін меңгере отырып Еуропа кеңістігіне шығуға кеңес берді. Университетке келген 2-3 айдың ішінде ұжымның ұйымшылдығына, іскерлігіне тәнті болған Джордж мырза сөзінің соңында қазақ тілінде тілек айтты.
Қарашаңырақ оқу ордасының 1961 жылғы түлегі, облыстық партия, комсомол комитеттерінде жауапты қызметтер атқарған, облыстық білім бөлімі, кәсіподақ комитеттерінің басшысы болған ардагер ұстаз Раиса Ахметова, Шымкенттегі Саттар Ерубаев атындағы №24 орта мектеп директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Ұлжалғас Есім, Оңтүстік Қазақстан облысының білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Жанат Тәжиева, Сайрам ауданының әкімі Бақтияр Мамаев түлектерге дипломдарын салтанатты түрде табыс етті.
ОҚМПУ – ұстаздар ұстаханасы. Мұнда ғылым докторлары, ардагер ұстаздар жас ұстаздарға үлгі-өнеге көрсетіп қана қоймай, білгендерін бөлісіп отырады. Сондай тәлімгерлердің бірі – орыс филологиясы факультетінің 1974 жылғы түлегі, Қазақстан Республикасы білім беру саласының құрметті қызметкері, «Орыс тілі және әдебиеті» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының докторы Нарожная Валентина Дмитриевна. Ардагер ұстаз асқан сүйіспеншілікпен түлектерге тілегін арнап, үздіктерге дипломдарын табыстады.
ОҚМПУ – өңірдегі ең мықты ғалымдар мен әдіскер оқытушылар шоғырланған іргелі оқу ордасы. Осындай мықты ұстаздардың бірі – ҚР Білім және ғылым министрлігінің «2017 жылдың жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері, 2018 жылы Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) өткізген ұлттық рейтингтің жоғары оқу орындарындағы профессор-оқытушылар құрамының ТОП-50 бас рейтингісіне есімі енген ғалым, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Иманбаев Нұрлан Сайрамұлы. Үздік түлектерге диплом табыстаған үздік оқытушы жастарды тынымсыз еңбек етуге, жаңашылдыққа үрке қарамастан, оны дұрыс қабылдай білуге, ғылыммен айналысып, еліміздің өсіп-өркендеуіне атсалысуға, азаматтық борыштарын адал атқаруға шақырды.
Университеттің физика-математика кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, 2018-2020 жылдар бойынша гранттық қаржыландыру ғылыми жұмыстарының жетекшісі, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Роза Қадырбаева – ұжым мақтанышы. Іскер ұйымдастырушы, ғалым-ұстаз осы оқу жылында тынымсыз еңбегінің нәтижесінде мемлекет бөлген гранттық жобаны жеңіп алды. Диплом тапсыру рәсімінде Роза Ізтілеуқызы бітірушілерге сәт-сапар тілеп, биік белестерді бағындыруларына ниеттестік білдірді.
Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының түлегі, жас ақын Айдана Ораз жүрекжарды тілегінде білім берген университетіне, ұстаздарына деген ризашылық сезімін өлеңмен өрнектеді. Студенттік шақтың бақытты сәтін, ұстаздар мен басшылардың қамқорлығын сезінгісі келген мектеп бітірушілерді өзі білім алған оқу орнына келуге үндеді.
Расында да, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті қайта қалпына келтірілген 7 жылдың ішінде көптеген ірі жетістіктерге қол жеткізіп, республика көлеміндегі іргелі оқу орнына айналды. 80 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 қарашадағы Қаулысымен университет мәртебесін иеленді.
Еліміздегі жоғары оқу орындары арасында алғашқылардың бірі болып қосарланған 6 мамандыққа лицензия алып, республика бойынша осы мамандықтарға бөлінген мемлекеттік білім грантының 70 пайызын жеңіп алды.
Ең ірі жетістігі – 2017-2018 оқу жылында 14 мамандық бойынша магистратура, 7 мамандық бойынша докторантураға лицензия алды. Алдағы уақытта 8 мамандыққа магистратура, 7 мамандыққа докторантура ашылады деп жоспарлануда. Мұндай көрсеткіш – университет болғанына жыл толмаған білім ордасы үшін өте үлкен жетістік. Жұдырықтай жұмыла жұмыс істеген ОҚМПУ ұжымы қысқа ғана уақыт ішінде осындай үлкен-үлкен биіктерді бағындырды.
Университет АРТА агенттігінің институционалды рейтингінің нәтижесі бойынша (Генеральный рейтинг) еліміздегі ең үздік 20 жоғары оқу орнының арасында 11-орынға, педагогикалық бағыттағы мамандар даярлайтын жетекші жоғары оқу орындарының арасында 6-орынға ие болды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық жоспарлары мен бағдарламалық мақалаларын негізге ала отырып жасалған университеттің ұзақ мерзімге арналған даму жоспарына сәйкес, университеттегі оқу, тәрбие, ғылыми жұмыстар жүйелі және табысты жүргізіліп келеді. Бүгінде университетте үш тілде білім беру бойынша 300-ге жуық студент қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде білім алса, осы оқу жылынан бері физика, информатика, химия, биология мамандықтарында дәріс таза ағылшын тілінде оқытылуда.
Қаншама талантты түлеткен ұстаздар ұстаханасы, қасиетті қарашаңырақ Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті – жаңашылдықтың жаршысы, жақсы істердің ұйытқысы. Мұның барлығы – іскер, жанашыр басшы Оңалбай Аяшұлы мен ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегі.
Әсем әнмен, күмбірлеген күймен, ырғақты вальспен көмкерілген салтанатты жиын өте жоғары деңгейде өтті. Түлектердің жүзіндегі қуаныш пен оқу орнына деген мақтаныш сезімінен қимастықтың да табы жатқанын аңғармау мүмкін емес еді.
... Енді қимағанда, адам жақсы нәрсені қимайды да!