«Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ!»
Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Акция барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, екі жыл бұрын тағлымы мол, мән-мазмұны айрықша «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы басталғанын айтты.
– Халқымыз ежелден «тазалық» ұғымына ерекше мән берген. Жұртымыз «таза» сөзін кең мағынада қолданады. Мысалы, арлы, ниеті түзу, адал адам туралы айтқан кезде «ары таза, ойы таза, жүрегі таза» адам деп сипаттаған. Бабаларымыз әрдайым табиғатпен етене байланыста өмір сүрген, қоршаған ортаны қорғау қастерлі міндет деп санаған. «Обал болады» деп жас ұрпақты табиғатқа ешқандай зиян келтірмеуге үйреткен. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп Жер-Анаға жанашыр жүрекпен қарауға тәрбиелеген. Міне, бүгін де тазалық ұғымы ұлтымыздың болмыс-бітіміне тән асыл қасиетке, қоғамдық мәні зор құндылыққа айналып жатыр. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы – соның айқын көрінісі. Тазалық – өркениетті қоғамның айнасы, дамуға ұмтылған кез келген елдің мызғымас ұстанымы. Ақ пейілмен, түзу ниетпен қолға алған әрбір іс берекелі болады. «Таза Қазақстан» – дәл осындай бірегей бастама. Бұл жоба миллиондаған отаншыл азаматымыздың адал еңбегінің арқасында жалпыхалықтық қозғалысқа айналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы акцияға атсалысқан отандастарымызға, әсіресе, жастарға ризашылығын білдірді.
– Түптеп келгенде, біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Барымыз да, басты байлығымыз да – қастерлі Отанымыз Қазақстан. Сондықтан қасиетті жеріміздің, киелі еліміздің Озық, Қауіпсіз, Күшті әрі Таза болғаны тек бізге ғана керек. Осыны дұрыс түсінген абзал. Бұл жобаның түпкі мәні – табиғатты аялау, тазалық пен тәртіпті дәріптеу, саналы ұрпақ тәрбиелеп, сапалы ұлт қалыптастыру, – деді Президент.