Ол анасын табатынына сенеді

  Бүгінде өмірдің сынағына шыдай алмай, сүрініп кетіп жүргендер аз ба?! Он екі мүшесі сау бола тұра жалғаннан баз кешіп, өмірден күдер үзгендер де ара-тұра кездесіп қалады. Ал, мүгедектер керісінше, талабы мен құлшынысы, ерік-жігерлері мен қайраты мықты, тастай берік. Тағдырдан теперіш көрсе де қайырлап қалмай, алға ұмтылады. Осындай жандардың бірі – Айдос Қалиев. Мүмкіндігі шектеулі болса да, жүрегіндегі мейірімі шектеусіз. Талай жандардың алғысына бөленген. Тосын да мұңлы тағдыр иесі өзінің жарымжандығын, жасаған жақсылықтарын жариялағанды ұнатпайды. Тек көкейіндегі сауалдардың жауабын таппай аласұрады...

 

Айдос Хамитұлы 1996 жылы Өскемен қаласында дүниеге келген. Анасы босанған соң екі күннен кейін «бұл баланы асырап, өсіре алмаймын, өз еркіммен бас тартамын» деп тілхат жазып, ұлын перзентханаға тастап кетеді. Сол қалада үш жасқа дейін нәрестелер үйінде өскен Айдос 2000 жылы Төлеби ауданындағы қазіргі №7 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына ауыстырылады. Сонда ер жетіп, тәрбиеленеді. Балалар үйіндегі тәрбиешілердің ішінде Светлана Грабовская, Шолпан Әмірбекова бұған ерекше күтім жасайды. «ДЦП» диагнозымен дүниеге келсе де қол қусырып қарап отырмайды. Түрлі массаждар, ауыр жаттығулар жасады, удай ащы дәрілерді де бірінен кейін бірін қабылдап жатты. Оған ештеңе кедергі бола алмады. Ес білгелі талпынып келеді. 2011 жылы Шолпан апайы Айдосты өз қамқорлығына алып, баласындай мәпеледі.

«Оның жүрегі мейірімге толы. Өзінің төрт бала-шағасы, апасы болса да, маған туғанындай қарады. Ол кісі мені жігерлендіріп, өмірге деген құлшынысымды оятты. Әрдайым қолдап, алға жетелеп отырды. Осындай жандардың арқасында білім алып, көптеген іс-шараларға қатыстым. Мектеп-ішілік «Әнші балапан», «Жігіт сұлтаны», көңілді тапқырлар клубына қатыстым. «ОҚО арнаулы кәсіптік колледжі» медициналық- әлеуметтік мекемесіне оқуға бағыт сілтеген Шолпан апайды әлі күнге дейін «мама» деп атаймын. Төлебилік балалар үйі үлкен өмір айдынына жолдама берсе, кентаулықтар өнерге деген құлшынысымды оятты» дейді Айдос.

Кентау қаласындағы тірек-қимыл қозғалысы аппараты бұзылған және ауыратын мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған колледжінде операторлық мамандықты игеріп шыққан жас маман Шымкенттегі жоғары медицина колледжінің тіс технигі мамандығын, оған қосымша массаж жасаудың екі айлық курсын тәмамдады. Алайда, жасынан өнерге ғашық Айдос бәрібір жүрек түбіндегі асқақ арманына жетуді мақсат тұтады. Тілегі орындалып, былтыр жоғары балл жинап, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің өнер факультетіне оқуға түсті. Бүгінде ол мүмкіндігінің шектеулілігіне қарамай, студенттер арасындағы мәдени кештерге, түрлі іс-шараларға белсене қатысады. Айдос мемлекеттен берілетін мүгедектік зейнетақысы мен оқу шәкіртақысын жинап, «Өнерге ғашық жүрек», «Бір үміт», «Анаға сағыныш» атты қайырымдылық концерттерін опера және балет театрында, Жастар ресурстық орталығында өткізген. Түскен қаражаттың барлығын тұрмысы төмен отбасыларға таратып беріпті. «Жақсылық жасау үшін он екі мүшеңнің сау болуы шарт емес, тек жүрегіңіз мейірімге толы болсын! Шынында, менің өмірімде мейірімді, қайырымды жандар көп кездесті. Жан дүниеме үңіліп, уақыттың дауылына бой бермей, алға жылжуыма солар көмектесті. Облыстық жасөспірімдер үйінде сегіз ай тұрып, 2016 жылы жеке пәтерге қолым жетті. Марат Жақыпов, Береке Дүйсебеков, Эльмира Әмірханова, Бақыт Отарбаеваға айтар алғысым шексіз» дейді кейіпкеріміз.

Бірақ, жылы ғана жымиып жүретін оның көзінде бәрібір бір мұң бар... Қатарластары бір күндігін айтып, шаршап жүрсе, бұл өткенін ойлап, өзегі өртенеді. Айдос Өскемен қаласындағы перзентханаға тастап кеткен туған анасын іздейді. Шешесін бұл үшін кінәламайды. «Әрине, бұл дұрыс шешім емес. Алайда, мені дүниеге әкеліп, қолхат жазып, бас тартып, мемлекеттің қарамағына табыстағаны баласының жағдайын ойлағаны болар. Тәрбиешілерім сол тілхатты жиырма екі жылдан соң қолыма тапсырғанда не істерімді білмей қалдым, ол кездегі көңіл-күйімді ешкімнің басына бермесін. Өлі ме, тірі ме – бәрібір. Әйтеуір, анам бар. Анасын білмей өмірден өз орнын таппай жүргендер қаншама. Олардың қасында мен бақыттымын» деген Айдос алдағы уақытта біраз қаражат жинап алған соң анасын іздеп Шығыс Қазақстан облысына барғысы келетінін айтты.

Иә, оның тағдыры ешкімге ұқсамайды. Өмір жолы да сан тарау, соқпақты-соқтықпалы. Қанша қиындық көрсе де Айдос анасын табатынына сенеді.

Суретте (солдан оңға қарай): Айдос ҚАЛИЕВ және оның анасындай болып кеткен тәрбиешісі Шолпан ӘМІРБЕКОВА.

Альвира ЖАХИЯҚЫЗЫ.

Пікір қалдырыңыз