СӨЗДIК ҚОРДЫ ХАЛЫҚ АУЫЗ ӘДЕБИЕТI ҮЛГIЛЕРI БАЙЫТАДЫ

Дүниенiң бәрi компьютерлендiрiлген заманда адамдардың бiр-бiрiмен қарым-қатынасы әлсiреп, әңгiмелесу, дидарласудың мүмкiншiлiктерi азайып бара жатқандығы жасырын емес. Тiптi, кейбiр тiл мамандарының өздерiнiң сөздiк қорлары жұтаң. Барлық емтихан сынақтарды тест жүйесiмен тапсырып үйренген балалардың өз ойын қорытып айтып беру дағдысы тiптi төмен. Бұлай кете беретiн болса қазақтың өзге ұлттардан ерекшелiгi болып табылатын шешендiк өнерiне, бай сөздiк қорына қауiп төнерi сөзсiз. Тығырықтан шығудың жолы қайсы?
Балалардың сөздiк қорын байытудың бiрден-бiр жолы – халық ауыз әдебиетiн бастауыш сыныпта оқыту. Себебi, жастай сiңген тiл байлығы санада мықтап орнығып, өмiр бойы ортаймас iлiм деңгейiнде қалыптасады. Оқушының ой-өрiсiнiң, сана-сезiмiнiң жан-жақты дамуы бастауыш сыныптан басталады дейтiнiмiз де сондықтан. Оқушылардың тiл оралымдылығын ерте бастан арттырсақ ой-өрiсi де кеңейiп, сөздiк қорлары да молаяды.
Бiз жас ұрпақты ана тiлiн терең де жетiк бiлуге, өз елiн, жерiн сүюге тәрбиелеуге тиiспiз. Егер бала кiшкентай күнiнен өз халқының ұлттық негiзiнде тәрбиеленсе, ана тiлiнiң қасиетiн ана сүтiмен бойына сiңiрсе, өз халқының тарихын, өнерiн, мәдениетiн бiлiп өссе, өз халқының лайықты перзентi болып қалыптасады. Баланы тәрбиемен ұштастыра отырып оқыту, халықтық педагогикаға көңiл қою — қазiргi өмiр талабы.
Халқымыз барлық уақытта имандылықты, бауырмалдықты, iзгiлiктi қастерлеген. Отбасындағы туған-туысқа мейiрiмдiлiк, қамқорлық секiлдi әдет-ғұрып, салт-санамызды балаға сiңiруде ана тiлiн оқыту сабақтарының орны ерекше.
Мектеп жасындағы балаларға ана тiлiн оқытудағы негiзгi мәселе – сөздiк қорларын арттыру, тiлiн дамыту. Мұндағы негiзгi мақсат – оқушылардың сөз мағынасын дұрыс түсiнуiн, шапшаң оқуын жетiлдiру. Оқушының ана тiлiнде өте таза, көркем сөйлеуiн тәрбиелеу. Балалардың тiлiн дамыту тәсiлдерi көп-ақ. Эссе, өлең, ертегi және шығарма жаздырудың маңызы орасан зор.
Қазақ халқы ауыз әдебиетi үлгiлерiне өте бай. Сол ауыз әдебиетi үлгiлерiн оқу арқылы баланың тiлi ұштала түседi. Баланың жеке басының дамуында оның сөйлеу тiлiнiң дамуы ерекше рөл атқарады. Тiлi байыған баланың ой-өрiсi шарықтап, қиялы, ақыл-ойы дамиды.
Баланы ұшқыр ойға, тапқырлыққа жетелейтiн жұмбақтарды, мақал-мәтелдердi әр сабақ сайын жүйелi пайдалана бiлсек, бала тiлiн дамытуға үлкен септiк жасаған болар едiк.
Бiлiм саласындағы бетбұрыстың негiзгi мақсаты – оқу-тәрбие үрдiсiн жаңашылдандыру. Қазiргi таңда бiлiм саласында жүргiзiлiп жатқан реформалар бiздi ой-өрiсi мен дүниетанымы жоғары, бәсекеге қабiлеттi, жан-жақты қалыптасқан жеке тұлға тәрбиелеуге мiндеттейдi.
Шолпан ШӘКЕНОВА, Ж. Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалiмi. Шымкент қаласы.