Алмас Алматов, жыршы, жырау: «Жыраулардың iзбасарлары даярланса, халықтың рухы оянып кететiн болды...»

Кафедра дүниеге осылай келді
– Әлеке, алдымен Астанаға, Ұлттық өнер университетіне қызметке келгеніңіз құтты болсын!
– Айтсын! Халқымыз өзінің тарихи таңдауын жасап, егеменді ел болып қалыптасып, өзінің барлық арман-мұратын ұлттық мүддесіне қарай бұрған шақта Қазақ Ұлттық өнер университетінің ашылуы біздің өнер және мәдениет саламыз үшін ерекше маңызға ие оқиға болды. Себебі, бұған дейін біз студенттерімізді түрлі музыкалық оқу орындарында оқытып келдік. Ол оқу орындарында білім кешегі кеңестік уақытта қолданысқа енгізілген ағартушылық нұсқаулар, оқу стандарттары бойынша беріліп келді. Ал, енді дербес мемлекеттегі мұндай оқу орнының білім беру бағыт-бағдарының барлығы сол ұлттық мүддеге қызмет етуге арналған деп айтуға болады.
Қазіргі таңда университетте «Дәстүрлі музыкалық өнер» факультеті жұмыс істеп тұр. Оның құрамында 3 кафедра бар. Біріншісі – «Дәстүрлі ән және жыр» кафедрасы. Меңгерушісі – әйгілі әнші, Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Қайрат Байбосынов. Екіншісі – «Домбыра» кафедрасы. Кафедраға дәулескер күйші, үлкен педагог Жанғали Жүзбай басшылық жасап отыр. Үшіншісі – «Қылқобыз және баян» кафедрасы.
Демек, біздің сонау Орхон-Енисей жазуымен жеткен, үлкен ой айтатын философиялық ұғымдағы «Күлтегін жазуларынан» бастап, 8-9 ғасырдағы Қорқыт бабамыздың дәуірімен сырласып, «Оғызнама», «Алпамыс батыр», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» секілді ұлы дастандар желісімен жалғастырып, Кетбұға, Сыпыра жыраулар ізімен жүріп, Мұхтар Мағауиннің «Алдаспан» жинағында жарқырап көрінген Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз жыраулардың шығармаларымен сусындап, сол заманнан жеткен әрі жырау, әрі әскери қолбасшылық аристократиялық дәстүрді жалғастырған Бұқар жырау, Ақтамберді жырау, Үмбетей жырау, Көтеш ақындардың ұлан-ғайыр жыр мұраларымен толық танысуға қолымыз жетіп отыр.
Факультет неге «Дәстүрлі музыкалық өнер» деп аталды дегенге келсек, дәстүрлі өнер – біздің мыңдаған жылдық мәдениетіміз бен жүздеген жылдық тарихымыздың алтын арқау, асыл тінін үзбей ХХІ ғасырға жеткізген ата мұрамыз. Өнер мұрагер ұрпақтар арқылы дәстүрлі сипатқа ие болады.
Енді осы біз көп айтып жүрген «дәстүрлі өнер» топтамасына кімдер кіреді деген сұраққа келейік. Бұл, біріншіден, дәстүрлі ән өнері. Екіншіден, дәстүрлі жыр өнері. Үшіншіден, дәстүрлі күй өнері. Төртіншіден, дәстүрлі би өнері. Бесіншіден, дәстүрлі айтыс өнері. Оны атадан балаға жетіп, бүгінгі таңда халық сүйіспеншілігіне бөленген, кешегі сексенінші жылдары өмірге қайта келіп, қайта түлеген айтыс ақындарының далалық академиясы бір ғана Жүрсін Ерманның айналасында құрылғанынан-ақ байқауға болады. Неге «далалық академия»? Халықтың көкірегіндегі ұлы өнер қиянға құлаш сермеп, соның туын жылдан-жылға көтеріп, желбіретіп, өсіріп-өркендетіп отырған жас жігіттер мен қыздардың аузынан шығып, үлкен бір қоғамдық күшке айналып, даланың еркін мінберіне айналуы осынау бекзат, аристократиялық «айтыс» атты айрықша өнер құбылысын көз алдымызда қайта жаңғыртып отыр. Сол айтыс ақындарының арасында бүгінгі таңда он бес филология ғылымының кандидаты, төрт ғылым докторы бар.
