ЭТНОАУЫЛ

  Астанада қазақтың дәстүрi мен мәдениетiн ұлықтайтын қалашық бой көтередi ҚазАқпараттың хабарлауынша, Астанада қазақ халқының дәстүрлi мәдени қалашығы – «Этноауыл» ұлттық мәдени кешенi көрмеге келушiлерге өз есiгiн айқара ашады. Бұл кешен – Мәдениет және спорт министрлiгiнiң тапсырмасымен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесi аясында туристерге қазақ халқының ұлттық мәдениетi мен өнерiн насихаттау мақсатында құрылған бiрегей орын.  Мұнда күн сайын қазақтың театр және музыка өнерiнiң фестивальдерi, сәндiк-қолданбалы өнер бойынша шеберлiк сыныптары, қолөнер және көркемөнер көрмелерi, этникалық музыка фестивальдерi, ұлттық спорт жарыстары өткiзiледi.

 

– Бұл өткенге саяхат жасап, көшпендiлердiң рухын сезiнуге таптырмас мүмкiндiк. Бiздiң кешен келушiлердi қазақ халқының бай тарихымен, өнерiмен және дәстүрiмен таныстырады, кез келген адам көшпендiлер өркениетiнiң этномәдени ортасына саяхат жасап, ауылдың күнделiктi тұрмысынан ләззат ала алады, – дейдi жоба авторлары.

Аумағы 2,5 мың шаршы метрдi құрайтын этноауыл «Қазанат» ипподромы аумағында орналасқан. Онда отызға жуық ақшаңқан киiз үй алыстан көз тартады. Қазақтың әшекей бұйымдары, Алтын адам сынды көркемдiк-декоративтiк элементтер де этноауыл көрiнiсiне әр бере түседi. Одан бөлек, кешенде концерттiк зал, спорттық және балаларға арналған алаңдар орналасқан. Кешен алуан түрлi бағыттағы бiрнеше секторлардан құралған. Мәселен, «Дәстүрлi аңшылық түрлерi» секторында қазақ халқының сүйiктi аңшылық кәсiбi – саятшылық, аңшы құстармен және дала тазыларымен аңға шығуы көрсетiледi. Сондай-ақ, бұл жерде құралайды көзге атқан мергендердiң өнерiн тамашалауға болады. «Ұлттық ойындар» секторында келушiлерге тәрбиелiк, дәстүрлiк, әскери-спорттық, көпшiлiк-эстетикалық және өзге қоғамдық мiндеттердi атқаратын ойын-сауықтар мен ұлттық ойын түрлерi ұсынылады. Мұнда «Қыз қуу», «Күмiс алу», «Алтыбақан» және өзге де ойындар қазақтың мәдени дәстүрiн толыққанды сезiнуге мүмкiндiк бередi.

– Мұндағы ат шеберлерi ЭКСПО көрмесi өтетiн үш ай бойы күнара келушiлер алдында өнер көрсетедi. Бұдан бөлек әр облыс өздерiнiң мәдени күндерiн өткiзiп, өнерлерiн ортаға салады. Сонымен бiрге бiздiң ұлттық спорт түрлерiн дамыту орталығы да тұрақты түрде өнер көрсетiп тұрады. Жалпы алғанда, қонақтардың көңiлiнен шығады деген ойдамын. Этноауылда еш демалыссыз, 93 күн бойы iс-шаралар ұйымдастырылады, – деп атап өттi ҚР Мәдениет және спорт министрлiгi Дене тәрбиесi және спорт iстерi комитетiнiң төрағасы Елсияр Қанағатов.

ЭКСПО–2017 кезiнде көпшiлiк этноауылда ауқымды ат жарыстарын тамашалай алады. Атап айтқанда, 11 маусым күнi ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесiне арналған ат спорты түрлерiнен «ЭКСПО Кубогы» жалауын көтередi. Бәйге – көптеген түркi халықтарының тарихи және танымал ат спортының бiрi. «Ат жарыстары аламан бәйге, топ бәйге, жорға жарыс, ұшқыр бәйге бойынша өтедi. Ұшқыр бәйгенiң жалпы жүлде қоры 31 миллион теңгенi құрайды. Ал, 36 миллион теңге – ұлттық ат спорты түрлерi бойынша өткiзiлетiн барлық жарыстың жүлде қоры. Ұшқыр бәйге жарыстарына қатысу үшiн Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Польшадан атбегiлер келедi» дедi Е.Қанағатов. «Ұлттық асхана орталығы» секторында қатысушылар мен қонақтар қонақжайлылығымыздың ежелгi және бай тарихына қанығып, ұлттық тағамдарымыздың сан түрлi қыры мен ерекшелiгiне қаныға алады. Ұлттық тағамдар мен қымыз, шұбат сынды дәстүрлi сусындар мерекелiк дастарқанның  сәнiн кiргiзедi. Этноауылда өтетiн мерекелiк iс-шаралар арасында қазақтың музыкалық және театр өнерi фестивалiнiң шоқтығы биiк. «Қазақ музыкалық және театр өнерi фестивалi» секторында қонақтар үшiн көшпендiлер мен бүгiнгi қазақ мәдениетiн паш ететiн бағдарлама ұсынылады. Ол үшiн алып сахна мен 850 орынды көрермен залы жасақталған. Мұнда күнделiктi Қазақстанның өнер майталмандары мен отандық эстрада жұлдыздарының, елiмiздiң барлық өңiрiнен келген шығармашылық ұжымдардың қатысуымен түрлi жанрдағы концерттiк бағдарламалар ұйымдастырылады. Әсiресе, «The Spirit of Tengri» фестивалi мен Венгрия, Ресей, Түркия, Норвегия, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан музыканттары қатысатын «Nomadway» концертi айтулы оқиғалардың бiрi болмақ. «Шеберлер» секторында Қазақстанның барлық өңiрiнен келген қолданбалы өнер шеберлерiнiң экспозициясы орналасқан. Қонақтар бiрегей ұлттық бұйымдарды сатып алып қана қоймай, оларды өз қолымен жасап көре алады. Сондай-ақ, этноауылға Қазақстан мен шет мемлекеттерде танымал зергер Берiк Әлiбай шақырылған. Оның қолынан шыққан құны  10 мың доллар тұратын зергерлiк әшекейдi бүгiнде Иордания королi Абдулла II-нiң әйелi Рания тағып жүр. Берiк Әлiбайдың Астанадағы музейiне бүгiнде шетелдiк туристер жиi бас сұғады.

Сонымен бiрге, Мәдениет және спорт вице-министрi Ақтоты Райымқұлова бұл маусымдық жоба Астананың мерекелiк ажарын ашады деп сенедi. «Этноауыл кешенi жыл сайынғы маусымдық жобаға айналады деп үмiттенемiз.  Жыл он екi ай жалғастырғымыз-ақ келедi, бiрақ оған қаһарлы қысымыз мүмкiндiк бермейдi. Қысқы уақытта да туристердiң келуiне жағдай жасауға тырысамыз, дегенмен, жазғы уақытта жобаға ерекше назар аударылады. Астанада бұл жобаны жыл сайын өткiзу ойымызда бар» дедi вице-министр.

Пікір қалдырыңыз