Ғасырлар қойнауынан жеткен хикмет

Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының Ясауитану ғылыми орталығы «Хикметтердің» көне қолжазба нұсқасына қол жеткізген еді. Жергілікті тұрғындардың көмегімен табылған 17 құнды қолжазба мен сирек кітап қазақ руханиятының бай қорын толықтырып, ғалымдар үшін жаңа зерттеу кеңістігін ашып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Ясауитану ғылыми орталығы бұл жолы қазақстандық рухани мұраға ерекше маңызды жәдігерлерді қосқан болатын. Саурандық азаматтар – «Мейірім» қайырымдылық қорының төрағасы Еркін Сапаров пен Әлімжан Бекметов ұрпақтан ұрпаққа аманатталған 17 қолжазба мен сирек кітапты орталыққа тарту еткен еді. Ата-бабалары қари, дін ғұламалары болған Әлімжан Рамазанұлының әулеті бұл мұраларды Тоймат қаридан және нағашысы Раманқұлбайдан қалған  асыл аманат ретінде ғасырлар бойы көздің қарашығындай сақтап келген.
Орталық зерттеушілері атап өткендей, табылған ең көне кітаптардың бірі 1544 жылға тиесілі. Ал, басты жәдігер – Қожа Ахмет Ясауидің «Хикметтерінің» 192 жылдық тарихы бар ең көне нұсқасы. Бұл қолжазба 1834 жылы жазылған. Айта кетерлігі, музей-қорықтағы бұған дейінгі ең көне қолжазба 1845 жылға жататын еді. Демек, жаңа табылған хикметтер – одан он жыл ерте кезеңнің бірегей мұрасы.
Қолжазбаның мәтіндік ерекшеліктері, қағаз сапасы мен каллиграфиялық белгілері оның тарихи әрі ғылыми құндылығының жоғары екенін айғақтайды. Жинақ ішінде Ғаусул Ағзам Абдулқадир Жайлани рисаласы, Сүлеймен Бақырғани хикметтері, Низами мен Мәшрәб өлеңдерінің де сирек нұсқалары бар. 
Мәтінтанушылар атқарған алғашқы салыстырмалы зерттеу нәтижесі табылған хикметтердің басым бөлігі XVI–XVIII ғасырлардағы «орта кезең» қолжазбалық қабатына жақын екенін көрсеткен. Жинақтағы 120 хикметтің 39-ы қазіргі ғылыми каталогтарда мүлде кездеспейді. Бұл – қолжазбаның бірегейлігін дәлелдейтін маңызды дерек. Сонымен қатар Ясауиге қатысты 16 түрлі тахаллус лақап аттар тіркелген. Бұл мәліметтер Ясауи мұрасының авторлық табиғатын, шәкірттер ықпалын анықтауға мол мүмкіндік береді.
Қолжазбада өте көне түркі лексикасы сақталған. Мәселен, «иазуқларың» (гүнаһларың орнына), «илкиң» (қолыңа), «тұрур ердім», (бұрын «турурымда»), «әзір болып» (кейінгі мәтіндерде: «әзір тұрып»), «тариқ кірген» (кейінгі нұсқалар: «тариқатқа кірген»). Бұл ерекшеліктер мәтіннің көшірілу сатыларында өзгеріске ұшырамай, ертерек кезеңдегі диалектілік белгілерді сақтап қалғанын көрсетеді. Сияның түсі барлық парақта біркелкі; қолжазбаны бір ғана хаттат көшірген; кей тұста созылыңқы әріп үлгілері мен шағатайлық ырғақ байқалады» дейді орталықтың ғалымдары.
Ғасырлар бойы талай өткелдерден өтіп, бүгінге жеткен бұл мұралар – қазақ руханиятының ең асыл қазынасы. Әр парақ – тарих куәгері, әр жол – бабалар даналығының белгісі. Еркін Сапаров пен Әлімжан Рамазанұлының жанашырлығы арқасында рухани айналысқа түскен бұл жәдігерлер енді ғылыми зерттеудің жаңа көкжиегін ашпақ.
Орталық ғалымдары алдағы уақытта қолжазбаларды толық ғылыми айналымға енгізіп, қазақстандықтар мен әлемдік ғылыми қауымдастыққа кеңінен таныстыруды жоспарлап отыр. Ғасырлар қойнауынан аман жеткен бұл рухани мұра – бүгінгі және келер ұрпаққа қалдырылған баға жетпес аманат.

Әлия БІЛДЕБЕКОВА,
Әзірет Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени музей қорығы, 
Ясауитану ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері.

Пікір қалдырыңыз