Орны бөлек Орынбай ақынның рухы қайта жаңғырды

  Жәмила МАМЫРӘЛІ, «Оңтүстік Қазақстан». Бәйдібек ауданының 90 жылдығына және халық ақыны Орынбай Тайманов-тың туғанына 150 жыл толуына орай осы аудандағы Боралдай ауылында үлкен іс-шара өтті. Дүбірлі тойға жиналғандар алдымен О.Тайманов кесенесіне барып, ақын рухына Құран бағыштады.

 

Боралдай ауылындағы Қаратау мәдениет үйінде жалғасын тапқан дүбірлі тойда аудан әкімі Б.Танагөзов көп жылдан бері назардан тыс қалып, кірпіштері кертіліп, құлағалы тұрған ақын кесенесін қалпына келтіруге үлес қосқан азаматтарға алғыс айтып, олардың кеуделеріне ақынның 150 жылдық мерейтойына арналып жасалған медаль тақты. Туған жерді түлетуге өзіндік үлестерін қосып жүрген кәсіпкер азаматтар Ерқуат Байзақовқа, Сайлаубек Сиқымбаевқа, Нұрбай Зиябекке, Өмірзақ Көпесовке медальмен қатар аудан әкімінің Алғыс хаттары салтанатты жағдайда табыс етілді.

Той қарсаңында белгілі қаламгер Бағдат Қалаубайдың жинақтауымен Орынбай Таймановтың шығармалары аудан әкімдігінің демеушілігімен 32 баспа табақ болып жарық көрді. Кітаптың тұсауын белгілі жазушылар Еркінбек Тұрысов пен Мархабат Байғұт кесті.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылып отырған іс-шараның негізгі бөлімінде республикалық ақындар айтысы болды. Айтысқа қатысушы белгілі ақындардың қадамына аудан әкімі Бақытбек Танагөзов сәттілік тіледі.

– Елбасының осынау бағдарламалық мақаласында ұлттық салт-сананы жаңғырту, дәстүрді дәріптеуге баса мән берілген. Ұлттың рухын көтеретін өнер – айтыс. Қазақта ақын көп, бірақ Орынбай Тайманов жалғыз. Жамбыл Жабаев Таймановқа «Тау құдірет» деп ат берген. Елдің жайын жырға қосып, туған жерді жырына арқау еткен Таймановтың тойын дүбірлетіп өткізу – біз үшін үлкен мәртебе. Бәйдібек – киелі жер. Оған Бәйдібектен бес министрдің шығуы, облыстарды басқарған бес әкімнің жемісті еңбек етіп келе жатқаны дәлел бола алады. Ауданның 90 жылдығында біз осындай азаматтарымызбен мақтанамыз, – деді аудан әкімі.

Ауданның гүлденуі мен өркендеуіне ғана емес, Орынбай Таймановтың насихатталуына да үлес қосқан Оразкүл Асанғазы, Мархабат Байғұт, Жеңісбек Мәуленқұлов, Ағабек Сүгірәлиев, Серікбай Тұржан, Бағдат Қалаубай, Құралбек Ергөбек, Баян Бекетова, Жарылқасын Дәулетов, Нармахан Бегалыұлы сынды қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушыларға О.Тайманов атындағы мерейтойлық медальдар табыс етілді.

Шара республикалық ақындар айтысына жалғасып, сөз сайысына бес жұп, яғни он ақын қатысты. Олардың арасында Ақмарал Леубаева, Ринат Зайытов, Рүстем Қайыртай, Біржан Байтуов секілді танымал есімдер бар.

Жыр додасында, әсіресе, Орынбай Таймановтың ауыр тағдыры мен шығармашылығы туралы көрерменге кестелі өлең арнаған Қажымұқан Абзаловтың, Бәйдібек ауданының кешегісі мен бүгіні туралы айтып, елдің жетістігін жырлаған Біржан Байтуовтың, Шығыстағы елдің аманатын арқалай келіп, Оңтүстіктің оң жетістіктерін тізбелеген Рүстем Қайыртайдың сөз саптаулары көрерменге ерекше ұнады.

Айтыстың қорытындысы бойынша бас жүлде – автокөлік бәйдібектік Біржан Байтуовтың қанжығасына байланса, бірінші орын алматылық Ринат Зайытовқа, екінші орын бәйдібектік Қажымұқан Абзаловқа, үшінші орын семейлік Рүстем Қайыртайға бұйырды. Ал, қалған ақындар аудан әкімдігі дайындаған Айнабек Нысанов, «Манат қыз», Аманбай Қанашаев, Абай Айнабеков, Гүлсім Әділбекова атындағы арнайы жүлделермен марапатталды.

Пікір қалдырыңыз