Бірлік түбі – береке!

Қадірлі Түркістан облысының тұрғындары!
Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Бұл – татулық пен тұрақтылықты ту еткен, береке мен бірлікті басты құндылық санайтын барша халқымыз үшін айрықша күн. 
Ғасырлар бойы қазақ жері, қазақ елі түрлі этностарға пана болып, тағдыр тәлкегімен жұртты осы өлкеге келген бауырына басты. Соның нәтижесінде мемлекетімізде бірлігі жарасқан қоғам қалыптасты. Сондықтан еліміз үшін бұл мерекенің мәні зор. 
Бүгінде Түркістан облысы – тарихы терең, рухани құндылықтарға бай өңір ретінде еліміздегі бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Облысымызда 2 миллионнан астам халық, 50-ден астам этнос өкілдері бір отбасының баласындай өмір сүріп жатыр. Бұл – Мемлекет басшысы жүргізіп отырған сарабдал саясаттың және халықтың өзара сыйластығының нақты нәтижесі.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан халқы Ассамблеясы – елдегі бейбітшілік пен келісімнің символына айналған бірегей институт. Осы құрылымның 30 жыл ішінде атқарған жұмысы қоғамдағы тұрақтылықты нығайтып, этносаралық қатынастардың тиімді моделін қалыптастырды.
Өңірімізде Ассамблея құрылымдары арқылы түрлі әлеуметтік жобалар, мәдени және тәрбиелік іс-шаралар жүзеге асырылуда. Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі халықтың бірлігін бекемдеп, ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосуда. Ал, медиация институты қоғамдағы дауларды бейбіт жолмен шешуге ықпал етіп, келісім мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді.
Қадірлі ағайын!
Бірлік – біздің басты байлығымыз. Ынтымақ пен келісім бар жерде ғана даму мен өркендеу болады. Түркістан өңірі осы құндылықтарды нақты іспен дәлелдеп келе жатқан аймақ.
Алдағы уақытта да біз бірлігімізді бекемдеп, татулығымызды сақтап, ортақ мақсат жолында жұмыла еңбек ете береміз. Бұл – біздің келер ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз.
Осы мерейлі күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілейміз! Елімізде әрдайым бейбітшілік пен тұрақтылық салтанат құрсын!
Бірлігіміз бекем, тірлігіміз берекелі болсын!
Мереке құтты болсын!

Нұралхан КӨШЕРОВ,
Түркістан облысының әкімі.

Нұралы ӘБІШОВ,
Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы.
Пікір қалдырыңыз