«Әйел – ана, әйел – ару, әйел – гүл»

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында С.Рахымов атындағы Шымкент республикалық «Жас ұлан» мектебінің әйелдер кеңесі «Әйел – ана, әйел – ару, әйел – гүл» атты өнер сайысын ұйымдастырды. Жарысқа ОҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті, Шымкент қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма және қалалық әскери гарнизондардың әйелдер кеңесінің төрайымдары қазылық етті.
Салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа негізделген сайысқа аталмыш мектептің қызметкерлері мен әскерилердің жұбайлары қатысты. Сайысқа қатысушылар өздерін өлеңмен таныстыру, ән айту, би билеу, қолөнер, көркемсөз оқу сындары бойынша көрермендерді таланттарымен тәнті етті. Сайысқа қатысушылар ұлттық және заманауи нақыштағы киім үлгілерін ұсынумен қатар, өз білімдерін сұрақтарға жауап беру арқылы көрсете білді. Тілімізді ұлықтау, салт-дәстүрімізді дәріптеу, ұлттық мәдениетімізді, өнерімізді жаңғырту мақсатында өткізілген сайыс соңында мектеп басшысы, полковник Г.Төлеушев сөз алып, қатысушыларға алғысын білдірді.
Жарыс қорытындысы бойынша жоғары ұпай жинаған аталмыш мектептің тәрбие және идеологиялық жұмыстар басқармасының мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің маманы Ж.Сейдулла бас жүлдені иемденді. Сондай-ақ, материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының қойма бастығы С.Сопбекова, 3-ші оқу ротасының инспекторы Ж.Мұсабекова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Д.Ақбердиева мектеп ұжымының атынан бағалы сыйлықтарға ие болды.
Ж.БАСБАҚБАЕВА, С.Рахымов атындағы республикалық «Жас ұлан» мектебінің әйелдер кеңесінің төрайымы.