Бекзат жайлы жырлар Анкарада түрік тілінде жарық көрді

Түркияның астанасы Анкара қаласында бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановқа арналған өлеңдер жинағы жарық көрді.  Осы кітап арқылы қазақтың жеңімпаз ұлы жайлы туындыларды енді түрік оқырмандары да оқитын болады. Ozanların Gözüyle/Sözüyle Bekzat Sattarhanov («Ақындардың көзінде/сөзінде Бекзат Саттарханов») деп аталатын бұл еңбекте чемпионның өмірбаяны мен 30 ақынның 45 өлеңі ұсынылған. Сонымен қатар, жинақта Қазақстанның танымал тұлғалары мен спортшыларының және боксшының Сидней Олимпиадасындағы қарсыластарының жылы лебіздері де бар.
Кітап құрастыру бір қарағанда оңай көрінгенімен, ол тыңғылықты еңбекті талап етеді. Бұл жұмысқа уақыт, сабыр, ізденіс қажет. Ұлтжанды азамат Ержан Арғынбаев осындай қыруар еңбекті өз дәрежесінде атқарып шықты. Ол жинақтағы 45 өлеңді алдымен қазақша бастырып, кейін түрік тіліне аударған. 
Айта кетейік, кітап жарық көрген «Bengü» (Мәңгі) баспа үйінің бұл саладағы тәжірибесі мол, ол  Еуразия Жазушылар Одағына қарайды. Бұл баспадан шыққан түркі халықтарының әдебиеті, мәдениеті, тарихы жайлы зерттеу кітаптары және түркі тілдерінен тәржімаланған көркем әдеби шығармалары бүгінде оқырман сұранысына ие. Осы уақытқа дейін баспадан түркі халықтарына байланысты мыңға таяу кітап жарық көрсе,  соның сексенге жуығы Қазақстанға қатысты. «Қазақстан кітапханасы» сериясымен шыққан бұл кітаптарда қазақ жазушыларының прозалық шығармалары, жыр жинақтары мен зерттеу еңбектер бар. Енді осы кітаптардың қатарына қазақ бокс тарихына есімі алтын әріппен жазылған Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов жайлы еңбек те енді.  Осы орайда кітапты түрікше жариялауды ұсынып, демеушілік жасаған Еуразия Жазушылар Одағының төрағасы, ғалым-аудармашы Уфук Тузман мырзаға алғыс айтқанның артықшылығы болмас.
Жиырма жасында Олимп шыңын бағындырған Бекзаттың болмысы, оның өнегелі өмірі талай жеткіншекке тура жол сілтейді деп үміттенеміз. Түркиядағы бауырлас оқырман қауымын түркістандық қазақ жігітінің спорттағы ерлігі бей-жай қалдырмайтынына сенеміз. 

Бекзат БЕКБОЛАТ,
Анкара университетінің магистранты.
Пікір қалдырыңыз