Ал, дәстүрлі ән өнеріне келсек, оның бүгінгі бастауында Әміре Қашаубаев пен Күләш Байсейітова тұрса, ардақты екі ақсақалымыз – Ғарифолла Құрманғалиев пен Жүсіпбек Елебеков соның екі мектебінің заманауи өкілдерінің екі-үш ұрпағының қалың шоғырын оқытып, баулып, тәрбиелеп, қалыптастырып шығарды. Бүгінгі таңда солардың шапанынан шыққан шәкірттер де өздерімен қосыла қазақ мәдениеті мен өнерінің қосын жегіп жүр. Екі корифейіміздің жолын жалғаған кешегі марқұм Жәнібек Кәрменов, бүгінгі көзі тірі Қайрат Байбосынов, Түркістанда табысты қызмет етіп жүрген Қажыбек Бекбосынов секілді даңғайырларымыз бар.
– Ал, енді осы жерден сіздің сүйікті салаңызға, өзіңіз бүгін аға буын өкіліне айналып, көшін бастап келе жатқан жыр өнеріне, дәстүрлі жыр өнеріне қарай ойысайық.
– О, бұл жерде әңгіме мүлде бөлек! 2011 жылы осынау Қазақ Ұлттық өнер университетіне келіп, орнығып, ағамыз Қайрат Байбосыновпен ақылдастық. Менің бұл өнердің түбегейлі мәселелерімен айналысуымның өзі бастауын сонау 1987 жылдан – Алматыға, Құрманғазы атындағы консерваторияға ғылыми тағлымдамаға (стажировкаға) шақырылуымнан алады. «Желтоқсанның» ызғарлы желі әлі соғып тұрған кез. Сол жылы бізге басшылыққа Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов келді. Дүйсекең келген соң ақылдаса отырып, консерваторияда «халық әндері» кафедрасы ашылуы жөнінде мәселе қойылды. Оның басында академик Рахманқұл Бердібаев, фольклор зерттеуші ғалым Мардан Байділдаев, Көбей Сейдеханов секілді белгілі ғалымдар тұрды. Әрине, ол мәселе сол күні ғана қойылған, сол күні ғана көтерілген мәселе емес еді. Оны кезінде атақты композиторларымыз Ғазиза Жұбанова, өзі осы консерваторияны басқарған Еркеғали Рахмадиев секілді аға-апаларымыз да көтерген болатын. Әйтсе де, кезеңі келмей, кезеңі келсе кезегі келмей созылып жүрген. 1986 жылғы атақты толқудан соң бұл мәселе қайта қолға алынды.
– Оның үстіне Дүйсен Қасейінов ұлтшыл және онысын жалаң сөзбен емес, қамырдан қыл суырғандай етіп шебер атқаратын білікті азамат қой.
