Соғыстың соңына дейін саптан шықпаған
Ұлы Отан соғысы жылдарында ел тыныштығы мен болашақ ұрпақтың бейбіт өмірі үшін жан аямай күрескен жауынгерлердің есімі халық жадында мәңгі сақталады. Осындай ержүрек азаматтардың бірі Нығмет Сатыбалдиев еді.
Биыл ардагер атамыздың туғанына 100 жыл толды. Ол 1926 жылы Созақ ауданының Созақ ауылында дүниеге келген. Ауылдағы Ленин атындағы орта мектепте білім алып, 1943 жылы Түркістан қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Ел басына күн туған шақта жас жігіт оқуын тоқтатып, ауыл мектебінде мұғалімдік қызмет атқарды.
1944 жылы әскер қатарына шақырылып, Орынбор қаласындағы 91-полкте әскери дайындықтан өтті. Көп ұзамай майданға аттанып, Румыния жерінде неміс басқыншыларына қарсы шайқастарға қатысады. Ол 9-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында Еуропа қалаларын фашистерден азат етті.
Майдангер өз естеліктерінде жаумен бетпе-бет келген сәттерді ерекше тебіреніспен баяндайды: «Бір есімде қалғаны, біздің бекінісімізден 300 метрдей жерде үш қабатты үйге немістер қашып тығылды. Командир сол үйді жаудан босатуға бұйрық берді. Біз уралап үйдің бірінші қабатына басып кірдік. Ал, ғимараттың екінші, үшінші қабатына немістер бекініп алған. Ішке кіретін жолдарды атқылап шығармай тұр. Бас киімді шешіп алып қолымызға ұстап, терезеден шығарсақ болды, атып түсіреді. Бұл позицияны әдейі ойын ретінде қолданып едік. Әйтеуір, көп қиындықпен және адам шығынымен сол үйді басқыншылардан азат еттік» деген жазбасын бей-жай оқу мүмкін емес.
Сондай өмір мен өлім арасында жауынгерлер батырлықтың үлгісін танытып, тапсырманы абыроймен орындайды. Соғыс аяқталуға жақындағанда Нығмет Сатыбалдиевтің әскери бөлімі Моңғолия арқылы Жапонияға қарсы соғысқа жіберіледі. Бұл кезең екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы, бірақ, аса маңызды кезеңдерінің бірі еді. Кеңес Одағының қуатты әскері Жапонияны тізе бүктіру операциясына кіріскенде Нығмет ата да сол тарихи оқиғаның бел ортасында жүрді.
...Қытай жеріндегі Хуанхэ өзенінен өту кеңес әскерлеріне оңай болмады. Ені 250-300 метрге жуық, ағысы қатты өзен оңайшылықпен өткел бермеді. Жауынгер Нығмет Сатыбалдиев жүзе алмайтын. Онысын полк командирі, Кеңес Одағының Батыры Афанасьевқа айтқанда, ол шұғыл көмекке келді. Сөйтіп, кеңес жауынгерлері тапсырманы дер кезінде орындады. Бұл оқиға майдан даласындағы адамгершілік пен ерліктің айқын көрінісі болып қалды.
1945 жылы Жапония толық жеңіліске ұшырап, Жеңіс шеруі Порт-Артур қаласында өтті. Парадты Кеңес Одағының маршалы Александр Василевский қабылдады. Осылайша Нығмет Сатыбалдиев екінші дүниежүзілік соғысты толық аяқтаған санаулы қазақ жауынгерлерінің бірі болды.
Елге 1950 жылы оралған майдангер бейбіт өмірде де ел экономикасының дамуы үшін аянбай еңбек етті. Ұзақ жылдар бойы білім саласында қызмет атқарып, «Сызған» жетіжылдық мектебінде мұғалім болып шәкірт тәрбиеледі. Кейін Қызылорда педагогикалық институтын тәмамдап, зейнеткерлікке шыққанға дейін Созақ ауылындағы гимназияда ұстаздық етті.
Қос майдан ардагерінің ерен ерлігі мен адал еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол «Отан соғысы» орденімен, Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков медалімен, «Жапонияны жеңгені үшін», «Германияны жеңгені үшін» және Ұлы Жеңістің мерейтойлық медальдарымен марапатталды. Сонымен қатар, «Еңбектегі ерлігі үшін» медаліне ие болды.
Бүгінде Түркістан облыстық қоғамдық-саяси тарихы мемлекеттік архивінде аталған майдангердің құжаттары сақтаулы. Бұл – ел тарихының ажырамас бөлігі, батырдың ерлік жолын дәлелдейтін құнды мұра.
Нығмет Сатыбалдиевтің ғұмыры – Отанға адал қызмет етудің, ерлік пен еңбекке деген шексіз жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Батырлар ерлігі – ұлттың рухани байлығы. Осындай тұлғалардың өнегелі өмір жолын ұрпақ санасына сіңіру – баршамыздың азаматтық парызымыз.
Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Ел үшін жанын қиған батырлардың есімі халық жүрегінде мәңгі сақталады.
Х.САПАШЕВА,
Түркістан облыстық қоғамдық-саяси тарихы мемлекеттік архивінің архивисі.