ТӨРГЕ «ОЙ» БАҚҚАНДАР ҒАНА ЕМЕС, ҚОЙ БАҚҚАНДАР ДА ШЫҚСА...

  Альвира ПАЙЫСХАН, «Оңтүстiк Қазақстан». Қазекемнiң «мал-жан аман ба?» деп амандық сұрасуында үлкен мән бар. Бабаларымыз малдың бабын, бағып-күтудiң жай-жапсарын, қасиетiн, ерекшелiгiн өте жақсы бiлген. Төрт түлiктiң жайылуы мен мiнез-құлқына қарап-ақ ауа райын болжап, соған сай әрекетiн жасаған. Әттеген-айы, бiз соңғы кезде осының бәрiнен ажырап қалдық.

 

Мал шаруашылығын дамытуға кешегi кеңестiк кезеңде айрықша көңiл бөлiндi. Шопанның абыройы асқақ, мәртебесi биiк болды. Оны ата-әжелерiмiзден естiп, шет жағасын өзiмiз де көрiп өстiк. Адырда мал баққан шопанның еңбегi ескерусiз қалмай, озат атанғандары Мәскеу мен Алматыда өтетiн үлкен жиындардың төрiнде отырды. Шипажай мен емдеу-сауықтыру орындарына жолдама да алдымен соларға бұйыратын.

Сол тұста оларды «Пәлен қойдан түген қозы алып, пәлен келi жүн қырыққан озат шопан» деп мақтап, беделiн көтердi. Ал, бүгiн табиғаттың тiлiн, қойдың бабын бiлетiн адам қалмай барады. Қой бағатын адам кем, екiнiң бiрi «ой» бағып кеткен заман... Бүгiн қой баққан адам ол кездегiдей құрметке бөленбейдi. Құрметтi де қоя берiңiзшi, еңбегiн бағалап, жалақысын уақтылы төлей бiлейiкшi, алдымен.

Адам болған соң қилы тағдыр, сан мiнез кездеседi. Бүгiнгi қойшылардың арасында жұмысын адал атқармай, отар иесiнiң малын ұрлап сатып жiберiп, артынан қашып кететiндер де жоқ емес. Жә, бұл ендi өз алдына бөлек әңгiме...

Айтайын дегенiмiз...

Айтайын дегенiмiз бұрындары шопан өкiметтiң малын бақса, қазiр жекенiң малын бағады. Елiмiзде мал басын көбейтуге байланысты көптеген бағдарлама қабылданып, жүзеге асырылуда. Мал бағып, шаруашылықпен айналысқысы келгендердiң қолын қағып жатқан ешкiм жоқ. Осы мақсатқа жеңiлдетiлген несие бөлiнiп, көмек ретiнде субсидия да берiлуде.

...Күнi кеше ауылдан әкем хабарласты. Қойшы iздеп жүр екен. Қажет болса шопанды өзге өңiрден көшiрiп әкелiп, жағдайын жасауға дайын. Ойланып қалдық. Тұрғындары үш миллионға жететiн өңiрден қойшы табылмағаны қалай?

Расында, күнделiктi жарнамаларда «Отбасымен малшы iздеймiн» деген хабарландырулар жиi кездеседi. Бұл, әрине, мал шаруашылығының дамып келе жатқанын көрсетедi. Алайда, сол малды бағатын қойшыны табу қиын. Несiн айтасыз, қойдың арқасында байып отырып, қой баққымыз келмейдi. Бағатын қойшы iздеймiз...

Ауылдағы ағайынмен тiлдесе қалсаң, бәрiнiң айтатыны – қой бағатын адамның жоқтығы. Табылғаны кiсiнiң құнын сұрайды дейдi. Кiсiнiң құны деп отырғаны: қой кезекте орныңа бiр күн шыққанына – 2-3 мың теңге, әйтпесе айына 30-50 мың теңге көлемiнде жалақы төлеу. Аз айлыққа ешкiмнiң қой баққысы келмейдi. Қойшы тапшылығы деген проблема осыдан туындап отыр.

«Алланың берген сегiз ұл-қызын мал бағып жүрiп асырадым. Олардың киген киiмiн де, iшкен асын да осы кәсiптен тауып, адал еңбегiммен жалақы алып отырдым. Мал бағуды ар көрмедiм. Әкем де қойшы болған. Төрт түлiктiң жайын бiр кiсiдей бiлемiн. Бұл күнде ұл-қыздарым жоғары оқу орындарын бiтiрiп, кәсiптерiне сай жұмыс iстеп жүр. Ендi маған «мал бақпай-ақ қойыңыз, анам екеуiңiздi бiз асыраймыз» дейдi ұлдарым. Олар менiң қойшы болғаныма намыстанады. «Мал шаруашылығымен айналысатын шағындау бизнес ашыңдар, көмектесейiн» десем, не оған көнбейдi. Пайдасы жоқ, шығыны шаш-етектен дейдi» деген едi өмiрiн қой бағып өткiзген қызылордалық Шеңгелбай шопан.