– Иә, ұлтты қалай сүю керектігін Дүйсекеңнен үйренсе болады! Сонымен бірге дәл осы кафедраны құру жайлы ұсынысты Дүйсекеңе нақты дәлелдерін келтіре айтқан консерваторияның сол кездегі ғылыми істер жөніндегі проректоры, профессор Әсия Әбидоллақызы Мұхамбетова. Өнертану ғылымының кандидаты Саида Еламанова да Әсия Әбидоллақызын қолдады. Бұл қыздар оқуды Мәскеу, Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург) оқыған, ғылыми атақтарын сол жақта қорғаған білімді, патриот қыздар еді. Нәтижесінде қазақтың дәстүрлі күй өнері, одан да бұрын дәстүрлі ән өнері мен жыр өнерінің жеке дербес кафедрасы болғаны жөн деген шешім қабылданды. Тұмат Ерғали, профессор Мүлкаман Қалауов, Айтқали Жайымов бастаған білікті азаматтар қолдаған «Халық әні» кафедрасы дүниеге осылай келді. Оның меңгерушісі болу міндеті бізге жүктелді. 1988 жылы алғашқы талапкерлерді қабылдадық. Бекболат Тілеуханов, Ержан Қосбармақов, Берік Жүсіпов секілді бүгін әрқайсысы өз саласында жетекші рөл атқарып жүрген, саяси да, ғылыми да ортада белгілі азаматтар сол жылы бізге оқуға қабылданып, бітіріп шыққан болатын.
– Енді таза жыраулық дәстүр бойынша оқыту, оны дамыту жайы қалай болды, бүгін қалай болып жатыр, осы мәселелерді қозғай отырсаңыз...
– Дұрыс. Келесі жылы біз де сол ұлттық мақсатта Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Эльмира Жаңабергенова, Арнұр Көшенеев бастаған Сыр бойының жырауларын іске тарттық. Нәтижесінде 1990 жылға қарай кафедра аяғынан тік тұрып, жұмыс істеп кетті.
1990 жылы менің Қызылорда қаласында жұмыс істеуіме жағдай жасалып, «Дәстүрлі музыка» атты кафедра сол жердегі бүгінгі Қорқыт Ата атындағы университетте де ашылды. Содан орнымды Жәнібек Кәрменов ағамызға тапсырып, туған жеріме кеттім. Мен 15 шәкірт қабылдадым. 1998 жылы «Дәстүрлі өнер-жыр» мамандығының мемлекеттік стандартын жасап, оны жоғары оқу орнының классификаторына ендіріп, бекіттік. Міне, содан бері университеттен өткен жылдар ішінде 155 адам білім алып шықты. Бүгінгі Аралдан Жаңақорғанға дейінгі аралықтағы өнер мен мәдениет саласында жұмыс істеп жүрген көптеген мамандарымыз, оның ішінде филармонияның, халық шығармашылығы орталықтарының, музыка мектептері мен мәдениет үйлерінің, Қармақшыдағы Рүстембеков атындағы «Жыраулар үйінің», Нартайдың мектебінің, Нұртуғанның мектебінің директорлары түгелдей дерлік біздің түлектеріміз. Рухани жаңғыру дегеніміз мен үшін осы айтып отырған қазақтың мыңжылдық мәдениетінің жүз жылдық мұрасын халықтың өзіне өнерпаздардың көмекейінен төгілген ән етіп, әуен етіп, саз етіп, мақам етіп, жыр етіп қайтарып беріп тұруымыз.
2011 жылы Астанаға келгеннен кейін Арал–Қазалы өңірі жырауларының мұрасын Нұртуған мектебі деп, одан бері өткенде Қармақшы–Жалағаш өңірі жырауларының мұрасын Жиенбай мектебінің дәстүрі деп, одан кейін Шиелі–Жаңақоран–Түркістан өңірі жырауларының мұрасын Нартай мектебінің әншілік-жыршылық дәстүрі деп қамтыдық. Сонымен бірге, Сыр бойының жыраулық дәстүрін, Қаратау өңірінің ақындық-жыршылық дәстүрін, одан былай өткенде Жетісу өңірінің, Арқаның, Алтайдың, Маңғыстау өңірінің жыршылық-жыраулық өнерін қамтып, сол өнерді дәріптеп, насихаттап қана қоймай, осы аталған ұлан байтақ өлкенің, ұлы даланың әр өңірінің өзіне тән жыраулық-жыршылық дәстүрін жаңғыртып, сол бекзат өнердің биік мәртебесіне сай бүгінгі өкілдерін даярлап шығаруды алдымызға мақсат етіп қойдық.
