Рухани-мәдени басқосу өтті
Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында «Кітап оқитын ұлт – зерделі қоғам» атты рухани-мәдени басқосу өтті. Бұл іс-шараны Түркістан қаласының әкімдігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын жүзеге асыру аясында ұйымдастырды.
Іс-шара барысында облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы, Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мен түркітілдес халықтардың кітапханасы бірлесе жасақтаған «Жұрт бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін…» атты кеңейтілген кітап көрмесі ашылды. Ахмет Байтұрсынұлының тағлымды сөзімен аталған көрмеде Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бастамалары, Ұлттық құрылтайда көтерілген руханият мәселелері, Алтын Орда мен Қазақ хандығы тарихына арналған еңбектер, Түркістанның тарихи-мәдени мұрасы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармалары, қоғам қайраткерлерінің еңбектері және «Халық таңдаған 100 кітап» жобасына енген таңдаулы туындылар көпшілік назарына ұсынылды. Іс-шараға қатысқан қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы кітап оқу мәдениетін дамыту мен жастардың білімге деген қызығушылығын оятудың маңыздылығына тоқталды.
Ал, іс-шараның екінші бөлімінде көрнекті әдебиеттанушы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Құлбек Ергөбектің «Өзбекәлі Жәнібек кім?» атты ғұмырнамалық кітабының таныстырылымы өтті. Кездесу барысында автор мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібектің өмір жолы, ұлттық мәдениет пен руханиятты дамытудағы өлшеусіз еңбегі, тарихи мұраны сақтау жолындағы қызметі туралы кеңінен әңгімеледі. Сондай-ақ, кітаптың жазылу тарихы мен мазмұны таныстырылып, оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.
Рухани кеш аясында кітаптың тұсаукесер рәсімі өткізіліп, зиялы қауым өкілдері туындының тарихи-танымдық маңызына тоқталды.