Расында, қой бағу оңай шаруа емес. Басынан күн, табанынан сыз өтiп, күнi-түнi ыстық-суықта жүргенiмен, бүгiнгi жалдамалы қойшының айлығы шайлығына жетпейдi, зейнетақы қорына ақша аударылмайды. Жеке шаруа қожалықтың иесi шопанның жағдайын жасамаса, қойшы да қойдың күйiн күйттеп жарытушы ма едi?! Қазiргi кезде қой бағуға неше жыл бас бостандығынан айырылып, еркiндiкке ендi шыққандар немесе жұмыс таба алмай жүрген өзге ұлт өкiлдерi ғана келiседi. Бәрi демесек те, көбiнде осылай.

Мемлекетiмiз ет экспорттауды қолға алды. Өкiнiштiсi, мал шаруашылығына қатысты қабылданған бағдарламаларда да малшылар жайы бiрде-бiр рет айтылмайды. Заңды жасағандар малға ғана емес, малшының жағдайына да мән беруi керек едi ғой... Оның мүддесiн еңбек, кәсiподақ, құқық қорғау органдары шындап қорғауы қажет. Шопан өзiн қор сезiнбеуi керек. Ол өзiн қор сезiнбегенде ғана шаруасын шабыттанып жүрiп iстейдi. Ал, саланы осындай кәсiбiн сүйген адамдар ғана өрге сүйремей ме?!

– Кiшi ұлымның үлкен базаны алып, мал шаруашылығымен айналысқанына үш-төрт жылдай болды. Мемлекеттен субсидия алып, асыл тұқымды мал басын көбейттi. Үлкен ұлым мал азығын дайындаумен айналысып, қырға дән егiп, шөп орып, күндiз-түнi тынбай еңбек етуде. Аллаға шүкiр, бiрлiкпен басталған тiрлiкте береке бар. Алайда, осы жылдары бiз қой бағатын, мал шаруашылығын жетiк бiлетiн маман таппай қиналдық. Кейiнгi кездерi денсаулығым болмай, таяққа сүйенiп қалған соң тараздық мал баптаушы Қалдан Сейдулланы шақырттық. Жасы сексендi алқымдаса да ат құлағында ойнайды, төрт түлiктiң бабын тауып, жағдайын жасап отыр. Алайда, қой бағатын шопан таппай жүрмiз. Несiн айтасыз, қойшының түкiрiгi жерге түспей тұр ғой. Айлығын төлеп, жататын үйiн, көретiн «Отауын» кiргiзiп, есiктiң алдына су ағызып қойдық. Жыл басталғалы он шақты қойшымен келiстiк. Ары кетсе екi ай, берiсi аптаға жетпей «кетемге» басады. «Ау, қарағым, ай сайын айлығыңды алып отырсың, азық-түлiгiңдi әкеп тұрмын, жиырма шақты сиыр сауып, сүт қатқан шай iшiп, құрт-майыңды ажыратып, оны қалаға апарып сатып жүрсiң. Саған басқа не керек?» дейсiң. Айтатын сылтауы көп. «Мал баққанша, қалаға барып арба сүйрегенiм жақсы» дейтiндерi көп. Таң қаласың. Ауылда жүрген жұмыссыз жастарды малшы болуға шақырсаң көнбейдi, – дейдi Бәйдiбек ауданындағы «Қарағай» жеке шаруашылығының төрағасы Жахадияр Ертаев.

Сонымен, ауыл жастарының расымен де шаруаға қыры жоқ, жалқау ма? Бiздiңше, мұның сан себебi бар. Көп себептiң бiрi – қойшы құқығының қорғалмауы. Қожайыны айлығын төлемей, тiптi ұрып-соғып, құлдықта ұстаған жәйттер соңғы кездерi жиi бой көрсеттi. Әлеуметтiк жағдайы заңмен қорғалмаған малшы көп жағдайда опық жеп жатады. Жоғарыда келтiргенiмiздей, еңбек адамы ретiнде қойшыларды кәсiп иесi деп таныған дұрыс. Заңмен құқығын қорғап, айлығын уақтылы төлеп отырса қойшы да, меншiк иесi де өз жауапкершiлiктерiн сезiнер ме едi, кiм бiлсiн?..

P.S. Ең абзалы, байимын деген адам өз малын өзгеге бақтырмайды, өзi бағады. Кiсi қараған мал көбеюшi ме едi?! Үстiңiзден қойдың исi шығып тұрмай, қораңызға береке дарымайды. Сiз өз қойыңызды өзiңiз бағып, байып кеп берiңiзшi, «ой» баққандар төрiне өздерi-ақ шығарады. Қой баққан шаруа баққан қазаққа қашан намыс болып едi?!

1 пікір

  • Сапаралы
    Сапаралы

    Не айтпақ ойың бар сонда Бақсаң баға берсей өзің гондурас

Пікір қалдырыңыз