– Біздің жерлесіміз Әсілхан Оспанұлы ағамыз 1975 жылы «Қаратау ақындары» деген кітап шығарып, бұл бағытқа түрен салған ғалым еді...
– Иә, біз Әсілхан ағамыздың еңбектерін өз жұмысымызда барынша молынан пайдаланамыз. Ұлы Ералы Оспанмен үнемі хабарласып отырамыз.
Жырау – мемлекеттік тұлға
– Әлеке, жыраулар дегенде елдің есіне ең алдымен сонау Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Сыпыра жыраулардан бастап кешегі Бұқар, Үмбетей, Ақтамбердімен аяқталған, қан майдан мен сөз майданында қатар атой салып, ту ұстаған жауынгер жыраулар түседі. Одан кейінгі ойға оралар нәрсе – сол жыраулардың тамыры басқа жерде үзілсе де, Сыр бойында, сонан соң аздап болса да Маңғыстауда үзілмегендігі. Тіпті, олардың даладағы тұтасқан қалың өрттен әр жерде бір аман қалатын қаудан шөбі секілді күні кешегі кеңес кезеңінен де тірі жеткендігі. Үшіншіден, сол жыраулық өнердің, олардың сиреп қалған, саф алтынға тең өкілдерінің бүгінгі күнгі хал-ахуалының қандай күйде екендігі...
– Сіз айтып отырған көзқарас – бізді жетпіс жыл бойы тәрбиелеген көзқарас. Бұқар жыраудан соң жырау қалмады деген көзқарас. Бірақ, түйенің ізі болса, өзі табылады ғой. Жыраулардан жүздеген мың жыр жолдары қалды. Бес жүзден астам батырлық жырларымыз тағы бар ғой! Оның бәрін кім тудырды? Тудырған – жыраулар ғой. Тек бізге оларды жетпіс жыл бойы жарқыратып оқытпай, тұмшалап жасырып, көрсетпей ұстап келді. Сол себепті «Үмбетейден кейін жырау жоқ» дейміз. Күні бүгінге дейін «жырау жоқ, жырау қалмады» деген сөзді естіп қаламыз. Ал, біз «жоқ деген жерге бардың шырағын алып бар» деген ұстаныммен жұмыс істеудеміз. Қаратау өңірінде Үмбетейден кейін қалай жырау жоқ болады? Кешегі өткен Майлықожа, Мәделіқожа, Құлыншақ, Құлмамбеттер жырау емей кім? Ал, бізге олардың ақындық сипаттарын ғана айтып отырды. Кешіріңіз, олар өздері айтып, өздері таратып жүр ғой, осыдан кейін жырау болмағанда кім болады?! Жырау – мемлекеттік тұлға. Мемлекеттік деңгейде үлес-салмағы бар адам. Сондықтан, біз бүгін «жыраулар қалмады, жыраулар жоқ» дегендерге «жыраулар болған, бар!» деп жауап береміз. Дәлеліміз – бүгінгі шәкірттеріміз жырлап жүрген алды бес жүз мың жолға жуық рухани мұра! Шәкірттеріміз қай дастанды сұрасаңыз да айтып бере алатын деңгейге жетіп отыр. Бәлкім, біреулерге бұл ертегі болып көрінер... Біз Сыр бойының жырауларын 25 жыл дайындадық қой. Фирдоусидің Тұрмағанбет Ізтілеуов аударған «Шах-намасы» 40 мың жол болса, соны біздің 22 жырау 68 сағат үзбей жырлады! Оны біз альбом етіп шығардық!
Бізге «қазақта жырау қалған жоқ, жыршы қалған жоқ» дейді. Ал, біз дәл сол секілді қазақтың 50 «Батырлар жырын» да жырлап, халыққа ұсындық. Ол бүкіл қазақ даласында өткен бұрынғы-соңғы батырларды қамтиды.
