ҚАЗАҚСТАН – ОРТАҚ ОТАНЫМЫЗ!

Нартай СЕРКЕБАЕВ, «Оңтүстiк Қазақстан». Мемлекетiмiздiң ауылды жерлердегi шағын және орта бизнестi дамытуға, шаруа қожалықтарына жасап жатқан көмегi мен жеңiлдiктерiнiң арқасында әр отбасы өз шаруаларын дөңгелетiп, тiршiлiктерiн жасап келе жатыр. Солардың бiрi – Сарыағаш ауданы Қабыланбек ауыл округiндегi «Юлдаш» шаруа қожалығы. Оның төрағасы Бахадур Рашидходжаев өзi Қазақстанда туып-өскен соң болар, «мен қазақстандықпын, ата қонысым – осы Қабыланбек» деп санайды.
– Елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейiн совхоз таратылып, әр отбасы өз пай үлестерiн алды. Жеке шаруа қожалықтары құрыла бастағанда отбасымызбен 1998 жылы 5 гектар жердi алып, түрлi жемiс көшеттерiн отырғыздық. Жүзiм өсiрумен осы күнге дейiн айналысып келемiз. Алғашқы жылдары ауыл шаруашылығына берiлген субсидия, несие алып, жұмысымызды бiр жолға қойдық. Қазiргi таңда 2,5 гектарға алманың – 20, алхорының – 4, өрiктiң – 6, шабдалының 4 түрiн, тағы басқа да отыз мыңдай көшет, сондай-ақ жүзiмнiң шарапқа арналған «Сапрай» және «Раксицотали» сорттарын өсiрiп отырмыз. Жетiлген жемiс көшеттерiн үш жыл баптап, сатуға шығарамыз. Биыл 17 тонна жүзiм өткiздiк, – дейдi бағбан.
Елбасымыздың жүргiзiп жатқан саясатының арқасында еңбек етемiн деген адамға екi қолға күрек табылады. Тек ерiнбей еңбек ету керек. Президентiмiз Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру керектiгi айтылған. Бұл мәселеге келгенде Бахадүр өзiн Қазақстанның патриоты сезiнедi. Елбасы саясатын құптап, қолдайды. «Өйткенi, мен осы қазақ жерiнде туып-өстiм. Сондықтан да елiме қолдан келген көмегiмдi көрсетуге дайынмын. Ауылдастарыма жемiс ағаштарының көшеттерiн егiп, өсiруге көмектесiп келемiн. Ауыл ажарын абаттандыруға бiр кiсiдей атсалысамыз. Алдағы кезде балабақшалар мен мектептерге де жәрдемдесiп тұруды жоспарлап отырмын» дейдi Бахадур Юлдашұлы.
Қазақстанды ата қонысым деп санайтын өзбек ұлтының азаматы Б.Рашидходжаев мемлекет басшысының ауылды жердегi кәсiпкерлiктiң дамуына басты назар аударып отырғанына өз ризашылығын жеткiздi. «Қазақ елi – ортақ Отанымыз» дедi ол қоштасарда.
Сарыағаш ауданы.