Қазақтың арда азаматы

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Сұраншы батыр атындағы тарихи тұлғаларды зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Қазақтың арда ұлы Асанбай Асқаров» атты іс-шара өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткен алқалы жиында университет ғалымдары Социалистік Еңбек Ері, экономика ғылымының кандидаты Асанбай Асқаровтың өмір жолы мен ғылыми және саяси еңбектері жайлы баяндамалар жасады.
Қазақтың маңдайалды азаматы Асанбай Асқаровтың көп қабатты үйлер, жасанды көл, мәдени, спорт кешендерін, сауда орталықтары мен «Сарыағаш» санаторийін салудағы ерен ерлігін өскелең ұрпақ біліп өсуі тиіс. Әсіресе, балалар мен жастар үшін дендробақтың, зообақ пен ипподромның маңызы зор екені даусыз. Оның «Тағдыр», «Жұмақ пен тозақ жырлары», «Көзқарас», «Ұлы Тұранның ұлдары», «Мен еліммен біргемін», «Өлмейтұғын артымда сөзім қалса» деген секілді еңбектері бүгінгі ұрпаққа мұра болып қалды.
«Адам өлген күні өлмейді, ұмытылған күні өледі» деген сөзі бар. Сондықтан артында өшпейтін із қалдырған Асанбай Асқаровтың есімі де таудың алыстаған сайын биіктей түсетіні секілді халықтың есінде мәңгілікке қала бермек.
Сәуле РЫСБАЕВА, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің Сұраншы батыр атындағы тарихи тұлғаларды зерттеу орталығының жетекшісі.