– Мұрын жырау атамыз арқылы бізге жеткен «Қырымның қырық батырын» білеміз. Сонда қалғанының бәрі жиналып, он дастан ғана болғаны ма?
– Кешіріңіз, біз бұл тізімге «Қырымның қырық батырын» қосып отырған жоқпыз. Ол – өз алдына бөлек қазына.
– Е, бәсе! Тіпті, осы 50 дастанның өзі де әлі соңғы нұсқа болмауы мүмкін ғой...
– Мінеки, біз ол альбомдарды Ұлттық Ғылым Академиясының Әдебиет және өнер институты арқылы тараттық. Демек, барды жоқ деу – оп-оңай. Ал, жоқты іздеу, табу, жарыққа шығару – біздің басты міндетіміз. Бізден басқа елдер болса «итін» тағалап бәйгеге қосып, арғымақтың жүлдесін алып жатыр...
– Өте дұрыс! Өзге жұрт жоқ нәрсесінің өзін бар етіп көрсетуде!
– ...Ал, бізде жалпы батырлық дастандардың саны бес жүзден астам! Түркия болса жалғыз ғана «Көрұғлыға» арнап, алтыншы рет халықаралық симпозиум өткізді. Бізге 500 симпозиум өткізсек те жарасады. Сондықтан бізге өзімізді толық танып білу үшін, әлемге таныту үшін әлі біраз уақыт керек. Халықаралық түрлі алқалы жиындарға қатысамыз. Санамалайтын болсақ, ол – жаңағы айтқан «Көрұғлы» жайлы 6-симпозиум. Оған өзім де барып қайттым. Ол – Әзірбайжандағы мұғам айтушылардың 9-халықаралық конкурсы. Ол – Қызылордадағы «Қорқыт және түркі әлемі» атты 9-халықаралық конференцияның шақырылуы. Ол – Қырғызстандағы халық- аралық манасшылар жиыны...
«Құдықта жатқан құрбақаға аспан түймедей болып көрінеді» деген сөз бар. Сол секілді біз өзіміздің батырлық жыр-дастандарымыз бен жыраулардың терме, толғау, насихат, айтыс, мысал, поэма, дастан күйіндегі мол мұрасын ХХІ ғасырда халқымызға рухани ағартушылық, жетекші фактор күйінде жүрегіне жеткізбесек, ол ұлт алдындағы азаматтық парызымызды атқармағандық болып шығады. Рухани мұраларымызды ұрпаққа сіңіру үшін балабақшадан бастап «Қобыландыны», «Алпамысты», т.б. дастандарды тыңдап, музыка мектептерінде терме, толғау, насихаттарды тыңдап, ол үшін соларды пән ретінде өтіп, жоғары оқу орындарында арнайы кафедра болып ашылып, ел ішіндегі дарынды, бейімі бар ұл-қыздарды білімді, білікті кәсіби маман ретінде даярлап, қолдарына диплом беріп, «міне, айналайын, сенің жұмыс орның, біз сен үшін қолымыздан келгеннің бәрін істедік, енді сенің елің үшін аянбай құлаш ұратын кезің келді» демесек, ертең олардың біреуі сауыншы, біреуі диқан, біреуі механизатор болған күйінде бойларындағы қабілеттері мен әлеуеттері ашылмай өмірден өтіп кете береді...
Ақын-жырауларды керек кезінде кеңес өкіметі де пайдаланды
– Өте өзекті ойды қозғадыңыз, Әлеке! Себебі, «адамзаттың басына келетін бәленің бәрі әр адамның өмірдегі өз орнын таппауынан» деп Наполеон айтқандай, ең жаманы ол адамдар істеген жұмысынан, нәтижені айтып отырған жоқпын, жұмыс істеп отырғанда сол процестің өзінен қанағаттанбаған, ләззат алмаған күйде кетеді ғой.
– Міне, міне! Даму дегеніміз алдымен адамның өзінің қабілеті, икемі, таланты, дарынына сай терең білім алуы емес пе?!
