«Уақыт бізді таңдады»
Биыл 63 жасқа қадам басқан Нұрлан Жаманқұловтың теміржол саласында жұмыс істеп жүргеніне 40 жылдан асты. Ол кезінде «Қазақстан теміржолы» АҚ Ұлттық компаниясы «Жолдар диагностикасының орталығы» филиалына қарасты вагон-лабораторияның басшысы болып абыройлы қызмет атқарды. Бүгінгі таңда М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының Шымкент колледжінде оқытушы болып қызмет атқаруда. Майталман теміржолшы студенттерге дәріс оқып, өзінің бай тәжірибесімен бөлісіп жүр...
Еңбек жолын қарапайым құрылысшыдан бастап, басшы дәрежесіне дейін көтерілген Нұрлан Жаманқұлов Ауғанстанда интернационалдық борышын абыроймен атқарған ардагерлердің бірі. Ол – Төлеби ауданындағы Майбұлақ ауылының тумасы. Алматы теміржол инженерлері институтын 1984 жылы бітірген жас маман жолдамамен Шымкент теміржол бөлімшесіне қарасты №53 жол дистанциясының бригадирі болып қызметке орналасады. Сол жылы қараша айында әскер қатарына шақырылып, Отар стансасындағы гвардиялық полктің зенитті-ракеталық баталь-онында алты айлық сержанттар курсында оқиды.
– Осы алты айлық әскери оқу және ауған жеріндегі сойқан соғыс санамызға үлкен өзгеріс әкелді. Уақыт бізді таңдаған екен, жастық шағымызды өрт шалды, – дейді Нұрлан Толқыбекұлы сұрапыл жылдарды еріксіз есіне алып. – Тағдыр жолы үнемі тақтайдай тегіс бола бермейді. Небір сұмдықтарды бастан өткерген сайын болаттай шыңдалып, өмірге деген құштарлығым арта түсті. Ұрыс кезінде біздің батальондағы біраз қаруластарым қаза тапты, кейбіреулері алған жарақаттарынан еліне мүгедек болып оралды. Жауынгерлер сонда да ауыртпалықтарға мойымады, қиындықтарға төзе білді. Қай кезде болсын, тас-түйін жинақы жүруге үйрендік. Қателік жіберіп алсаң, құрдымға кетуің оңай. Бір жыл бойы бізді ажал аңдып жүрді. Тозақ отынан аман қалғаныма шүкіршілік етемін.
Нұрлан Жаманқұлов Ауғанстандағы Бадахшан провинциясының Файзабад қаласындағы №89933 әскери бөлімінде қызмет етті. Өздігінен жүретін «ЗСУ-23 4-м» зениттік қондырғысының экипаж командирі болды. Курсты тәмамдаған соң оған сержант шені берілген еді. Н.Жаманқұлов қызмет ететін әскери бөлім Аргун шатқалында дұшпандардан тартып алынған бекіністі бірнеше ай бойы қорғап тұрды. Таудың биік шыңына тікұшақ та қона алмайтын. Оқ-дәріні және азық-түлікті тікұшақ төбелерінен тастап кететін. Ол жауынгерлермен бірге көптеген маңызды операцияларға қатысты. Әсіресе, әскери керуендерді (колонналарды) алып жүру өте қауіпті еді. Тау-тас арасында тығылып жатқан моджахедтер кез келген жерден оқ жаудыратын. Сондай сапардың бірінде екінші БМП (жаяу әскерлер машинасы) минаға түсіп жарылды. Қаруласы, талдықорғандық Марат Әлімов көз алдында қаза болды. Ал, Сергей Лазарев деген жауынгер ауыр жарақат алды. Соның салдарынан кейін екі аяғын кесіп тастады, елге мүгедек болып оралды. Нұрлан Жаманқұлов басқаратын экипаж төртінші болып келе жатыр еді. Кескілескен шайқас жарты сағатқа созылды. Төрт пулеметі бар зенитті қондырғы жаудың атыс нүктелерін түгел жойды. Қырғыннан аман қалған бұлар Файзабад қаласынан 4 шақырым қашықтықта орналасқан әскери әуежайды күзетіп тұрды...
Ауған соғысының ардагері сол күндердегі естеліктерді айтуға аса ықыласты емес. Там-тұмдап қана сыр шертеді. «Мұндай соғысты ешқашан көрмейтін болайықшы. Бейбіт күннің қадірін түсінейік, бауырым» дейді күрсініп.
Оның кеудесінде бірнеше медаль жарқырайды. Ол кешегі отты күндердің куәсі іспетті.
С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.