«Диплом сандықта...» шаң басып жатыр

Ақмерей ШЫРЫНБЕКОВА,
«Оңтүстік Қазақстан».

Биылғы оқу жылының аяқталуына аз ғана уақыт қалды. Енді бір айға жетер-жетпес уақытта мектепте жазғы каникул басталады, ал, түлектер өздері таңдаған мамандықтары бойынша оқуға түсіп, үлкен өмірге қадам басады. Бірақ, олардың барлығы оқу бітірген соң өз мамандықтары бойынша жұмыс таба ала ма, мәселе сонда! 
Қазір жастардың аузынан «дипломым сандықта жатыр» деген сөзді жиі естиміз. Бұл – қоғамдағы ең түйткілді мәселелердің бірі. Кеше ғана мұғалім болуға дайындалған студент бүгін сауда саласында, ал, заңгер мамандығын алған түлек мүлде басқа бағытта – кәсіпкерлікпен айналысып жүр. Неліктен бұлай? Енді осы мәселенің жігін ажыратып көрейік. 
Мұның негізгі себебін еңбек  нарығы мен білім беру саласындағы сәйкессіздіктен іздеген жөн-ау.  Өйткені, мектеп бітірген жас оқу бағдарламасымен  ғана шектеледі. Ол ел экономикасын дамытудағы сан түрлі проблемалармен таныс емес. Қай салада маман жетіспейді? Қандай мамандыққа сұраныс көп? Оны мектеп мұғалімі де түсіндіріп бере алмайды. Сондықтан да оқушылардың арасында мамандық таңдауға атүсті қарайтындар аз емес. Ата-ананың «сен мынадай маман болуың керек» деген талабы, сондай-ақ, қай салаға грант көбірек бөлінетіні де жастарды жиі адастырып жатады. Тағы бір маңызды себептердің бірі – ол  заманның жиі-жиі құбылуы. Заман ағымына қарай бүгінгі күні жаңа мамандықтар пайда болып, бұрынғы кейбір  кәсіптер өзектілігін жоғалтып жатыр. Әсіресе, цифрлық технологиялар дамыған бүгінгі таңда жастар тез табыс әкелетін салаларға бет бұрып жатады. Әрине, мол табыс тапқан жақсы. Қиналмай көп табыс табу кімге ұнамайды дейсіз? Алайда, жастардан мемлекет үлкен үміт күтіп отыр. Егер жастардың барлығы саудамен айналысса, білімге, ғылымға, экономикаға кім үлес қосады? Бұл түлектерді онша толғандыра қоймайтындай...
 Расында да, сандықта жатқан диплом оларға жұмыс тауып бере алмайды. Бірақ, бұл тығырықтан шығатын жол жоқ емес, бар. Қазір қысқа мерзімді курстар мен қайта даярлау бағдарламалары аз емес. Дипломы сандықта жатқан маман осы курстар мен бағдарламалар арқылы білімдерін тереңдетуге, жаңа мамандық игеруге мүмкіндігі бар. 
Облысымызда халық саны 2 миллионнан асады. Жыл сайын ондаған мыңдай  жас еңбек нарығына қосылады. Алайда, өңірде 39 мыңнан астам адам жұмыссыз жүр. Сонымен қатар, жыл сайын мыңдаған тұрғын басқа өңірлерге қоныс аударуға мәжбүр. Осындай жағдайда көптеген жас маман өз дипломымен емес, әйтеуір табыс табуға болатын басқа салаларда жұмыс істеуді жөн көреді. 
 Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылдың бірінші тоқсанында елімізде 15 пен 34 жас аралығындағы 3,6 миллиондай жас жұмыспен қамтылған. Бұл елдегі барлық жұмыспен қамтылғандардың шамамен 39 пайызы. Жастардың жұмыспен қамтылғаны жақсы, әрине.  Бірақ... Олар өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп жүр ме? Жалақылары жан бағуға жете ме? Сарапшылардың айтуынша, дипломның «қызуы» әлі басылмаған, яғни кеше ғана оқу бітірген жас мамандар көбіне төмен жалақы төленетін салаларда жұмыс істейді екен.
Мысалы, жастары лайықты жұмыспен қамтылған негізгі үш өңір ретінде Алматы қаласы (452,6 мың адам), Түркістан облысы  (388,1 мың адам), Астана қаласы (303,5 мың адам) аталады. Ал, аймақтар бойынша жастардың жұмыспен қамтылу үлесі ең жоғары өңірлердің бірі – біздің  облысымыз. Шамамен – 47,4 пайыз. Жастардың шамамен үштен бірі сауда, білім беру, өнеркәсіп, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі саласында жұмыс істейді. Бірақ, дәл осы салаларда орташа жалақы ең төмен деңгейде. 
Бүгінде жоғары оқу орнын немесе колледждерді тәмамдаған жастардың көбісі өз мамандықтары бойынша жұмыс істемейді. Көпшілігінің дипломы сандықта шаң басып жатыр. Бұл – қазіргі қоғамның шынайы көрінісі. Мамандықты дұрыс таңдау адамның  болашағына тікелей әсер ететін маңызды қадам. Кейде грант немесе сыртқы жағдайларға байланысты таңдалған мамандық жүрек қалауымен сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан жастарға тек грант үшін емес, өз қызығушылығы мен қабілетіне сай мамандықты таңдау маңызды. Себебі, өз ісін жақсы көрген адам ғана кәсібінде жетістікке жетіп, қоғамға пайда әкеледі. Дұрыс таңдалған мамандық – болашақтағы табыстың, тұрақтылықтың негізі.    
Пікір қалдырыңыз