– «Білім», «білік» сөздерінің түбірі «біл» болса керек. Мен сізге келерде жыраулардың шығармаларын интернеттен тағы бір қарап шығып едім, сонда «Доспамбеттің кейбір сөздерін біз түсінбедік» деген пікірлер кездеседі. Шынында да, саф алтынға тең болса да бүгінгі қолданыста жоқ сондай сөздердің мағынасын анықтап, қалың көпшілікке ұсына алдық па?
– Сіз айтып отырған мәселе бойынша біз жоғарыда айтқан мемлекеттік стандарт негізінде жасалған оқу жоспарына сәйкес лекциялық курс бекітілген. Ол курста ХІІІ-ХV ғасырлардағы жыраулар поэзиясы талданып, оқытылады. Оған арнап оқулық жазып отырған – бүгінгі таңдағы белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаев. Жыраулардың бәрінің шығармаларының текстологиясы ғылыми айналымға енген. Біз оқытып жатқан мемлекеттік стандарттың басты мақсаттарының бірі – бүгінгі студенттер ертең бұрынғы өткен жыршы-жыраулар поэзиясын орындаушылар ғана емес, олардың шығармаларына ғылыми да, әдістемелік те тұрғыдан толық талдау жасай алатын маман деңгейінде болуы.
Біздің бұл талап, бұл мақсат тек жыршы-жырауларға ғана емес, дәстүрлі әншілерге де, күйшілерге де, айтыскер ақындарға да қойылар ортақ талап, ортақ мақсат. Еркебұлан Қайназаров бастаған өнерпаздарымыз «Біржан – Сара» бастаған айтыстың бәрінің мәтіндерін жатқа біліп қана қоймайды, оларға терең талдау жасай алады, әрбір көнерген сөзге түсінік бере алады. Демек, «мен мына өнерді танығым, білгім келеді» деген жастарға үйренуге бізде толық мүмкіндік жасалып отыр.
Осы мәселе бойынша бір мысал келтіре кетейін, біздің зертханада Қаратау өңірі ақын-жырауларының мұрасы – кешегі Майлықожа, Мәделіқожадан бастап бүгінгі Аяз Бетбаевқа дейінгі ақын-жыраулардың шығармалары жинақталып, оқу құралы болып қайта шығайын деп жатыр. Бұл бағытта Елікбай Иса деген жігітіміз үлкен ізденіспен жұмыс істеп жатқанын да айта кету керек. Құдай қаласа, бұл сала толық жүйеге түседі.
– Тәуелсіздік келгелі «бүгінгі дәуірдің Бұқары мен боламын!», «бүгінгі заманның Махамбеті мен боламын!» деушілер табылды. Бірақ, олардың сөзі декларация күйінде қалып қойды. Талаптанғандарын халық Бұқар жырау бейнесінде қабылдай қоймады. Тек марқұм Фариза апамыз ғана кезінде ақын-жазушылар арасында өз заманының Махамбеті атанды. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?
– Оның жауабын жоғарыда жарым-жартылай бердік қой деп ойлаймын. Біз жетпіс жыл бойы кімдерді оқыттық, кімдерді даярладық? Тыңдап алыңыз, біз жетпіс жыл бойы еуропалық бағыттағы эстрадалық және опералық әншілерді даярладық! Жетпіс жылдан кейін өртеңде қалған қамыстай қазақтың жыршылық-жыраулық өнері бүгінгі өнерге сіңді ме? Әдебиет теориясы бойынша жырау – өзі шығарған поэзиялық шығармасын елге өзі тарататын адам болса, жыршы – өзге адамның шығармасын жаятын адам. Осы теорияны жасаған адамдар ақымақ емес. Олар «Бұқардан соң жырау туған жоқ» деп оқытты. Олар кеңес кезеңінде Доспамбет, Қазтуған жыраулардың ізбасарларын даярласа, халықтың рухы оянып кететін болды! Кешегі қанды қырғын соғыс кезінде әр өңірдің өз Нартайы бастаған қаншама ақын-жыраулар атқа мініп, елді батырлыққа үндесе, жеңіске жетелесе қалай жыраулар жоқ болады, айтыңызшы?!
