БАҚТАШ АҒА

Соғыстан кейiнгi жылдың салқын күзi болатын. Қазiргi Ордабасы ауданындағы «Көкбұлақ» ұжымшарының «Ақ қора» деген мал қорасы таңертеңгiлiк өртенiп жатты. Қора тола қой-ешкi, iрi қара да бар. Сол күнi жел екпiндеп тұрған. Малшылар суық қысып, қора жанына от жаққан ғой. Азынай ұйытқыған жел отты көтерiп, қораның қамыспен жабылған төбесiне ұшқын тиiптi. Ұшқыннан жалын шығып, қора отқа оранған екен. Тақтай, ағаш бұтақтары ұсталған терезелер, сабын қосылып құйылған қам қыштармен өрiлген қабырғалар шарт-шұрт етiп, лапылдап жануда. Қақпа қора iшiне қарай ашылатын. Ол бiрдеңеге тiрелiп қалған ба, iлiнiп қалған ба, малшылар қанша ұрғылағанмен былқ ете қоймады. Қарақұрым адам жиналып қалған. Бiрақ, бiрде-бiреуi терезеден iшке түсiп, өрт iшiне енiп, қақпаны ашар емес. Сескенiп тұр. Осы кезде жайдақ атпен шапқылап Бақташ Сәтұлы келдi. Аттан қарғып түсiп, жерде жатқан қапшық па, шапан ба, соны басына бүркенiп, терезенiң қып-қызыл ұшқын шашқан тұсын күрекпен соғып-соғып жiбердi де қораға, лаулаған от iшiне қойды да кеттi. Сақыр-сұқыр етiп қақпа ашылды. Лап етiп қойлар шықты. Азан-қазан мөңiрей сиырлар шықты. Басына бүркенген қапшық па, шапан ба, шоқ-шоқ тұтанып Бақташ ағамыз шықты.
Ағамыз үш құлаштай дерлiк ұзын, зор денелi, аса сүйектi, дәу-ақ едi ғой. Қатарластары «мұның жүрегiнде бiр қарыс түк бар» деп күлетiн. Болса болар-ау, соғысқа қатысып, барлаушы болып, «жау тылына 8 рет өтiп, 7 «тiл» әкелдiм» деп отырушы едi. Ал, үлкендер жағы «Мұның жүрегiнде қыл да, жүн де, түк те емес, сенiң, менiң, осы бәрiмiздiң қанымыз жатыр ғой. Сол ғой оны отқа да, суға да түсiрiп жатқан» дейтiн. «Отқа түскенi» айтылды. «Суға түсуiнiң» де мәнi бар...
Соғыстан кейiн Сырдарияның арғы бетiндегi алқаптар игерiле бастағанда Бәкең Көкбұлақтың «екi отар кiл өңкей мықты, майға бөккен саулықтарын» Шәуiлдiрдiң «Балтакөлiне» айдап, оған сол жақта 5-6 жыл бас-көз болған. Балтакөлдiктер қазiрге дейiн ағамызды айтып отырады. Жүрек жұтқандайын көзсiздiгiн жыр етедi. Бұған және «көп үшiн жаралған азамат едi ғой» дегендi қосып қояды. «Балтакөл» Сырдың арғы бетiнде, ал, аудан орталығы, тағы басқалары бергi бетiнде. Ол тұста дариядан ары-берi өту қиын едi ғой. Сыр мол сулы, толқын ата буырқанып, лайлана ағатын. Жер мен көктi тұтас алғандай болып, арғы бетке көз де жете бермейтiн. Ол жылдары қыс ауасы да қатты болатын. Сырдың суы сiресiп қалар едi де, бүкiл көктем бойы дерлiк мұз сөгiлiп, сең жүретiн. Тақтайлары қаусап, қалт-құлт еткен сал-паром да бүкiл көктем бойы тоқтап қалатын да, «Балтакөлдiң» арғы бетпен, аудан орталығы – Шәуiлдiрмен, сауда орындарымен, ауруханалармен қатынасы күрт үзiлетiн.
«Көкбұлақтың» екi-үш есе қайтарымдық өсiммен «Балтакөлге» несиеге берiлген қойлары дария бойын жағалай жайылатын. Отар соңында жүрген Бәкең бiрде сең жүргелi берi тоқтаулы тұрған сал-паром жанына бар адамның жиналып қалғанын көрiп, сонда барды. Өзi ашулы едi. Ертеңгiсiн Мейiркүл жеңгемiздiң дауыс көтергенi бар, «нан жоқ, нан жабуға от тұтатарлық сiрiңке жоқ. Тiптi, ендi тұз да жоқ!» дейдi. Бәкең айтып-ақ жатыр, түсiндiрiп-ақ жатыр. «Аз шыда, әне-мiне сең де тоқтайды. Қазiр арғы бетке өту, дүкендерге бару мүмкiн болмай тұр ғой. Сал-паромды жүргiзсең мұз соғып, әп-сәтте-ақ төңкерiп тастайды. Шыда, аздап шыдай тұр!». Әй, бiрақ оған көне кететiн әйел бар ма, жеңгемiз бiраз-бiраз сөйлеп тастаған. Бәкең осыған ренжулi едi.
