ПАЙЫЗ ҚУАЛАУ АБЫРОЙ ӘКЕЛЕ МЕ, ӘЛДЕ...

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстiк Қазақстан». Таяуда есiмi елге белгiлi ағамыз Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын iске асыру бойынша өткен шаралардың санын тiзбектеп, пәлен адамның сана-сiлкiнiсiне бет бұрғанын пайызға шақты. «Естiген құлақта жазық жоқ», рухани жаңғыру iсiн пайызбен өлшеген пайымға тiксiнiп қалдық. Сiздердi қайдам, көкiрегiнде сәулесi бар әрбiр адам қоғамдық сананы жаңғырту үрдiсiн ешбiр өлшемге сыймайтын бетбұрыс ретiнде тұжырымдайды. Иә, рас, бүгiнде «Рухани жаңғыру» аясында деген тiркеспен жер-жерде жүздеген iс-шара өтуде. Бұл шаралар тiзбегi әлi де әрмен қарай жалғаса түспек. Алайда, тұтас бiр халықтың тұрмыс-тiршiлiгiн, болмысын, салт-дәстүрiн жаңғырту пайызбен өлшене ме? Әрине, оны орынсыз жерге тықпалап, кез келген шаруаның көрсеткiшiне айналдырып жiберу – абырой әпермейтiн iс екенi анық. Әйтсе де оның сапаны жоғалтып, санның соңынан шам алып түсу тәрiздi қоғамға тигiзер түйiрдей пайдасы жоқ алаөкпе жарысқа алып келетiндiгiн кейбiреулерiмiз түсiне бермеймiз.
Тек бұл ғана емес, елiмiзде атқарған жұмысының көлемi мен сапасын пайызға шағып, оны әдетке айналдырып алған мүйiзi қарағайдай мекемелер көп. Тасқа басылған арнайы заң мен қағида болмаса да ескi жүйенiң дертiне шырмалған мекемелер пайызбен өмiр сүрiп, ондағы басшылар сол көрсеткiш арқылы мансаптарын көтередi. Айталық, кейбiр құқық қорғау органдары өткен айда қанша күдiктiнiң ұсталып, айып тағылған қанша адамның сотты болғандығын пайыздық өлшемге айналдырып алған. Қанша шара қабылданса да iшкi iстер органдарындағы пайыздың көбесi сөгiлiп, мұрты бұзылмай келедi. Себебi, ашылған қылмыстың саны өткен айдағыдан артық болмаса, кем соқпауы тиiс. Сондықтан олар пайыз жолындағы аламан бәйгеде азаматтардың құқықтарын бұзып, адамгершiлiк қасиеттерiн аяқ асты ететiн небiр жаға ұстатарлық әрекеттерге барып жатады. Адамдарды заңсыз ұстап, уақытша қамау, жазықсыз жандарды арандатып, қас-қағым сәтте жазықты етiп қою секiлдi әрекеттердiң түп-тамырына үңiлген адам оның ар жағында пайыз қуалау дертiнiң залал-зардабы жатқандығын айқын аңғарар едi.
Қазiр пайыз қуалау дертi құқық қорғау органдарын былай қойып, кейбiр ауруханалардан да төбе көрсете бастады. Естуiмiзше, сырқаттардың жазылып, аурухана төсегiнiң босап қалуы ондағы басшылар үшiн үлкен сын көрiнедi. Олар сырқаттарға шақталып бөлiнген қаражат қысқарып кетедi деп қауiптенедi екен. Өкiнiшке қарай, мұндай ақылға сыйымсыз өлшеммен күресуге әзiрге қоғамның күшi жетер емес. Әйтпесе, қылмыс санын қолдан жасанды түрде көбейтiп, ауру санын арттырып көрсету үшiн жалғандыққа бару кiмге опа беретiн тiрлiк? Қайта ол қоғамның беделiн төмендетiп, полиция қызметкерлерiне деген сенiмге селкеу түсiретiн кесел емес пе? Тек полиция емес, қоғамның көптеген саласы қазiр осы «дерттiң» шырмауында. Сондықтан Елбасы айтқандай, санамыз сiлкiнбей, мұндай дерттен айықпасымыз анық.