ҚР Ұлттық ұлан жауынгерлерiмен кездестi

  Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары генерал-майор М.Сатовты, Ұлттық ұлан жауынгерлері «Айбын» орденінің иегері аға лейтенант Е.Отарбаевты, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері С.Сүндетовтi ата- аналарымен қабылдады.

 

Кездесу барысында генерал-майор М.Сатов өңір басшысына Ұлттық ұланның Шымкент қаласында орналасқан әскери бөлімдерінің атқаратын жауынгерлік қызметі мен әлеуметтік жағдайы туралы баяндады. Сондай-ақ, Ұлттық ұлан жауынгерлерінің ерлігі мен қайсарлығы туралы түсірілген «Алтыншы бекет» көркем фильмі жайлы әңгімеледі.

Өз кезегінде өңір басшысы батырлығымен көзге түсіп, жоғары дәрежедегі марапатқа иелік еткен азаматтарымыздың ерлігін көпке үлгі етіп, насихаттау керектігін айтты.

«Мұндай батырларымыздың көп болуы еліміз үшін абырой. Сондықтан қасық қаны қалғанша, Oтанын қорғауға дайын азаматтарды әрбір елдімекендерде іс-шара ұйымдастырып, елі үшін жасаған жанқиярлық әрекетін халыққа көрсете түсу керек», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Жауынгер Е.Отарбаев 2010 жылы 22 маусымда Ақтау қаласындағы түзеу мекемесін күзету кезінде қатаң тәртіптегі колониядан қашпақ болған 21 жазасын өтеушіге жалғыз өзі тосқауыл қойған. Осы ерлігі үшін ол ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.

«Жансейіт Қансейітұлы, қызметтік міндетімді орындау барысында жасаған әрекетімді ескеріп, құрмет көрсетіп отырғаныңызға алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, сол бір оқиға кезінде менің орнымда басқа жауынгер болғанда, ол да тура сондай әрекеттер жасайтын еді деп ойлаймын. Себебі, Отанын қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы» деді Ербол Отарбаев.

Бүгінде батыр жауынгердің құрметіне ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысымен толықметражды фильм түсірілді. Қазіргі таңда аталған туынды еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілуде.

Кездесу соңында облыс әкімі ерліктері өскелең ұрпаққа үлгі болған, аталған фильмнің басты кейіпкері аға лейтенант Е.Отарбаев пен қатардағы жауынгер С.Сүндетовке және олардың ата-аналарына құрмет көрсетіп, алғыс хат табыстады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз