Президент Орталық Азия елдерін су мәселесінде бірлесіп әрекет етуге шақырды

Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті.
Мемлекет басшысы Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан көшбасшыларына саммитке қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.
Президент Халықаралық Аралды құтқару қоры Орталық Азиядағы су шаруашылығы мен экологиялық мәселелердің шешімін табу үшін өңірдегі мемлекеттердің күш-жігерін ортақ арнаға ұйыстыратын бірден-бір институционалдық платформа екеніне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Аралдың экожүйесін қалпына келтіру бойынша бірлескен күш-жігердің арқасында оң нәтижеге қол жеткізілгеніне мән берді.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі жетістіктерге қарамастан, экологиялық қатерлердің өсу қарқыны оны төмендету мақсатында қабылданған шаралардан асып түседі. Мұны Арал теңізі бассейнінің қазіргі жағдайын талдау нәтижелері көрсетіп отыр.
Президент су проблематикасын аймақ елдеріне ортақ әрі халықаралық қоғамдастық назар аударатын өзекті мәселе ретінде қарастыруға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев су саласын цифрландыруды, соның ішінде Сырдария мен Әмудария бассейндерінде мониторингтеудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін енгізуді басты міндет ретінде атады. Бұл тетік деректердің ашықтығы мен нақтылығын қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысының пікірінше, аймақтағы су мәселелері мен экологиялық сын-қатерлер арта түскен сәтте өзара келісімге келіп, кедергілерді бірлесіп еңсеру үшін күш-жігер жұмылдыру, бірлік таныту – өте маңызды.
Бұдан бөлек, Президент сұранысқа ие жобалардың қосымша қорын жасақтау үшін халықаралық ұйымдармен, донорлармен және қаржы институттарымен бірлескен жұмысты күшейтудің маңызына тоқталды.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Арал тағдыры – аймақ елдеріне төнген зор экологиялық қауіп-қатер ғана емес, нақты нәтижеге жету жолындағы әрекеттердің сыналар шағы екенін айтты.
– Аймақтың тағдыры тек қана өз қолымызда, сенімді диалог пен елдеріміз арасындағы тығыз ынтымақтастыққа тікелей байланысты. Құрметті әріптестер, президенттер, қадірлі бауырлар, бәріңіз су мәселесінің маңызын жақсы түсінетін ықпалды әрі тәжірибелі азаматсыздар. Өңірде су болмаса, Орталық Азия елдерінің де күні қараң. Су жастарымыздың тұрмысын жақсартып, болашағын жарқын етеді. «Су – тіршілік көзі». Бүгінгі саммит Халықаралық Аралды құтқару қорының қызметіне тың серпін беріп, халықтарымыздың игілігі жолындағы өңірлік өзара ықпалдастықтың жаңа кезеңіне айналады деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті. 

Пікір қалдырыңыз