Тайқазан – Түркістанның символы!

Абай БАЛАЖАН,
«Оңтүстік Қазақстан».

Түркістан күн сайын түлеп жатыр, жаңарып, жаңғырып жатыр. Шаһар көрген кісінің көзін сүйсінтеді, көңіліне қуаныш ұялатады. Бірақ, осы Түркістанға бір нәрсе жетпейтіндей көрінетін де тұратын...
Жалпы, Түркістанның қара орман қазаққа да, алыс-жақындағы түбі түркі ағайынның бәріне де ерекше ыстық мекен екендігіне ешкім дау айта қоймас. Кешегі бабалар Түркістанға бір рет табаны тисе, соның өзін Құдайдың берген ерекше бағы деп есептепті. Қолы ұзындаулары ұрпағына «олай-бұлай болып кетсем, мені Түркістанға қойыңдар» деп аманаттапты. Кешегілерді де былай қоя беріңіз, өмірден 2021 жылы ковидтің кезінде сексеннен асып қайтқан шәуілдірлік бір кейуананы білуші едім. Құдай ұлды да, қызды да берген, берекесі тасыған жан еді. 2019 жылы сол кісінің он перзентінің ішіндегі бір қызы жұмыс ыңғайы солай болып, отбасымен Түркістанға қоныс аударатын болды. Жасыратын несі бар, қыздың үйі жаңа облыс орталығына көшкісі келмейді, әрі-сәрі күйде. Қызының Шымкенттен Түркістанға көшетінін естігенде әлгі апаның жүрегі жарылардай болып қуанғанын көрсеңіз ғой! «Шіркін-ай, мен өмір бойы он баламның еш болмаса біреуі Түркістанда тұрса ғой» деп армандамап па едім! Құдай тілеуімді аяқ астынан бере салғанын көрмейсің бе! Иншалла, жаман болмаспыз. Алды-артыңа қарама, тез көш! Құдайдың өзі беріп тұрған бағын кері теппе!» деген еді қызына. 
Бүгінде сенатор, әріптесіміз Әлішер Сатыбалдиев екеуміз түркістандық бір қариямен әңгімелескенімізде «кешегі өткен шалдар әлі Түркістанның бір түйір топырағының өзі алтын болады деп отыратын» дегені есімізде.
Иә, бұл сол Түркістан ғой! Исі қазақтың, исі түркінің Құдайдан жақсылық дәметсе есіне бірінші түсетін Түркістаны бұл! Жақсыны ырымдаса да Түркістанмен байланыстыратын жұрттың ұрпағымыз. «Жақсылық дәметсе, жақсыны ырымдаса» демекші, соңғы қырық жылдың көлемінде мына елдің жақсылықты Түркістанға қарап ырымдағанына екі рет өзіміз де куә болдық. Біріншісі – баршаға белгілі, тайқазанның Түркістанға қайта оралуы. Аға буын өкілдері әлі ұмыта қоймаған болар, сол кезде бүкіл ел «енді бір жақсылық болатын шығар» деп елеңдеп жүрді. Артынша еліміз тәуелсіздігін алып дербес мемлекет атандық!
Екіншісі -– жаңылыспасам, 2003 жылы, әлде одан сәл ертерек, Баба кесенесінің маңдайшасына үкі келіп қонақтады. Бір сағат, бір күн, бір апта отырған жоқ, жылдар бойы сол жерді мекен қылды. Бір жақсылық боларын сездік. Нәтижесінде Түркістан облыс атанып, ерекше мәртебеге ие болды! Көзге көрінетін, көзге көрінбейтін басқа да жақсылықтары болып жатқан шығар, оны біріміз сезініп, біріміз сезінбей жүрген де шығармыз... Алла соны сезіндіру үшін баршамыздың көкірек көзімізді ашқай!
Түркістан жаңарып жатыр дедік. Айналдырған бес-алты жылдың ішінде көркіне көз тоятын небір заманауи ғимараттар салынды! Алайда, Түркістанға бір нәрсе жетпейтін сияқты болып көрінетін де тұратын. Ол жетпей тұрған нәрсенің не екенін анық біле қоймайтынбыз. Сөйтсек, ол жетпей тұрған нәрсе – Тайқазан екен ғой! Былай қарасаң елеусіз ғана жағдай, алайда, Тайқазанның ұлт береке-бірлігінің символы екенін ескерсек, қалғып бара жатып, селк ете түскендей боласың! Біз жаңа Түркістанға бәрін салып, оның символы – Тайқазанға ескерткіш орнатуды ұмытып кеткен екенбіз ғой! Тура дастарқанға бәрін қойып, нан қоюды ұмытып кеткен секілді жағдай да. Міне, ол олқылықтың да орны толды! Түркістанға кіре беріске Тайқазанға үлкен ескерткіш орнатылды. Осы идеяны жүзеге асырған облыс әкімі Нұралхан Көшеровке де, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлына да Алланың нұры жаусын дейміз! Иә, бүгінде қай-қайсымыз да әкім көрсек ит көрген ешкікөзденіп шыға келетін болдық қой, бірақ жақсы нәрсені жақсы деу – азаматтықтың белгісі, адам болудың бір баспалдағы екенін ұмытпайық!
Мына Тайқазанның ескерткіші маған соңғы қырық жылда Түркістанға үшінші рет жақсылық келе жатқанының нышанындай болып көрінеді! Енді үшінші келген жақсылықты уыстан шығармай ұстап қалсақ, қанеки! Мың болыңдар, бауырлар!
Пікір қалдырыңыз