Сал-паром жанында бiр бала бүк түсiп жатыр. Бет-жүзi қып-қызыл, көздерi жұмулы, ерiндерi дiрiлдейдi. Бақташ ағамыз «бұған не болды?» деп маңдайына қолын тигiзе еңкейiп едi, баланың аузы-мұрнынан шығып жатқан жағымсыз бiр иiстi сездi. Баланың жанында отырған фельдшер қыз құлағына сыбыр еттi: «Соқыр iшек. Сiрә, жарылған...». Тағы да сыбырлады: «...Болмайды-ау. Шұғыл ота жасалса, қалар-ақ едi...». Бала кенет көздерiн ашып, Бәкеңе мөлдiрей қарады. Ағамыздың жүрегi тулап кеттi де шалт қимылдап, үстiндегi шапанын, мақталы қалың шалбарын шешiп тастады да белiн бүктi, «баланы арқама таңыңдар!» дедi. Ұзын сырықты қос қолдай көлденең ұстап, бiрiн-бiрi гүрс-гүрс соғып, аласапыран болып жатқан мұз тақталарының бiрiнен бiрiне өтiп, арғы бетке беттедi. Жұрт тым-тырыс, сiрә, не болып жатқанын аңдай алмай қалған. Әудемнен соң шу ете қалды: «Иә, Алла, сақтай гөр, сақтай гөр! Арғы беттегi Амангелдi ауылы бiр жағдайдың болғанын бiлсе керек, жүк машинасы берi қарай зуылдады-ай кеп!
Бақташ ағамыз бергi бетке едәуiр кештеу оралды. Арқасына бiр дорба сiрiңке, бiр шиша насыбай, бiр дорба тұз таңып алыпты....
Бақташ Сәтұлының кейiндерi де мұз сөгiлiп, сең жүргенде дариядан мұздан мұзға секiрiп, ары-берi талай-талай өткенi бар. Бiрде «Балтакөлде» қызылша дертi көрiнiп, балалардың шетiнегенi де болған. Сонда ағамыз арғы жақтан дәрiгердi, дәрi-дәрмектi жәшiгiмен арқасына таңып, берi өткiзген. Толғағы ауыр келген екi келiншектi ары өткiзген. Осыдан ғой, балтакөлдiктердiң ағамызды «Бақташ-паром», «Бақташ-қайық» деп атап кеткендерi.
Ағамыз ауылына – өзiнiң «Көкбұлағына» араға 5-6 жыл салып оралған. «Екi отар «мынау» деген саулықтарды айдап кетiп едiң, олар қайда?» деген көкбұлақтықтар. Бақташ ағамыз: «Қойларды аманатқа қалдырып кеттiм. «Өзiмiз жеткiзiп беремiз, сен алаң болмай кете бер» деп менi осылай келе жатқан бiр көлiкке отырғызып жiбердi. Балтакөлдiктер сөз ұстайтындардан! Әлi-ақ саулықтарды өсiмiмен айдап келедi. Қораларыңның қақпасы ашық тұрсын!» деп күлген. Оған қосыла өзгелер де күлiп-күлiп алған. Содан соң қораларының қақпасын айқара ашып қойды...
Айтпақшы, Бақташ ағамыздың сөйлеген сөздерi де кей-кейде қызықтау болып келетiн. Ферма жағын қарайтындықтан ба, өзi көбiне салт атпен асығыстау жүретiн. Асығыстау кетiп бара жатып ферма адамдарымен: «Әй, сен кешегi ненi неге нете салмадың? Нетпегенiң жұрттан не болады ғой!» деп сөйлесер едi. «Арба кетiптi ғой, неғып неғылмайсыңдар?» дер едi. Бұл сөздерiң қандай сөз өзi деп таңданғандарға өзi де қысыла таңданып «ә, неткен екенмiн-ау... Ендi ненi нетпейiн...» деп уәде беретiн де, бiрақ, сол заматында-ақ нетiп... нететiн...
Ой, бiздiң Бақташ ағамыз қазақы адам едi ғой!
И.БӘКIРОВ.