Кіндік... әке

  Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Оңтүстік Қазақстан».

 

Сәби сәулелі әлемнің есігін ашысымен оның кіндігі кесілетіні белгілі. Бағзы замандардан халқымыз оған ерекше көңіл бөлген. Сондықтан кіндікті кез келген адамға кестірмеген. Енелер келіндері құрсақ көтерісімен кіндік кесетін адамды алдын ала ойластыра бастаған. Ақылына көркі сай, айналасына шуақ шашып жүретін көргенді келіндер іріктелінген. Сонымен қатар аяғы ауыр келіншектер босанғалы жатқан келінге ақыл-кеңестерін айтып, көмектесіп отырған. Бала өскеннен соң кіндік шеше оның екінші анасы ретінде құрметтелінген. Ертеректе перзентін ұзақ күткен адамдар баласының кіндігін ырымдап ер адамға кестіргенін де ұмытпағанымыз жөн. Қазіргі медицина дамыған заманда дүниеге келген нәрестелердің кіндігін ер адамдар да кесіп жүр.

Біздің кейіпкер кездейсоқ куәгер немесе құтқарушы емес. Ол – нағыз дәрігер. Алматы мемлекеттік медицина институтының акушерлік іс және гинекология факультетін бітірген өз ісінің нағыз маманы. 1994 жылы дипломмен ауылға оралған Ерболат Өзбекұлы алған мамандығы бойынша осы салада еңбек етіп келеді. Алған білімін одан әрі шыңдай түскен ол бөлім меңгерушісі, қалалық перзентхананың бас дәрігері сияқты баспалдақтардан өтті. Мәскеу, Челябинск, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында білімін жетілдіру курстарынан өтті. Аттестациялық комиссияның шешімімен І дәрежелі акушер-гинеколог атанды. Мамандығына қатысты бірнеше ғылыми еңбектер жазды. «Қауіпсіз ана» бағдарламасы бойынша ана мен баланың өмірін қорғауда талмай ізденіп, жемісті жетістіктерге жетті.

Бүгінде Арыс қалалық орталық ауруханасы әйелдерді босандыруда жаңа технологиялар бойынша жұмыс істеп келеді. Осы әдісті қолдану нәтижесінде ана мен бала өлімі айтарлықтай азайған.

– Арыс қаласында және оған қарасты елді мекендерде жыл сайын мыңға жуық нәресте дүниеге келеді. Мың ана – мың тағдыр. Олардың бірқатары жүктіліктің алғашқы кезеңінде дәрігерге қаралмайды, баланы сақтау шараларын қарастырмайды, мамандардан ақыл-кеңес алып тұруды да ұмытады. Ал, мұның азабын келіншек бебеулеп перзентханаға түскенде біз көреміз. Әйелдің босануы қиындағанда амалдың жоқтығынан оперативтік технологиямен кесарь тілігі жасалады. Сондықтан біз құрсақ көтерген аналарға дәрігерге алдын ала қаралуға кеңес береміз, – дейді Арыс қалалық орталық ауруханасы перзентхана бөлімінің меңгерушісі Ерболат Рақымбаев.

Жиырма бес жыл! Ширек ғасыр! Бұл, әрине, аз уақыт емес. Ерболаттың осы салада қызмет атқарып келе жатқанына осынша уақыт болыпты. Егер сіз бағамдап отырсаңыз, өткен кезеңдерде Ерболаттың қаншама балаға кіндік әке атанғанын білер едіңіз. Міне, ол осылай жерлестеріне шаттық шуағын шашып жүр.

Иә, дүниеге шыр етіп нәрестенің келуі қандай қуаныш, қандай бақыт! Көптен күткен перзентінің шар еткен даусын есітіп, қуаныштан есеңгіреп қалған әкелерді ол талай рет көрді. Бүгінде әйелдерді босандыру кезінде жанында күйеуінің немесе жақын жанашыр адамының болуына рұқсат беріледі. Міне, осындайда ол талай адамның бақыттан бал-бұл жанған жүздерін көру қуанышына ие болды.

Ана жолы ғой, алыс ауылдардың бірінен әне-міне босанғалы отырған келіншек жеткізілді. Ерболат әйелге партограмма жасатты. Сұрастырса, жүкті келіншек осыған дейін дәрігерге бірде-бір рет көрінбепті. Есесіне іштегі шарананың мойнына кіндігі оралып қалған. Анасы әлсіз. Оның үстіне бала жатырда теріс қарап жатыр. Мұндай жағдайда ана мен бала өміріне үлкен қауіп төнеді. Ерболат қажетті шаралардың барлығын да жасады. Акушерлерге қайта-қайта тапсырма беріп, әйелдің жағдайын жіті қадағалап отырды.

Таң сыз бере шар ете қалған нәресте даусы перзентхананы жаңғыртып жіберген. Әкесінің сондағы қуанышын, көз жасын көрсеңіз...

Міне, осындай жүрек тербетер жағдайлар оның қызмет барысында күн сайын дерлік кездеседі. Ол өз мамандығын сондықтан да жақсы көреді. Иә, мамандығын дұрыс таңдай алған және оны шебер меңгерген адам өмір атты соқпақта адаспайды.

Ерболат Рақымбаев басқаратын перзентхана қызметкерлерінің алдында үлкен мақсат бар. Ол әйелдердің дүниеге дені сау бала әкелуіне көмектесу, ана мен бала өлімін барынша азайту. Әйелдердің босанғаннан кейінгі күтіміне көңіл бөлу. Нәрестелердің дұрыс дамып келе жатқанын қадағалап, тиісті ем-дом жасап отыру.

Пікір қалдырыңыз