Үш жүздiң басын қосқан құтты мекен

Үш бидiң Ордабасы тауында бас қосып, ұлт болып бiрiгуге бәтуаласқаны тарихтан белгiлi. Қазақтың аса үлкен мемлекет қайраткерлерi Төле, Қазыбек, Әйтеке билердiң ұйғаруымен 1726 жылдың көктемiнде халықтың жоңғар басқыншыларына қарсы күресi басталған-ды.
Осы киелi орынның рухын асқақтату мақсатында 1993 жылы 27-29 мамырда Ордабасыда Елбасының бастамасымен үш бидi еске алу жиыны өттi. Оған Өзбекстан және Қырғызстан Республикаларының сол кездегi президенттерi И.Каримов пен А.Ақаев шақырылды. Сол ұлы жиында Елбасы «Бiрлiктөбеге» шығып, тәуелсiз елiмiздiң туын көтердi, сонан соң «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығын құру туралы қаулысын оқыды. Мiне, қорықтың тарихы сол күннен басталады.
1997 жылы наурыз айында «Бiрлiк» монументiнiң құрылысы қолға алынып, оған облыстағы мекемелер мен iскер адамдар қол ұшын бердi. 19 қыркүйекте ескерткiштiң ашылу салтанатына қатысқан Президент Н.Назарбаев монументтiң мән-маңызына айрықша баға бердi. Ескерткiштiң жобасын сәулетшi Ғ.Садырбаев жасаған. Биiктiгi – 28 метр, төменгi шеңберiнiң диаметрi – 8 метр. Ескерткiштiң үш бұрышындағы үш ұстын – Төле, Қазыбек, Әйтеке билердiң асқақ тұлғаларын бiлдiредi. Ескерткiштiң әр бетiне билердiң ұлағатты сөздерi қашалып жазылған. Ал, монументтiң ортасына бекiтiлген қазақтың қасиеттi шаңырағы ескерткiштiң барлық жағынан бiрдей ортақ көрiнiс тапқан. Бұл халқымызды ұлттық санаға қалыптасуға үндегендей. Шаңыраққа iлiнген тұмар «Бiрлiгiмiзге көз тимесе екен» дегендi бiлдiрсе, одан төменiрек тербетiлген шашбау-сылдырауық «Құлақтарың түрiк жүрсiн, ел мен жердi қорғаңдар» деген бабалардың өсиетiн еске салады. Ескерткiштiң жоғары жағындағы хан бас киiмiнiң бейнесi «Жүзге бөлiнбей, тұтас бiр хандықтағы iргелi мемлекет болсақ» дегендi ұғындырады. Алдыңғы алаңнан орын алған «Ордабасы – ел жүрегi, жер кiндiгi» деген Елбасы сөзi жазылған тұғыртас та ерекше мәнге ие. Елiмiздiң көк байрағы желбiреген «Бiрлiктөбеге» көтерiлсеңiз, жүз шақырымға дейiнгi жер көзге шалынады.
Ордабасы тауында соңғы жылдары ғылыми археологиялық қазба жұмыстары жүргiзiлiп келедi. Нәтижесiнде осы тауда бұдан екi жарым мың жылдай уақыт бұрын жерленген сақ тайпаларының 300-ге жуық қорған бейiтiнiң бар екенi мәлiм болды. Археологтардың пайымдауынша, бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi өмiр сүрген сақ тайпалары өздерiнiң ұлы көсемдерi мен адамдарын осы өңiрге әкелiп жерлеген.
1993 жылы қойылған тайқазандар да өзара жарасым тауып, тауға көрiк берiп тұр. Бұл бiр қазаннан ас iшкен, бiр үйдiң баласындай ел болуға үндейдi.
Ордабасы қорығының жалпы аумағы – 1134 гектар болса, оның 10 гектарына сәндiк және жемiс ағаштары отырғызылған.
«Ордабасы» қорығының негiзгi қызметi тарихи мәдени мұраларды қорғау, сақтау және насихаттау болғандықтан, осы бағытта бiршама жұмыс атқарылды. Бүгiнде қорық аумағында демеушiлер көмегiмен ыңғайластырылып салынған музей бөлмесi, аумағы 64 шаршы метр болатын «Пирамида» көрме залы жұмыс iстейдi. Сонымен бiрге қазақ халқының тұрмыс салтын бейнелейтiн этно киiз үй керектi жабдықтармен қамтылған. Келушiлерге ыңғайлы сервис көрсету үшiн екi туристiк маршрут ашылды. Тарихи мәдени мұраларды белгiлеу және сақтау жұмыстары бойынша ежелгi сақ қорғандарына қайта жаңарту жұмыстары жүргiзiлiп, тас қорғандары қалпына келтiрiлдi. Соңғы жылдары жаңадан бiрнеше тарихи нысан ашылды. Олардың iшiнде таңба салынған қой тас, жүрек бейнесi бейнеленген «Жүрек тас», «Бiрлiктөбе» маңындағы ежелгi түрiктердiң «тугу» тайпасына тән «өртеу рәсiмi» орнын айтуға болады. «Ордабасы» қорығы құрылғалы берi осындағы қызметкерлердiң тiкелей араласуымен онға жуық кiтап шығарылды. Көптеген тарихи-танымдық мақала жарық көрдi. Сондай-ақ, республикалық «Хабар», облыстық «Айғақ», «ТВК», «Қазақстан–Шымкент» телеарналарымен бiрлесе Ордабасы тауы және «Ордабасы» қорығы туралы деректi фильмдер түсiрiлдi. Ордабасы ауданы әкiмiнiң қолдауымен «Бiрлiк» монументi маңына енi 4 метр, ұзындығы 75 метр келетiн брусчатка төселген жолаяқ, туристер қажетiн өтейтiн кабиналар орнатылды.
Бүгiнде ҚР Президентi Н.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшiншi жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабiлеттiлiк» атты Жолдауында көрсетiлген жаңа технология үрдiстерiн енгiзу бойынша жұмыстарды атқару қолға алынуда. Ол үшiн көп кездесе бермейтiн 3D форматындағы голограммалық бейнелеу технологиясын енгiзу қорықтық музейлер саласында орасан зор серпiлiс беретiнi анық. Сондықтан Ордабасы қорығы қызметкерлерiнiң алдында Елбасы Жолдауында көрсетiлген жобаларды iске асыру және «ЭКСПО–2017» көрмесiне дайындық жұмыстарын өз деңгейiнде өткiзу мiндетi тұр. Бұл мiндеттердi абыроймен атқарып шығамыз деген ойдамыз.
Мұхтар СЕЙIТЖАНОВ, «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығы директорының мiндетiн атқарушы.
Суретте: «Пирамида» көрме залы.
ОДАНОВ К
ТҮЛКІБАС АУДАНЫ МЫҢБАЙ АУЫЛЫНАН ШЫҚҚЫН ҚАНЫБЕК ШАБАНДОЗ !!!
ОДАНОВ К
СОЛ КӨКПАРДА ШАПҚАН ҚАНЫБЕК ОДАНОВ МЕН БОЛАМЫН,,
ОДАНОВ К
1992 -93 ЖЖ БОЛГАН ҮШ БИ КӨКПАРЫНЫҢ ВИДЕОСЫ БОЛСА ТҮСІРІЛГЕН ,,,,