ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ: АЗАМАТ МҮДДЕСІ МЕН ҚОҒАМ ИГІЛІГІ

Жаңа Конституцияның еліміздің барлық азаматтарына тың мүмкіндіктер ашатыны және саяси жүйенің барлық құрылымын қоғамның ең өзекті сұраныстарына сәйкес қайта жүктейтіні туралы «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы өкілдерінің Сайрам ауданындағы белсенді ұзақ сүру орталығында аға буын өкілдерімен және әлеуметтік сала қызметкерлерімен өткізген жиында айтылды. Кездесуге Парламент Сенатының депутаттары Мұрат Қадырбек, Алишер Сатвалдиев, Түркістан облыстық мәслихатындағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Сайрам аудандық мәслихатының депутаттық корпусы, саяси және азаматтық ұйымдардың белсенділері қатысты.

Конституциялық реформалардың түпкі мәні мемлекеттік биліктің барлық тармақтарын жаңарту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамту, қоғамды әділдік, заңдылық және барлық азаматтарға тең мүмкіндіктер сияқты айқын және түсінікті басымдықтар негізінде біріктіру мәселелері кездесудің негізгі тақырыптары болды. Жаңарған Конституцияда билік институттарының құзыреттері мен функциялары нақты белгіленіп, олардың арасындағы теңгерім толық сақталғаны айтылды.

Бұл жөнінде түсініктеме берген Сенат депутаты Мұрат Қадырбек жаңа Конституцияға сәйкес, елімізде Президенттік басқару формасы сақталатынын, Мемлекет басшысы мемлекеттік аппараттың жүйелі жұмысын қамтамасыз ететін негізгі тұлға болып қала беретінін жеткізді. Жаңа Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, адамның өмірі мен қадір-қасиетін ең жоғары құндылық ретінде қорғауға баса назар аударалығаны, әлеуметтік жауапкершілікті күшейтуге, білім, ғылым және инновацияларды дамытуға басымдық берілгені атап өтілді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін трансформациялау жөніндегі міндеттерге Сенат депутаты Алишер Сатвалдиев тоқталды. Халықтық Конституция қоғамдық келісім, этносаралық диалог және халық бірлігі қағидаттарын орнықтыруға қызмет ететінін мәлімдеп, жаңа Ата заңда қамтылған Халық кеңесі Қазақстан халқының мүддесін білдіретін, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға, ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеуге бағытталған жоғары консультативтік орган болып түзілетінін жеткізді. 

Сайрам аудандық мәслихатының төрағасы Шамхат Халмурадов жаңа Конституция барлық азаматтардың білім алуын, медициналық қызметпен қамтылуын және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ететінін айтып, бұл нормалар халықтың кең қолдауына ие болып жатқанын түсіндірді.

Жиын қорытындысында сөз алған Түркістан облыстық мәслихатындағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Конституцияның өзегі болып  «Мемлекет – адам үшін» қағидаты белгіленгеніне назар аударды, адам құқықтарын сақтауға, оның мүддесін қорғауға арналған жекелеген конституциялық баптарға кеңінен тоқталды.

«Бүгінгі қоғамның басты сұраныстарының бірі – адам өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы құқықтық нормалар қабылдау. Конституцияның 24-бабында әр азаматтың еңбек ету еркіндігіне, қауіпсіз және гигиеналық талаптарға сай еңбек жағдайына, лайықты еңбекақы алуға құқығы бекітілген. Бұл норма әлеуметтік сала қызметкерлерінің де кәсіби қызметін лайықты деңгейде атқаруына, әлеуметтік қорғалуына құқықтық негіз қалайды Сонымен қатар, Ата заңның 29-бабында Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар екені және заңда белгіленген кепілдендірілген көлемде тегін медициналық көмек алуға құқық берілетіні нақты көрсетілген. Бұл – әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығын қорғауға мемлекет тарапынан берілген маңызды әлеуметтік кепілдік», - деп атап өтті Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Кездесуде азаматтардың Конституцияның жаңа жобасы, референдумның өткізілу тәртібі жөнінде қойған сауалдарына жауап беріліп, коалиция өкілдері орталық келушілері мен қызметкерлерін 15 наурызда өтетін референдумда белсенділік танытуға шақырды.
Пікір қалдырыңыз