БАЛА ҚҰҚЫҒЫ – БАСТЫ НАЗАРДА

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстiк Қазақстан». Құқықтық мемлекет құру жолына түскен елiмiзде барлық мәселе заң негiзiнде шешiледi. Ата Заңымызда «Елiмiздiң басты байлығы – адам» деп аққа қара жаққандай анық жазылып қойылған. Мемлекетiмiздiң басты байлығы адам болса, кәмелетке толмаған жасөспiрiм де, бала да – адам. Десек те, кәмелетке толмағандар мен кiшкентай балалардың құқығына қол сұғатындар әр жерде кездесiп жатады. Жасыратыны жоқ, мұндай әрекеттерге көбiнесе ересектер себепшi болады. Сондықтан олардың құқығын қорғау қоғамдағы өзектi мәселенiң бiрiне айналып отыр.
Осыдан он жыл бұрын Қазақстанда ТМД елдерiнде алғашқы болып ювеналды сот құрылып, жұмыс iстей бастаған едi. Алғашында Астана мен Алматы қалаларында ғана жұмыс iстеген жаңа құрылым көп өтпей елiмiздiң барлық облыс орталықтарында iрге көтердi. Бұл соттың мақсаты – кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, содан кейiн заң бұзған, түрлi себептермен қылмыс жасаған балаларды қолданыстағы заң шеңберiнде жауапкершiлiкке тарту. Мамандандырылған соттарда әлгiндей балаларды түзу жолға салудың амал-тәсiлдерi жасалады. Ол, бәлкiм арнайы мектептерге жiберу немесе ата-аналарын жауапқа тарту түрiнде бола ма, қалай болғанда да терiс жолға түскен жасөспiрiмдердi түзету тәсiлдерi қарастырылады.
Биыл құрылғанына бес жыл толып отырған облыстық кәмелетке толмағандар iсi жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық соты өзiне жүктелген ауыр да жауапты мiндеттi абыроймен атқарып келедi. Олар ата-аналардың немесе басқа да заңды өкiлдердiң балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамауына қатысты, кәмелеттiк жасқа толмағандарды әкiмшiлiк құқықбұзушылық жазасына тарту, олардың тұрғылықты жерiн анықтау, ата-ана құқығынан айыру және бала асырап алу мәселелерi бойынша iстердi қарап, шешiм шығарады. Қазiр мұнда 5 судья, 1 кеңсе меңгерушiсi, 3 кеңсе маманы, 5 сот отырысының хатшысы және 1 сот приставы қызмет атқарады. Мұндағы судьялар республика бойынша осы тектес соттар арасында ең көп жүктемемен жұмыс iстейдi. Бұл бiздегi халық санының көптiгiмен байланысты болса керек.
Оңтүстiк Қазақстан облыстық кәмелетке толмағандар iсi жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Қанатбек Қоңырбаевтың айтуынша, сот кәмелеттiк жасқа толмаған балалардың өмiрлiк тәжiрибесiнiң аздығын ескерiп, олардың құқықтарын арнайы мамандардың көмегiмен қорғайды. Және де сот отырысына баланың психологиялық жағдайын жақсы бiлетiн психологтар мен педагогтар қатысады. Олар сот шешiмi шыққанға дейiн кәмелетке толмағандардың мүдделерiн қорғап, заңның бұзылмауын, бала құқығының аяқасты болмауына күш салады.
Статистикаға сүйенсек, соңғы бес жылда мамандандырылған ауданаралық сотына 5037 талап-арыз түсiп, оның 3250-iне сот шешiмi шыққан екен. Соның iшiнде 198 азаматтық iс медиация тәртiбiмен шешiлiптi. Сондай-ақ, осы жылдар iшiнде азаматтық iстер бойынша ата-ана құқығынан айыру бойынша – 1175, баланың тұрғылықты мекенжайын анықтау мақсатында – 472, баламен кездесу тәртiбiн анықтау үшiн – 499, арнайы мектеп-интернатқа жiберу жөнiнде – 147, әкелiктi тану бойынша алимент өндiру iсi – 3324, бала асырап алу – 2273, алимент мөлшерiн өзгерту туралы 258 iс қаралған екен.
Бұдан бөлек, әкiмшiлiк iстер бойынша 5540 iс сот қарауына түсiп, 5102 iске әкiмшiлiк қаулы шыққан. Нәтижесiнде, жалпы сомасы 56 миллион теңгеден аса айыппұл салынып, өндiрiлген. Сондай-ақ, осы уақыт аралығында 2221 қылмыстық iс қаралып, 560 сот үкiмi шығарылған. Оның 276-сы медиация тәртiбiмен шешiлген.
Жасөспiрiмдер iсiн қарайтын арнайы мамандандырылған соттардың құрылуы елiмiзде кәмелетке толмағандардың құқығына қаншалықты дәрежеде көңiл бөлiнгендiгiн көрсетсе керек. Басты тәрбиенiң отбасында берiлетiнiн ескерсек, көп жағдайларда ата-аналардың баланың оғаш әрекетке баруына себепшi болатынын байқаймыз. Яғни қадағалаусыз қалған бала өзiн еркiн сезiнiп, соның әсерiнен жаман жолға түскенiн байқамай да қалады. Мысалы, Сарыағаш ауданында тұратын 1999 жылы туған жасөспiрiм қыз «В Контакте» әлеуметтiк желiсiнде Сириядағы содырлармен жүйелi түрде байланыс жасап, терроризмдi насихаттап келген. Сөйтiп, ойнап жүрiп от басқан қыз осы әрекетi үшiн 5 жылды арқалап кете барды.
Бала – елiмiздiң ертеңгi болашағы. Тәуелсiз елiмiздiң келешек тiзгiнiн ұстайтын жас ұрпақтың жақсы азамат болып өсуi мемлекеттiк маңызы бар мәселе. Ал, олардың бұзылған құқығын қалпына келтiретiн ювеналдық соттар 10 жыл iшiнде өзiнiң өмiршеңдiгiн дәлелдеп келедi.
raushannurtaiova
Саламатсыздар ма менде пікір емес сұрағым бар еді менің ұлымның куәлік алатын уақыты жақындап қалды өзінің әкесі баладан заң жүзінде бас тартқан сол себепті ұлымның тегін ауыстыруға қайда жүгінсем болады . Өтініш сіздерден ....