– Жамбылдың «Ленинградтық өренім!» жыры блокадада қалған мыңдаған адамның рухын көтеріп, соның арқасында ажалдан аман қалуға себеп болғанын еске алсақ та жетер...
– Ал, сол ақындардың 1944 жылы Қызылордада, Алматыда республикалық айтыс ұйымдастырғаны ше?! Олардың жырлары майдандағы әскерге рух берген жоқ па? Міне, сол кеңес өкіметінің өзі керек жерінде ақын-жырауларды пайдаланды ғой! Ал, бірақ, соғыс біткен соң оларды облыстық филармонияларға бөліп тастады... Соның аяғы келді де бүтіндей дерлік «әкеміз – Ленин, анамыз – Крупская» дегендей жағдайға ұласты. Тек сексенінші жылдардың аяғында «Наурыз» өмірімізге жаңаша сипатпен келді. 1991 жылы Тәуелсіздік келді. Онымен бірге жыраулық дәстүр де қайта келді. Мәселен, Бекболат Тілеухан. «Елім менің әнін шашу етіп шашқанда әнші ретінде ғана емес, жырау ретінде де көрінді. Ал, біз жырау «Ей, Абылай, Абылай!» деуі керек дейміз... Кеше Әбіш Кекілбаев кеңес беріп отырды! Біз болсақ ол кісіні жазушы деп қана білеміз. Мырзатай Жолдасбеков отырды кеңес беріп. Бір күнде Қонысбай Әбілевке, Әсия Беркенова мен Әселхан Қалыбековаға (төртіншісі есіме түспей тұр) «Қазақстанның халық ақыны» деген атақ берілді. Қоғам оларды солай таныды. Ол атақ «Ей, Абылай, Абылай!» деген сөздің орнына берілген атақ. Эльмира Жаңабергенова Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Жыршы. Ғылым кандидаты. «Шын мәнінде жырау қалды ма» десеңіз, сонау батыстағы Маңғыстауда таңды таңға, түнді күнге ұратын Жақсылық Елеусінов есімді жасы сексеннен асып, тоқсанға тақаған жыршы отыр. Шығыстағы Өскеменде отыр екі көзі туа суқараңғы соқыр, қазақтың 60-қа жуық жыр-дастандарын жатқа айтатын Дүйсенғазы Нығметжанов! Зағиптар қоғамынан тиын-тебен алады. Дәл сондай тағы бір зағип жырау – Қатимолда Бердіғалиев бүкіл Батыс Қазақстанды ән мен жырға бөлеп отыр! Ендеше, журналист сіз болып, кәсіби маман біз болып, өткен күнге бүгіннің көзімен қарасақ, алдағы күнге болашақтың қояр талабы тұрғысынан қарасақ қана жыршы мен жырау болады. Ал, анау Еренқабырғаның ар жағындағы қытайлар сол елдегі қазақ мұрасын пайдаланып, «айтыс – қытайдың өнері» деп ЮНЕСКО-ға тіркеп жатқанда, мынау қасымыздағы қырғыз ағайындар «жыршы мен жырау – бір, жыршылық өнер бізде ғана бар» деп жүргенде, осындай мол байлығымыз қолда бола тұра «жыраулар жоқ» десек, әрине, айдалада қаламыз...
– Түсінген жанға мына әңгімелердің барлығы тағлымды әңгімелер-ақ болды. Ұлт руханиятын қажымай-талмай насихаттап жүрген өзіңізге, әріптестеріңізге, шәкірттеріңізге Құдай қуат берсін! Уақыт бөліп, әңгімелескеніңіз үшін көп-көп рахмет!
Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ, «Оңтүстік Қазақстан».